Отандық терең өңдеу саласымен жақын интеграцияланған жағдайда қой шаруашылығы еліміздегі экспортқа бағытталған ірі индустрияға айнала алады. Бұл өз кезегінде ауылдық жерлерде 1 420 000 тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Ол үшін ауылдарда қолжетімді баспаналар тұрғызу қажет. Әлеуметтік тұрмыстық инфрақұрылымды агроқалашықтарды дамыту маңызды. Ауылдарда мектеп-интернаттар салу, жеке қосалқы шаруашылықтарға арналған фермерлік мектептер ашу, орта техникалық білім беру жүйесін дамыту, ғылым, жоғары білім және шаруашылықтардың байланысы арқылы еңбек өнімділігін арттыру қажет. Біз бағдарламада осыларды жоспарладық. Бағдарламаны жүзеге асыруға Ауыл шаруашылығы министрлігі ғана емес, жұмыспен қамту, экология және білім беру салалары да қатысуы керек. Яғни, бізді алда Үкіметпен бірлескен үлкен жұмыс күтіп тұр.
– Сіз айтқан жоспарды жүзеге асыру үшін инвестиция қажет. Ал қой шаруашылығына инвестор келеді деп ойлайсыз ба?
– Білесіз бе, қой шаруашылығы – мал шаруашылығы ішінде инвестициялық жағынан ең тиімді сала. Егер әлемде мал шаруашылығында инвестициялық тартымдылығы жағынан бірінші орында құс өсіру, екінші орында шошқа өндіру тұрса, бұл екеуі біздің елде жүрмейді, ал үшінші орында қой шаруашылығы тұр. Төртінші орында жылқы, бесінші орында ғана сиыр шаруашылығы тұр. Бұл менің сөзім емес, Дүниежүзілік банк жасаған рейтинг нәтижесі. Сондықтан егер инвестор келсе, бірінші қой шаруашылығын таңдайды. Қазақ «Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп тегін айтпаған. Қой шаруашылығының жылдық қайтарымы, өсімталдығы өте жақсы. Сондықтан қой шаруашылығына инвестор келеді деген есеппен бағдарлама шеңберінде бірнеше инвестициялық жоба ұсынып отырмыз. Оның ішінде бір ауысымда 300 ұсақ малға есептелген ет комбинаты, бір уақытта кемінде 5 мың мал сыятын мал бордақылау алаңы мен қуаты тәулігіне 300 бас ұсақ малды құрайтын ет өңдеу кәсіпорындарын құру сияқты жобалар бар.
– Жасыратыны жоқ, елімізде ата кәсібіміз – қой бағуды қор санайтындар көп. Мұндайда бұл шаруашылықты дамыту қалай жүзеге асар екен деген күдік те жоқ емес. Қойшы мәртебесін көтергіңіз келгеннен болар, өзіңізді қайда жүрсеңіз де, «қойшымын» деп таныстырасыз. Елімізде қойшы мәртебесін көтеру үшін не істеу керек?
– Иә, қой бағуға көбісі намыстанады, ұялады, мен соларға өзімді қойшы ретінде таныстырамын. Қойшы да мұғалім, дәрігер, ғарышкер сияқты маман екенін түсінсе деймін. Осы қой шаруашылығын жүргізу үшін мемлекеттік қызметті де тастап кеттім. Ал қойшы мәртбесін қалай көтереміз? Ол үшін қой шаруашылығына жаңа технологиялар әкелген жөн. Қойшының айлығы жақсы болуы керек. Қойшының баққан малы сапалы, пайдасы мол болса да мәртебесі көтеріледі.
Біз ауылдарда жаппай жұмыс_пен қамту үшін жайылымдық қой өсірушілер мәртебесін көтеруді ұсындық. Қойшы мәртебесін көтеріп, жайылымдық мал шаруашылығына мамандар тартып, оларды ұстап қалу үшін «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» заңның 18-бабына түзету енгізу ұсынылды. Ол түзетуге сәйкес, жайылымдық мал шаруашылығы субъектілерінің жалдамалы қызметкерлері мен мың бас малы бар жеке және кооперативтік қойшыларға жеңілдіктер ұсынылады.
