Ұлы ұстаз Мұқаң – Мұхтар Әуезов: «Әр газеттің өзінің бет-бейнесі болуы керек» деп еді. Сондай өз қолтаңбасы, өз бет-бейнесі бар газеттердің көшін бүгінгі «Егемен Қазақстан», «Айқын» сынды бас басылымдар бастап тұр
Өзіміз көзін көріп, дәрісін тыңдау, ол – ол ма, сұхбат алу бақыты мен жауапкершілігі пешенемізге бұйырған ұлы ұстаз Мұқаң – Мұхтар Әуезов: «Әр газеттің өзінің бет-бейнесі болуы керек» деп еді. Сондай өз қолтаңбасы, өз бет-бейнесі бар газеттердің көшін бүгінгі «Егемен Қазақстан», «Айқын» сынды бас басылымдар бастап тұр. Осы газеттердің сан жылдардан бергі тұрақты оқырмандары бұл басылымдардың аты жазылған бірінші беті жұлынып қалса да қалған беттеріндегі материалдарға қарап-ақ сүйікті газетін бірден таныр еді. Өйткені бұл басылымдардың М.Әуезов айтқан өз бет-бейнесі, өзіне тән өзгеше қолтаңбасы бар. Бұл басылымдардың ажарын ашып, абыройын асқақтатып тұрған тағы бір жағымды жағы елдің көңілінде жүрген өте өзекті, өткір мәселелерді көтере білетіні. Оған мысал келтіріп, көзіқарақты оқырманның уақытын алмай-ақ, күні кеше ғана, 11.09.2019 жыл «Айқынның» 139 санында «Ірілік қайда, ұлылық қайда?» деген атпен жарияланған, Гүлзина Бектастың аса көрнекті суреткер Дулат Исабековпен сұхбатын айтар едік. Мұнда көтерілген мәселенің аса маңыздылығын таратып айтпай-ақ оны жіберіп алғандар болса, міндетті түрде оқуын өтінер едім. Оқып қана қоймай газет дер кезінде көтерген мәселеге үн қосса, нұр үстіне нұр!
Классиктің аты – классик! Дулат досым айтар ойын жалпылама баяндамай, өз көзімен көрген, өзі куә болған «оқиғалар» арқылы қорғасын құйылып, алшы түсер асықтай көкейге қона кететін ой, сезімдермен шебер, өрелі өріпті. Содан да жүректен шыққан жазушы сөзі қаламынан жыр болып төгіліп, оқушы жүрегіне нұр болып құйылып тұр.
Жазушы айтқан ол «оқиға» атақты ақындар Сырбай Мәуленов пен Тоқаш Бердияров арасындағы түсінбеушілік болатын. Өлеңі Сырбай Мәуленов бас редактор болып отырған «Жұлдыз» журналына тез жариялана қоймады деп ақын ағасына есіктен ентелей кіріп, айғайға басқан Тоқаш сөзге тоқтамайды. Соған ашуланған Сырағаң Тоқашқа: «Өлеңіңді оқымаймын да, журналға жарияламаймын да» дейді. Тоқаш бұлқан-талқан болып, есікті қатты жауып кетіп қалған. Сәлден соң ашуы басылған Сырағаң поэзия бөлімінің меңгерушісі Бекен Әбдіразақовты шақырып алып: «Иттің баласы жақсы поэма жазыпты. Менің көлігіме отырып баспаханаға ұш! Мынаны жылдам бетке салыңдар» депті.
Осындай бір «оқиға» менің де басымнан өтті. Атақты жазушы, менен жасы да, жолы да, дәрежесі де үлкен (сол кезде Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы) Сейітжан Омаровтың «Балзия» атты повесін еліміздің бас газеті «Социалистік Қазақстан» газетінде (қазіргі «Егемен Қазақстан») қатты сынадым. Жастығым болар, жай сынап қана қоймай, ащы мысқылмен әжуаладым. Арада ай өтпей жатып менің «Қазақстан» баспасына тапсырған қолжазбамды баспа басшылары Сейітжан ағаға пікір жазуға беріпті. Сейітжан аға болса мені «талантты, болашағы зор» деп мақтапты. Егер ол кісі қолдамаса қолжазбаны баспа кері қайтарып беретін еді. Нәтижесінде, сол қолжазба 1966 жылы «Қазақстан» баспасынан «Қайырлы таң» деген атпен «Сейітжан ағаның «Қайырлы қадам, сәт сапар» деген алғы сөзімен жарық көрді. Бұл менің алғашқы кітабым еді.
Дулат Исабеков пен мен баяндаған осы екі «оқиға» нені көрсетеді? Бұл сол кездегі адамдардың ірілігін, ұлылығын айтып тұр. «Жақсы адамның ашуы жібек орамал кепкенше, жаман адамның ашуы басы жерге жеткенше» дейді халық даналығы. «Ұлылар ғана кешіре алады» депті Махатма Ганди.
Оралып өтуге болмайтын тілші қойған тағы бір орынды сұрақ:
– Демек, бізге талантты қадірлеу, адамды құрметтеу сияқты мінездер жетіспейтін секілді. Өзгеріс неден басталады?
Бұған жазушы былай деп жауап беріпті:
– Ашу-ызаны, өкпені ақылға жеңу жетіспейді. Одан кейін ақша табудың жолына түсіп кеттік. Алдап табасың ба, арбайсың ба, өтірік айтасың ба, ақша жейсің бе, әйтеуір байысаң болғаны. Мәселен, танымал жазушы мен бір бай адам көліктен түсіп жатса, ел кімді қарсы алар еді? Немесе ақшасы көп банкирді алайық. Банкирдің алдынан адам көп шыға ма, жазушыны қарсы алатындар көбейе ме? Міне, мәселе осыдан басталады. Қазір адамдар сын көтере алмайды. Қалам ұстағандардың да басында бар.
Дұрыс жауап. Келіспеске дәтіңіз жоқ.
Осыдан бірер жыл бұрын ел газеті «Егемен Қазақстанда» менің «Сағындым, сені алыптар», күні кеше «Алыптар жайлы үш үзік сыр» атты мақалаларым (19.08.2019 жыл) жарияланған еді. Ол мақалалардағы ойлардың Дулат досымның ойларымен үндес шығып, оқырмандардан жылы сөздер естіген қуанышымды «Егеменнің» ұжымымен бөлісе кетсем айып етпеңіздер.
Сөз түйіні «Айқын» өте маңызды мәселені дер кезінде көтеріп отыр. Қолдайық! Жұртшылық пікірін туғызып, жағымсыз әдеттерден арылып, ірілікке, ұлыққа ұмтылуға қасиетті, киелі сөздің қуатын тиімді пайдаланайық. Әлемді билейтін – Сөз, Сөзді билейтін – Ақын. «Сөз қалаларды да қиратады, Сөз күнді де тоқтатады» демеп пе еді Гумилев. Қасиетті кітапта да «Әуелі Сөз болған» деп жазылған.
Кірлеп бара жатқан жан дүниеміз бен көңілімізді киелі Сөздің ақ жауыны жусын! Тірі болайық, ірі болайық! «Болмасаң да ұқсап бақ, бір жақсыны көрсеңіз» дейді ғой ғұламалар. Елдің бәрі ұсақ емес, арамызда ірілер де, ұлылар да бар: әттең-ай, әттең сол алмасты асылдар алтындай аз.
Алла жар болып, алдымыздан ақ тусын!
Аман болайық!
Сәбит ДОСАНОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты