Қанды оқиға былтыр тамыз айында болған. Соттағы деректерге сенсек, қара бетперде киген бірнеше адам кәсіпкердің ауласына жасырын кіріп, бақылау камераларын күл-талқан еткен.
Үй иесін ауыр темірмен ұрып-соғып, кәмелет жасына толмаған қызы мен қызметшілерін байлап тастаған. Артынша үйдегі ақша мен бағалы бұйымдар салынған 3 сейфті үй иесінің 2 көлігіне салып алып, ізін жасырған.
Ауыр жарақаттанған кәсіпкер көз жұмды. Сотталушылар арасында кәмелет жасынан енді асқандар да бар.
Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз хатшысы Фариза Наят: «Жеке кәсіпкердің үйіне қарақшылық шабуыл жасау оқиғасы бойыша алты сотталушы 17 жыл мен 23 жыл аралығында бас бостандығынан айырылып, жазаларын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтеу белгіленді», - деді.