Қазіргі қойшыларға қатысты жеңілдіктерді қайта қалпына келтіру үшін бағдарлама авторлары ҚазақКСР үкіметінің 1991 жылғы қаулысын негізге алуды ұсынды. Соған сәйкес, қой шаруашылығымен айналысатын ер азаматтарға – 55 жаста, кемінде 25 жыл жұмыс өтілі, оның ішінде кемінде 12 жыл 6 ай аталған жұмыста істеген болса, ал әйелдерге – 50 жасқа шыққанда және кемінде 20 жыл жұмыс өтілі, оның ішінде кемінде 10 аталған жұмыста істеген болса, зейнет демалысына жіберіледі. Олар жұмыс істеген кезде жайылым учаскесінде қосалқы жайлары бар қызметтік баспананы тегін алады. Шаруашылықтың немесе жергілікті бюджеттің қаражаты есебінен үй салып беру, бұл нысан мал шаруашылығында 10 жыл жұмыс істегеннен кейін қызметкердің жеке меншігіне беріледі. Жас қойшы отбасыларына және жайылымдық мал шаруашылығының басқа да қызметкерлеріне (30 жасқа дейінгі) жеке қосалқы шаруашылығын құруына арнап тегін бір сиыр мен 10 қой беру және алғашқы бір жылда жемшөппен қолдау, жанар-жағармай, коммуналдық қызметтер мен электр қуатының төлемдерінен босату.
Бағдарлама жүзеге асса, кәсіби білікті 606 582 маман, оның ішінде жоғары білімді инженерлік-техникалық қызметкер мамандардан 6 790 адам және техникалық-кәсіптік білімі бар 599 792 маман, сондай-ақ 600-800 мың қара жұмысшы жұмыспен қамтылады. Жемшөп дайындаудан бастап, дайын өнім өндіруге дейінгі салалық жалпы еңбек нарығында айына 350-400 АҚШ долларына дейінгі ең төменгі жалақымен 1,2 млн жұмыс орны құрылады.
Ауылдағы ағайынға неше жылдан бері малды асылдандыру, малды түрлендіру жұмыстары жүрмей келгендіктен, мал ұсақталып кетті, сиырымыз ешкі, ешкіміз лаққа айналған заманға жеттік. Бұған жайылымдардың пайдаланылмауы да ықпал етті. Оның үстіне, қой шаруашылығы мен оның өнімін тұтынушы азық-түлік және тоқыма индустрияларымен арадағы интеграция жойылған, шикізат дайындау инфрақұрылымы да жоқ. Ал оны қалпына келтіру үшін әуелі мал басын көбейту қажет.
Жоғары сапалы тұрмыстық және еңбек ету жағдайын қамтамасыз ете отырып, халықтың 32 пайызы ауылдық жерлерде тұрақтап қалады. Жұмыс күші ауылдық жерлерге қайта оралады, ал ауыл халқының тіршілігі қала тұрғындарымен теңеседі. – Жуырда Шотландияда 6 айлық тексель сұрыпты қошқар 365 000 фунт-стерлингке (200 млн теңге) сатылғаны туралы ақпарат тарады. Ал бізде 200 млн демей-ақ қойдым, 2 млн теңгеге бағаланатын қошқар бар ма? – Әрине, бар, біз бірінші аукционымызда бір қошқарды 1 300 000 теңгеге өткіздік, сопақ бас деген аты болған. Тағы бір қошқарымызды 1 400 000 теңгеге сұрап жатыр, мен оны бағасын көтеріңдер деп бермей жүрмін. Ондай малды асырауға мүмкіндік бар, қолдан келеді. – Келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексіне енгізілген мораторий күшін жояды. Осыған орай, Президент жолдауында «Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды», – деді. Ал қазақстандықтарға сатыла ма, жоқ па деген мәселе ашық қалды. Сіздің пікіріңізді білсек... қазақ шаруасына жер сатылуы керек пе? – Президенттің жерді шетелдіктерге жекеменшікке беруге болмайды дегенімен толық келісемін. Бірақ қазақ шаруаларына малмен айналысу үшін нақты құрал керек, сол құрал – жер. Жерді пайдалану керек, әйтпесе жеріміз бос қалады. Ауылдан соңғы 10 жылда 1 млн адам көшіп кетті, 1 500 ауыл