Бедеуліктің бірыңғай регистрі не береді?
Осыдан тура 42 жыл бұрын Англияда ЭКҰ әдісімен туған алғашқы сәби тіркелді. Адамзат басында бұл әдіске дайын болмады. Қарсылық білдірушілер «қолдан сәби жасаудың» дұрыс емесін алға тартып, жасанды ұрықтандыру әдісін қолданған дәрігерлер мен дүниеге келген қыздың отбасына шүйлікті. Бірақ бұл әдісті сәтті қолданған дәрігерлер ұзақ жылдардан кейін медицина саласы бойынша Нобель сыйлығына қол жеткізді. Бүгінде ғылыми әдіспен дүниеге келген ағылшын қызы – екі баланың анасы. Бір айта кетерлігі, баланы табиғи жолмен көтерген. Қазақстанда алғашқы ЭКҰ әдісімен дүниеге келген бала қазір 24-те, Англияда оқиды. Мамандар бұл қыздың болашақта отбасын құрса, табиғи жолмен ана болатынын болжайды. Әлемде жасанды әдіспен дүниеге келген балалар саны 8 млн-нан асса, Қазақстанда 16 000-нан асып отыр. «Экомед» клиникалар желісінің жетекшісі, Қазақстандағы ЭКҰ әдісінің негізін қалаушы репродуктолог дәрігер Салтанат Байқошқарова квота санының артуын қуанышпен қабылдағанын жеткізеді. Маманның айтуынша, бұл салаға мемлекеттен квота бөлу 2010 жылдан бастау алып, алғашында 100 квотадан беріліп, 2020 жылы 1 000 квотаға дейін артқан екен. Ал «Аңсаған сәби» бағдарламасының арқасында кезекте тұрған отбасылардың 70-80 пайызын қамтуға мүмкіндік туады. Әрбір квотаға мемлекет тарапынан 1 млн теңгедей ақша бөлініп, бір бөлігі технологияға, бір бөлігі дәрі-дәрмекке кетеді. Репродуктолог Салтанат Байқошқарова салада қордаланған мәселелерді де ашық айтады: – Біздің негізгі мақсатымыз – бедеуліктің регистрін, яғни тіркеуін жасау. Былтыр тап осы мәселені Денсаулық сақтау министрлігінің алдында көтерген болатынбыз. Біз еліміздегі бедеуліктің шынайы ауқымын әлі күнге дейін білмейтінімізді ашып айттық. Әрі әңгімені бірінші кезекте содан бастау керегін нақты факті ретінде ұсындық. Тарқатып айтсақ, репродуктивтік денсаулық мәселесі жайында біз еліміздегі әрбір бедеу жұпты цифрландыру арқылы ақпараттық дерекке енгізіп, солайша мемлекеттік регистр, база жасақтау керек дедік. Тіпті, бедеулікті емдеудің «Жол картасын» жасайық деген мәселе де көтерген болатынбыз, – дейді. Бірақ коронавирус індетінің таралуы көптеген бастаманың кейінге шегерілуіне әкеп соққан. Маман 7 000 квотаның мемлекеттен бөлінетін қаржы болған соң оның нәтижелі жұмсалып, бірінші кезекте ұрығы бар ер мен әйелге арнайы іріктеу арқылы қолданылуы керек деген пікірде. Яғни, біріншіден, жүкті болу ықтималдығы 35-40%-дан кем болмауы шарт. Екіншіден, жас мөлшері де ескерілуі керек. Дәрігердің айтуынша, жасы ұлғайған шамамен 40 жастағы әйел мұндай көрсеткіш бере алмайды. Онда олар бала сүю бақытына қалай қол жеткізеді? Салтанат Байқошқарова өз ұсынысын айтады: – Соңғы жылдағы біз көріп, естіп жатқан әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы ЭКҰ әдісін қолжетімді етуге болады. Себебі ол жүйеге әр адам салық төлейді. Әрине, сондықтан оған үміт те арта алады. Сол сақтандыру жүйесі тым болмаса жылына бір рет бір перзентке зар болып отырған отбасыларға мүмкіндік тудыруы керек. Мысалы, көршілес Ресейде осыдан бірнеше жыл бұрын-ақ медициналық міндетті сақтандыру жүйесі арқылы әрбір әйел жылына бір рет ЭКҰ-ға жүгіну мүмкіндігіне ие болған еді. Міне, сіз нәтижелі топқа жатасыз ба, жоқ па, таңдамайтын бірден-бір жол – осы. Жасыңыз 40-та ма, 30-да ма, ұрығыңыздың пайызы аз ба, көп пе, бұл жүйеде оған қарамайды. Өйткені сіз салымшысыз. Құқыңыз бар, – дейді. Қазір Ресей осы сақтандыру жүйесі арқылы бір әйелге жылына екі рет экстракорпоральды ұрықтандыру жасатуға және үш рет криоконсервация жасалған эмбриондарды жатырға енгізуіне қол жеткізіп отыр екен. Бұл өз кезегінде ел ішінде «осыншама квота бөлініп, біз неге ілікпей қалдық» деп ренжитін отбасылардың мәселесін шешуі керек. Себебі мамандар ұрығының сапасы мен жасының мөлшерін біле тұра, тәуекелге бара алмайтындарын алға тартады. Жалпы, ЭКҰ мамандары аталған жаңа бағдарлама – мемлекетіміздің демографиялық хал-ахуалын көтеруге зор мүмкіндік береді деп ойлайды.Демография: Орталық Азияда қарқынды, Қазақстанда баяу...
