Нұр-Сұлтанның бизнес дәуірі басталды

Нұр-Сұлтанның бизнес дәуірі басталды

Нұр-Сұлтан қаласы бизнес үшін қолайлы қала дейміз, алайда жергілікті кәсіп­кер­лер үшін астанада әлі де шешілмеген проблемалар бар. Мәселен, шикізат импорты, құрал-жабдықтың жетіспеуі, инфрақұрылымның дамымауы мен білікті кадрлардың жоқтығы бизнесті дамытуға қолбайлау болып тұр. Бұл туралы кәсіп­кер­лердің жыл сайын өтетін конференциясында айтылды. Биылғы – алтыншы кон­фе­ренцияда астаналық кәсіпкерлер бас ауыртып, балтыр сыздатар мәселелерін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновке тікелей жолдауға мүмкіндік алды.

Сонымен, астаналық биз­нестің өзекті мәселелері не де­генге келсек, бизнес субъек­ті­лері нысандарын инженерлік желілерге қосу 2017 жылдан бері шешілмеген. Жер теліміне құ­қықты заңдастыру ұзаққа со­зылады. Мысалы, жер телімінің иесі меншік құқынан бас тарт­қан соң, құрылыс салуға құжат­тарды рәсімдеуге 6-10 ай уақыт жоғалтуға тура келеді. Үш жасқа дейінгі балаларға арнал­ған жекеменшік балабақ­ша­лар­ды қаржыландыруға мем­ле­кет­тік сатып алу қарастырылмаған.

Аталған мәселелерді шешу үшін Нұр-Сұлтан қалалық кә­сіпкерлер палатасының ди­рек­торы Алмат Жүнісов елордалық бизнестің интерактивті порта­лын құру қажет деп санайды. Оның айтуынша, шағын қар­жы­ландыруда да проблема бар­шылық. Мәселен, «Еңбек» өнім­ді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасының да қаражаты аздық етіп отыр екен. Аталған бағдарлама шең­берінде жыл сайын шамамен 800 млн теңге бөлінеді. Ал биз­нес үшін 5 млрд теңгеге жуық қаржы қажет екен.

– Біз бұл мәселені бюджетте қарастыруды өтінеміз. Себебі елордада сауда бизнесінің жа­былуы жиілеп барады. Біз мұ­ның себептерінің бірі – құзі­рет­тің жоқтығы және қаржы­ла­н­ды­рудың мардымсыздығы деп ойлаймыз. Қала шекарасы ке­ңеюінің қажетті динамикасын ескере отырып, қала төңірегін­дегі бизнесті тартуды ұсынамыз. Осы орайда, біз бизнестің интерактивті порталын құруды ұсынамыз. Кәсіпкерлер аталған қала картасынан инвестицияға, не болмаса кооперацияға мұқ­таж кәсіпорындар барлық са­рап­тамасын көре алады. Бұл ке­лешекте бизнеске даму век­торын және нақты бір жобаның та­быстылығын түсінуге мүм­кіндік береді, – дейді Алмат Жүнісов.

Оның дерегінше, астанада шағын және орта бизнестің 129 мың субъектісі бизнеспен айналысады. Олар жалпы өңір­лік өнімнің 58,8 пайызын қа­лыптастырып отыр. Астананың шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі Қазақстан өңірлері арасында ең жоғары көрсеткішті құрайды. Осы жылдың 7 айында елорда бюджетіне салықтың 68 пайызы немесе 366 млрд теңге шағын және орта бизнестен түскен.

Бұл деректерді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгі­нов те растап отыр. Әкім сөзіне сенсек, соңғы 10 жыл ішінде елордада шағын және орта биз­нес субъектілерінің саны 5 есеге артып, 130 мыңға жеткен. ШОБ субъектілерінің өнім шығару кө­лемі де өсіп келеді. Санмен айт­сақ, 800 млрд теңгені құ­рай­ды. Оның ішінде жеке сек­тор­дың көлемі 90 пайызға жеткен.

– Елордада, әсіресе, жеке­мен­шік балабақшалардың саны артып келеді. Қалада 213 жеке­меншік балабақша, одан бөлек 22 590 оқушыға арналған 13 же­­кеменшік мектеп бар. Сол сияқ­ты жекеменшік емханалар да көбейген. Астаналықтар са­нының өсуіне байланысты әлеу­меттік қажеттіліктерге сұраныс та арта түсетіні заңды. Дәл қазір­гі уақытта Нұр-Сұлтан қала­сын­дағы халық саны 1,1 миллионды құрайды. Бұл ша­ғын және орта бизнестің да­муына мүмкіндік береді, – дейді қала әкімі.

Елорда халқының көбеюі, бизнес субъектілерінің артуы кәсіпкерлік нысандар орнала­сатын аумақтың ұлғаюына ық­пал ететіні даусыз. Бұл ретте, қала басшысы ел астанасындағы ар­найы экономикалық аймақ­тың аумағы кеңейетінін жет­кізді.