босап қалды. Бұл – дабыл қағарлық жағдай. Сондықтан да ауыл-аймақ пен ұлан-байтақ жеріміз бос қалмауы үшін, сол жерде қазақ қалатын амал жасауымыз керек. Ол амал – жекеменшік құқығы, егер жекеменшік құқығы болса жерге, шаруа сол жерде қалады. «Кісідегінің кілті – аспанда» болғандықтан да, қазақ шаруасы жерге қол жеткізе алмай отыр. Өйткені жерді әкім-қаралар, жер комиссиясы бөліп береді. Ал жердің қалай бөлінетініне қатысты мәселе көп. Әкім-қаралардың туыс-туғандарынан артылмайды да, қазақ шаруасы қағыс қалады. Қазақ шаруасы ешкімге тәуелді болмауы керек, ал тәуелсіздік дегеніміз – дербестік, жекеменшік. Сондықтан қазақ шаруасында жекеменшік болуы керек деп санаймын. – Мұхтар Тайжанмен болған пікірталаста бір-біріңізді латифундистердің өкілі деп айыптадыңыздар. Сіз «жер – қазақтыкі» дедіңіз, Мұхтар мырза «жер – халықтыкі» деді, екеуіңіздің айтып отырғаныңыз бір халық емес пе? Сосын сіз латифундиске жатасыз ба? – Біріншіден, мен латифундиске жатпаймын, қарапайым қойшымын. Екіншіден, екеуміздің айтып отырғанымыз – екі халық, ол кімнің салығын жеңілдетті, жерді кімнің арендаға алуына мүмкіндік жасады – міне, сол адамдарды айтып отыр. Ол сол адамдарға мың, миллион гектар жерді жалға алып бермекші, олар – басқа қазақтар. Ал менің айтқаным – қазақтың нақты шаруалары. Мұхтар Тайжан мен сияқты қазақ шаруаларын адам құрлы көрмейді, ол қазақ шаруалары субсидия алудан басқаны білмейтіндер деп санайды. Бәлкім, оның айналасындағы адамдар сондай шығар. Ал мен сізге айтайын, нағыз қазақ шаруаларының оннан бірі ғана субсидияға қол жеткізіп отыр. – Сіз «қазақ шаруасы» деген сөзді жиі қолданасыз. Сол қазақ шаруасының портретін жасап беріңізші, ол қандай шаруа? Оның латифундистен қандай айырмашылығы бар? – Қазақтың шаруасы жалға алған ары кетсе 100 гектар суармалы жері бар, 200 гектардай тәлім жері, 300-400 гектар мал жаятын жері бар шаруа. Мен айтып жүрген қазақ шаруасының бейнесі – осы. Ал субсидия алып жатқан, жүздеген мың гектар жері барлар қазақтың шаруасы емес, олар үлкен агроқұрылымдар. Оларға да ары кеткенде 500-1000 гектар жерді жекеменшікке беруге болады. Өйткені олар да жерге қаржысын салады, үлкен құрылыс тұрғызады. Олар да осы елдің азаматтары, үлкен көлемде салық төлеп, экономиканың дамуына үлес қосып жатыр. Бүгін олардың жалға алып отырған 500 мың – 1 млн гектар жерін басы бүтін жекеменшікке беруге болмайды. Көп дегенде 1 мың гектар жер беруге болады. Қазақтың шаруасында қолы әрең жеткен бір тракторы бар, оны алам деп қарызға батып қалған. Қазақтың кей шаруасында трактор да жоқ. Бірақ жер емейін деген ниеті бар, ауыртпашылықтарға қарамастан, қазақ жерін қорып жүр. Жерден өнім алып, елді асырауға үлес қосып отыр. Міне, осы шаруаларға жер керек. Оларға беретін жер жоқ дегенмен келіспеймін. Жоғарыда Қазақстандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің көлемі 206 млн гектар дедім ғой, міне соның 101 миллион гектары ғана игеріліп жатыр. Сонда 50 пайыздан астам жер игерілмей тұр. Сондықтан қазақ шаруасына беретін жер жоқ деген сөз айтылмауы керек. Ол қандай жер, қай жақта, оны қалай алуға болады, ол екінші мәселе. Анығы сол, игерілмей жатқан жер жетеді. Сол жердің игілігін ел болып көруіміз керек.Сұхбаттасқан Халима БҰҚАРҚЫЗЫ