Жаңа оқу жылына он күн қалғанда...
Жалпы, осыдан екі жеті бұрын аймақ басшысы Бердібек Машбекұлы жаңа оқу жылына дайындық барысын пысықтап, қызметіне атүсті қарағандарды қатаң сынға алған болатын. – Жаңа оқу жылына дайындық шараларына байланысты көптеген тапсырма берілген болатын. Нәтижелер көрсетіп отырғандай, ол тапсырмалар орындалмаған. Өңірде мектептердің құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға жеткілікті қаржы бөлінген. Жоспарға сәйкес көптеген нысандағы құ-рылыстар 25 тамызға дейін аяқталуы керек. Алайда менің байқауымша, нысандардың құрылысы күзде, оқушылар мектепке баруға мәжбүр болған кезде ғана аяқталмақ. Көбісі оқу қашықтан өтеді деп үміттенуде. Сондықтан олар аса асықпайды. Осы орайда, білім беру саласындағы жұмыстардың өте нашар жүргізіліп жатқанын айта кету керек. Бұл оқулықтармен және компьютерлермен қамтамасыз етуге де қатысты, – деді облыс басшысы. Сонымен қатар ол мердігерлердердің асықпай жүргенін, аудан әкімдері, құрылысқа жауапты бөлім басшыларының мәселеге назар аудармай отырғанын айтқан еді. Облыс басшысы сырттағы мектеп дәретханаларына қатысты да сын айттты. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, олардың бәрі 1 қыркүйекке дейін мектеп ғимараттарына енгізілуі керек болатын. Бұл үшін 1,1 миллиард теңге бөлінген. Белгілі болғандай, осы уақытқа дейін 285 дәретхананың тең жартысы ғана көшірілген. Бұл орайда, Байзақ, Қордай, Меркі, Шу аудандары айтарлықтай артта қалып отыр. – Мен аудан әкімдерінің қалай тыныш ұйықтайтынын түсінбеймін. Олардың орнында болсам желтоқсан айында балалардың күн сайын көше дәретханаларына қалай баратындарын ойланатын едім. Бұл – балалардың алдында ұят, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ Бердібек Машбекұлы жауапты мамандарға олқылықтардың орнын толтыруға он күн беріп, осы мерзімде сыннан сабақ шығармағандар қатаң жазаланатынын ескерткен.Сыннан сабақ шықпады...
Облыс әкімі берген он күндік сынақтан кейін де көп нәрсе оңала қоймады. Оны кезекті жиында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың өзі ашып айтты. – Өкінішке қарай, кейбір мектеп әлі де жаңа оқу жылына толық дайын емес. Бұл дұрыс жоспарламаудан, бақылау және дайындық шараларының әлсіздігінен болып отыр. Бірқатар мектеп дәстүрлі режимде жұмыс істей алады. Алайда кейбір директор бастарын қатырып, мәселелерді шешуге құлықсыз. Олар үшін барлығын карантинге жауып, балаларды қашықтан оқытуға жіберу әлдеқайда оңайырақ, – деді Бердібек Машбекұлы. Өз кезегінде облыстық Білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелерін тілге тиек етіп, ҰБТ қорытындысының орташа көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 20,2 балға төмендегенін, ол барлық параметрге кері әсер еткенін жеткізді. – 100 балдан жоғары алған ҰБТ-ға қатысушылардың саны 24,9 пайыздан 12,1 пайызға дейін төмендеді. Егер өткен жылы ҰБТ-ға қатысқан түлектердің 12 пайызы шекті деңгейден өте алмаса, биыл бұл көрсеткіш 24,8 пайызды құраған. Әсіресе, Жуалы, Меркі, Т.Рысқұлов ауданындағы түлектер төмен нәтиже көрсеткен. 21 оқу ордасында ҰБТ-ның орташа балы 50 балдан аспаған. Бұл мектеп басшылары мен пән мұғалімдерінің өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарамауынан, түлектердің оқуға деген ынтасының төмендігінен болған. 382 «Алтын белгі» иегерінің ішінен 171 түлек қана өз білімін дәлелдеп, ҰБТ-да 100-ден жоғары балл жинай алды, – деді басқарма басшысы. Мұндай ақпарды естіген Бердібек Сапарбаев көптеген мектеп директоры өздерін білім беру мекемелерінің қожайынымын деп санайтынын, олар ҰБТ нәтижелері, оқушылардың білім сапасы мен мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселесі үшін бас қатырғылары келмейтінін қатаң сынға алды. Басқосуға онлайн режимде қатысқан облыстық Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов болса, мектеп директорлары өздері басқарып отырған оқу орнының рейтингін төмендетпеу үшін бұзақы оқушылар туралы нақты ақпарат бере бермейтінін ашып айтты. Ал жазасыз қалған тентек оқушылар тәртіп бұзуын жалғастыра береді.Әкім ешкімді аямады