– Бұл әсіресе, құрылыс биз­несіне арналған жақсы мүмкін­дік болады. Оның үстіне, астана экономикасының негізгі драй­вері – құрылыс саласы. Бізде бірінші индус­триалдық парк жақсы жұмыс істеп тұр, бірақ ол 97 пайызға то­лықты. Осы орай­да, «Ата­ме­кен» ҰКП-мен бір­ле­сіп екінші индус­триал­дық парк­ті салуды қарас­тырып жатыр­мыз. Оның көлемі 400 гектарды құрайды, са­лынатын жері де, қау­лысы да дайын. Енді инже­нерлік-ин­фра­құрылымдық құжаттарын дайындап жатыр­мыз, – деген Алтай Көлгінов астанада «бір терезе» қағида­сымен жұмыс іс­тей­тін «Бизнес­ке арналған үкі­мет» кеңсесі ашылатынын да жеткізді.

«Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Нұр-Сұлтан бизнес қаласына айна­лады деген үмітте.

– Бұған дейін шенеуніктер қаласы болса, енді ол бизнес қала­сына айналып барады. Бұл жерде мүлдем басқа инфра­құ­рылым, адамдар басқаша өмір сүреді. Бүгінде Нұр-Сұлтанда жоғары оқу орындарының 52 мың студенті бар. Меніңше, бұл сан жыл сайын ұлғая береді. Сондықтан біз студенттерге қа­жетті барлық инфрақұры­лымды жасауымыз қажет, – деген ол адам капиталын дамыту сапасы елорда мәртебесіне сай болуы тиіс екенін жеткізді. Бұл біз сөз басында тілге тиек еткен білікті кадрлар жетіспеушілігі мәсе­лесіне қатысты.

«Атамекен» басшысы бар­лық сатып алуларға отандық өн­дірушілердің қатысуы ма­ңызды екенін атап өтті.

– Біз қарапайым заттар эко­номикасы жобасын жетілдіріп жатырмыз, онда осы мәселелер қарастырдық. Өндіретін немесе өндіруді көздейтін, ұзақ мер­зім­ді келісімшарттарды жасау үшін сатып алуларға қатысатын кә­сіпорындарға жүйелі қолдау көр­сетеміз, – деді Тимур Құлыбаев.

Есте болса, осыдан бірнеше жыл бұрын астананың азық-түлік белдеуін құру қолға алын­ған болатын. Бұл орайда, Астана қаласының азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөніндегі 2018-2021 жылдарға арналған жол картасы бекітілгені белгілі. Ста­тистика комитетінің дерегінше, елорда тұрғындарының азық-түлік тауарларының негізгі түрлеріне қажеттілігі ең төменгі нормалар бойынша, шамамен, 635 мың тоннаны құрайды. Қа­лаға қажетті азық-түлікті аста­наның айналасындағы азық-түлік белдеуі аймағынан, еліміз­дің басқа өңірлерінен өндіру және жеткізу, сондай-ақ импорт есебінен өтеліп келеді. Азық-түлік белдеуі аймағына Ақмола облысының 17 ауданы (Аршалы, Ақкөл, Атбасар, Ас­трахан, Бұ­ланды, Егіндікөл, Біржан сал, Ерейментау, Есіл, Жақсы, Жар­қайың, Зеренді, Қорғалжын, Целиноград, Сан­дықтау, Шор­танды, Бурабай) және Қара­ған­ды облысының 4 ауданы (Абай, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров) кіреді. Алайда аталған жол кар­тасы күткен нә­тиже бермей отыр­­ған сыңайлы. Себебі Т.Құ­лыбаев «елордада өнімді өңдеу, сақтау орындары жоқ, өткізу жол­ға қойылмаған» деп санайды.

– Сондықтан әлеуметтік кә­­сіпкерлік корпорациялар кә­сіпкерлермен бірге осы мәсе­лені назарға алып, Көтерме-та­рату орталықтарын құрып қой­май, ауыл шаруашылығы өнім­дерін өңдеу және ұзақ сақтау жолда­рын ойластыруы керек. Мыса­лы, Ресейде азық-түлік сақ­та­у­дың тиімді жүйесі жұмыс іс­тей­ді. Өнімді жинау науқа­нында олар осы азық-түлік өнім­дерін жүк көліктерімен алып кетеді де, азық-түлік өнім­дерін ұзақ сақтау жүйесі арқылы маусым­дық баға құбылуының алдын алып, бағаны реттеп оты­рады. Осы тәжірибеге сүйеніп, елор­даға жақын орналасқан облыс­тарда агробіліктілік орта­лық­тарының ашылуын талап етеміз, онда маусымдық баға құбылуын болдыртпау үшін өңдеу және сақтау қосындары болуы керек. Осы орталықтарды дамытып, елордаға қажетті өнім­дерді өндіреміз. Ол үшін бізде қажетті ресурстар: су, жер және ма­мандар жеткілікті. Осы мәселені назарға алып, жұмыс­ты қала әкімдігімен үйлестіру қажет, – деді ол.

ҰКП басшысы конферен­цияда елорда туризмін дамы­ту­дың 2020 жылға дейінгі бағдар­ламасын жаңартуды ұсынды. Оның пікірінше, әкімдік ин­фра­құрылымды жақсартуға қолдау көрсетсе, бизнес өкіл­дері қажетті қаржыны бөліп, турис­тік ин­фрақұ­ры­лымдарға, қоқыс жә­шіктері мен дә­рет­ханаларға қолжетімділікті, автобустармен, гидтермен қам­тамасыз ету се­кіл­ді мәселелерді шешуге дайын.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