Отандық демограф ғалымдар Орталық Азия аумағында халық санының артуы бір жағынан жақсы үрдіс болса, екінші жағынан теріс тұстары бар үрдіс деп санайды. Демограф Әзімбай Ғали Өзбекстанда халық санының 34-35 млн-ға дейін артуы жердің шөлейттенуіне әкеп соғып, әсіресе Қарақалпақстанның шөлейтті аймаққа айналып бара жатқанына қынжылады. Ғалымның айтуынша, туу көрсеткіші 2,2 және 2,5 аралығында болса, халықтың тұрақты өсуіне әсер етеді. Ал Орталық Азияда, әсіресе өзбектер арасында бұл нормадан екі жарым есе көп көрсеткіш байқалады. Қазақстанда демографиялық өсім баяу. Себебі қазақтың 60 пайызы қалада тұрған соң орташа есеппен әр отбасы екі баладан асырмайды. Демограф Әзімбай Ғали: – Бала болмаудың үлкен қаупі – ажырасу. Қазір әрбір алтыншы некеде бала болмаса, әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталып жатыр. Әсіресе, жергілікті орыстар жиі ажырасады. Бір бала тауып, бөлек шығып жатқандар көп. Тіпті, ел ішінде екі-үш рет тұрмысқа шыққан әйелдер мен үйленген еркектер көбейіп кетті. Бұл тенденция қазаққа да келетін сияқты. Меніңше, баланың көп болуы – ажырасуға тежеуіш күш. Баласын қимайды. Екі-үш баласы барларда ажырасу қарқыны бәсеңдейді. Өкінішке қарай, ажырасу бастамасы көбіне-көп әйелдерден шығады. Әрине, әйел мен еркектің өзара дербестігі позитивті жағдай. Бірақ ұлт ретінде дамуға ажырасу кері әсер етеді. Сондықтан ЭКҰ әдісі арқылы бір бала дүниеге келсе, онда ерлі-зайыптылар отбасын сақтау шешімін тиянақтайды, – дейді. Демографтың ойынша, қазақтың ендігі өсімін оралмандар көтере алады. Себебі қазақтың өсімі орта деңгейде тек өз отбасы мүшелерінің санын көбейтумен ғана шектеледі. Ал осыншама ұлан-ғайыр территориясы бар елге қазіргі халық саны тым аз. Сондықтан Әзімбай Ғали сырттан келген қазақтарға қолдау көрсетумен қатар, демография беріп отырған оңтүстік пен батыс өңірлеріндегі жұмыс күшін солтүстіктегі ауылдарға ғана емес, моноқалаларға да қоныстандыруды ұсынады. Жалпы, дәрігерлер әлемде медициналық туризм бойынша ЭКҰ әдісін ұсынатын клиникалар көш бастап тұрғанын тілге тиек етеді. Ашық дерек көздеріне сенсек, Қазақстанда баға саясаты да тым жұмсақ. Мәселен, елімізде орташа есеппен ЭКҰ әдісіне 1 млн теңгедей қаражат кетсе, Ресейде – 2 млн, Түркияда мен Италияда – 2,5 млн, Германияда – 3 млн, АҚШ-та 7-8 млн теңгеге дейін барады екен. Елімізде ұсынылатын бұл медициналық қызмет түрі шетелдік туристер үшін арзан әрі сапалы болған соң сырттан келетін азаматтар саны артып келеді. Әсіресе, бұл әдіске Германия, Италия, Англия, АҚШ, Түркия, Ресей, Қытай, Испания, Моңғолия, Қырғызстан азаматтары тарапынан сұраныс жоғары. Ал қазақстандықтардың көпшілігі ұстанатын ислам діні жасанды ұрықтандыру әдісіне рұқсат бере ме дегенге келсек, бұған қатысты ҚМДБ-ның ғұламалар кеңесі үкім шығарған. Оған сәйкес, тек өз күйеуінің ғана ұрығын ЭКҰ әдісі арқылы қолдануға шариғи тұрғыдан рұқсат берілген. Ал жасанды ұрықтандыру кезінде донорлық қызметті пайдалану зина болып саналады. Яғни, донорлардан алынған аналық жасуша немесе ұрықты қолдану харам саналады. Мұның діни, моральдық жағынан бөлек, қаржылай тұсы да бар. Дәрігерлер бұл тұрғыдан отбасы мүшелеріне психологиялық тренингтен өтіп, моральдық-этикалық жағын ескеруге кеңес береді.