Міне, осылайша жаңа оқу жылына дейін екі мәрте кеңес өткізіп, кемшіліктерді өзі тізіп шыққан Бердібек Машбекұлының шыдамы таусылды ма, Білім басқармасының басшысы мен аудан әкімдеріне бір-бір жазаны арқалатып жіберді. Жалпы, биыл облыста 95 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал 285 білім беру мекемесі жылы дәретханалармен қамтамасыз етілуі тиіс. Алайда 42 мектепте ішкі дәретхана орнату жұмыстары аяқталмаған. Кесте бойынша көптеген нысан жаңа оқу жылының басында тапсырылуы керек болғанымен, сылбыр жұмыстың салдарынан құрылыс жұмыстары кешіктірілуде. – Ешкім тығырықтан шығатын жол іздемейді. Барлығы қашықтан оқытуға ұмтылады. Дәстүрлі оқыту түріне қайта көшуге қанша мектептің мүмкіндігі бар екені туралы әлі күнге нақты ақпарат жоқ. Бізде ондай мектеп аз емес. Айталық, екі мыңнан астам бала оқитын Тараз қаласындағы №12 мектеп-гимназиясында кезекші топтарда бар-жоғы 60 бала оқиды, – деді облыс әкімі. Ал аудан әкімдері бар кінәні мердігерлерге сілтеп, ақталуға тырысты. – Бір компания бірден 22 нысанда жұмыс істейді. Құрылысшылары аз, сондықтан үлгермей жатады. Біз жұмысшылар тауып беруге көмектестік, бірақ әлі де кестеден қалып келеміз, – деді Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков. Алайда бұл жауап аймақ басшысын қанағаттандыра қоймады. – Жұмыс барысын басынан бастап қадағалау керек еді. Мұны кеш түсініп, енді кінәлілерді іздей бастадыңыздар. Судан құрғақ шыққыларыңыз келеді, – деген Бердібек Сапарбаев дәл осындай ескертулерімен Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбековті де сыбап алды. Бұл ауданда 21 мектепте жылы дәретханамен жабдықтау мәселелері шешілмеген. Ал дәстүрлі түрде оқитын оқушылардың үлесі тек 7 пайызды құрайды. – Меркі ауданындағы №44 орта мектепте жұмыс 57 пайызға ғана орындалған. Кейбір мектептегі жағдай одан да төмен. №11 орта мектепте атқарылған жұмыс көлемі 60 пайыздан аспайды. Шу ауданындағы бір мектептің жөндеу жұмыстары тек 44 пайызға ғана аяқталған. Сіздердің ойларыңызша, бұл қаншалықты дұрыс?! – деді облыс әкімі. Бұдан бөлек, өңір басшысы Қордай ауданы мен Тараз қаласындағы жағдай да көңіл көншітпейтінін баса айтты. Осындай олқылықтарды көзге шұқып тұрып көрсеткен Бердібек Сапарбаев жиын соңында бұған дейінгі ескерту мен сыннан сабақ шығармағандардың «сыбағасын» үлестіріп берді. Атап айтсақ, Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков пен Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбековке қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту берсе, Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұлов пен Білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергеноваға сөгіс жарияланды. Ал Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев пен Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулетке ескерту түріндегі жаза тағайындады. P.S.Жайшылықта жұмысы сынға алынғанда оны ақылға емес, мақұлға салатын басшылар бұл жолы қызметте қалқып жүрсе, ешкім басынан сипамайтынын түсінгендей. Ал Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков пен Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбековтің бұл карантин кезіндегі екінші ескертуі екенін ескерсек, қос әкімнің басына қара бұлт төніп тұрғандай. Сондай-ақ Білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергеноваға да жұмысын ширатпаса болмайды. Өйткені ол басшылық қызметке келгеннен бері жұмысына облыс әкімі тарапынан да, қара халықтан да көп сын айтылуда.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы