Ақын-жазушылардың бас ауруына айналды ма?
Ақын Байбота Қошым-Ноғай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «Қазір мемлекеттік сыйлыққа шығармасын автордың өзі ұсынатыны ешқандай құпия емес. Әрине, олардың бәрі де Жазушылар одағының қолдауына сүйенеді. Осы мемлекеттік сыйлық біраз ақын-жазушыларымыздың бас ауруына айналғаны рас. Әжептеуір ақша ғой енді. Шамалы уақыт талғажау қылады, аздаған абырой алып береді дегендей. Осы сыйлықты ала алмадым деп уайымдап, жүрегіне салмақ түсіріп өліп кеткендер де бар. Ал алғандарының ішінде біреулері бұл абыройға лайықты, біреулері лайықсыз. Оны мен айтпасам да, елдің бәрі біледі» деп жазады. Бұл сыйлыққа кім лайық, кім лайық емес, оны анықтайтын комиссия бар. Мүмкін, бар гәп осы комиссияда шығар. Белгілі ақын Ғалым Жайлыбай: «Мемлекеттік сыйлық – екі жылда бір рет берілетін үлкен марапаттардың бірі. Осы сыйлық басталғалы әңгіме де, күбір-сыбыр да көбейіп кетеді. Бұрын әдебиет пен өнер саласында бес-алты адамға дейін берілетін еді. Кейінгі кездері жалғыз сыйлыққа байлап қойды. Осы сыйлыққа ұсынылудан бастап қателіктер бар. Қаламгер Жазушылар одағы немесе қоғамдық ұйым арқылы өзін-өзі ұсынады. Украинаға Шевченконың тойына барғанда байқадым, онда мемлекеттік сыйлықты анықтайтын арнайы комитет жұмыс істейді екен. Екі жылда шыққан ең үздік шығармаларды олардың өздері таңдайды. Лайық деп танылған үміткерді сыйлық алуға бір-ақ шақырады. Ал бізде ең үлкен мәселе – комиссияда. Ол жерде ақын-жазушыларды білмейтін адамдар да отырады. Оның ішінде суретшілер де, мүсіншілер де бар. Олар тапсырылған шығармаға дауыс береді. Олар үміткердің бәрінің шығармаларын оқып шығады дегенге сенбеймін. Сондықтан комиссияның құрылымы қайта қаралуы керек. Ол үшін мемлекеттік сыйлықтың ережелерін өзгерту керек деп ойлаймын», – дейді. О баста бұл сыйлықты Кеңес үкіметі ойлап тапқан еді. Ол кезде сталиндік сыйлық деп аталды. Қазақстанның Халық жазушысы Қадыр Мырза Әлінің «Ақын-жазушыларды бір-бірімен сыйлыққа таластыру үшін ойлап табылған дүние» дегені бар-ды. Кейде қаламгерлердің бір-біріне «өкпелеп» кетуінің де сыры осында ма деп ойлайсың. Оның үстіне, соңғы жылдары мемлекеттік сыйлыққа лайық шығарма жазылған жоқ деген де пікірлерді ара-тұра оқып қоямыз. «Ешкімнің көңіліне келмей-ақ қойсын, Қазақстан тәуелсіздік алғалы бірде-бір қазақ жазушысы «Абыржымен» иық теңестіретін трилогия жаза алған жоқ! Мен бұл сөзді ол туындыны үш-төрт рет қайта оқыған редакторы ретінде айта аламын», – дейді ақын Байбота Қошым-Ноғай.Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылатын шығармалардың арасына ғылыми еңбектер де еніп кетеді. Жазушы таза ғылыми кітаптар көркем әдебиетке араласпауы керек екенін айтады. «Бұл мемлекеттік сыйлық – көркем әдебиетке берілетін марапат. Көркем әдебиет дегеніміз – поэзия мен проза. Мүмкін оған эссе де кіретін шығар.
«Абыржы» – эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатыровтың ұзақ жылғы тынымсыз ізденісінің жемісі. Жазушының көз майын тауысып жүріп жазған көркем дүниесі. Алайда бұл шығарма да сыйлыққа ие болған жоқ.«Дауысы» есептелмейтін комиссия
Белгілі жазушы Дулат Исабеков «Тәуелсіздік алған жылдары берілген мемлекеттік сыйлық пен қазіргі мемлекеттік сыйлықтың айырмасы жер мен көктей», – дейді. «Алғашқы кезде комиссия мүшелері кітапты қолдарына алып, пікірлерін қағазға жазып алып, басқосуда талқылап, талдап жататын еді. Содан талас туатын, әркім өзінше дауысын беретін. Қазір кітап оқымай, комиссия шешім шығаратын кезең туды. Жазбаша пікір жазылмайды. Кітаптың бетін ашпаған күйі комиссияның отырысына барады. Барлығы «көңіл күймен» шешіледі. Әрқайсысы ауызша «келісім» жасайды. Бұдан кейін әділетсіздік тумағанда не істесін? Осылайша, мемлекеттік сыйлықтың берілуі тым сапасыз деңгейге жетіп қалды», – дейді. Одан бөлек, бұрын бір рет сыйлыққа ұсынылған шығармалар қайта басылып, қайта «таласқа» түсетін деңгейге жетіпті. «Бір рет комиссиядан құлаған шығарма арада бірнеше уақыттан кейін қайта ұсыныла береді. Оны неге тіркейді? Бір құлап қалған шығарманы қайтадан тіркеу – заңсыздық. Ал біз сол заңсыздыққа көзжұмбайлықпен қараймыз» деп күйінеді жазушы. Тіпті, комиссияның дауысы есептелмейтін де жағдайлар болған секілді. «Биыл мен комиссияда жоқпын. Жоқ болғаныма түк өкінбеймін. Өйткені қанша жылдан бері комиссияға мүше болып келе жатырмыз. Шын мәнінде, біздің дауысымыз есепке алынбайды», – дейді Дулат Исабеков. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылатын шығармалардың арасына ғылыми еңбектер де еніп кетеді. Жазушы таза ғылыми кітаптар көркем әдебиетке араласпауы керек екенін айтады. «Бұл мемлекеттік сыйлық – көркем әдебиетке берілетін марапат. Көркем әдебиет дегеніміз – поэзия мен проза. Мүмкін оған эссе де кіретін шығар. Қазір публицистикалық мақалалар, зерттеу мақалалар, ғылыми мақалалар жинағы да мемлекеттік сыйлыққа ұсынылатын болды. Көркем әдебиет дегеннің критерийлері бөлек емес пе?», – дейді.Әдебиетке ар өлшемімен қарайтын уақыт жетті
Белгілі сыншы Құлбек Ергөбек: «Мемлекеттік сыйлық бір кезде маңдайымызға басқан ең абыройлы сыйлығымыз болған. Өткен шақта айтып отырған себебім, бұл сыйлық осы күнде қадір-қасиетінен жұрдай болған, өзінің ұстанымынан айнып кеткен, сыйлық аты қалғанын сездіреді. Бір кездері осы мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссия мүшесі болғанмын. Кейін өз шығармам ұсынылғанда комиссия мүшелігінен шығарды. Бұл әділеттік деп ойлаймын. Соған қарамастан сол жолы сыйлық ала алғаным жоқ. Екі рет түстім. Біріншісінде ұсынылғандардың қатарында Төлен Әбдік бар еді. Айтқанымдай, сол жолы сыйлықты Төлен Әбдік алды. Бәйгеге қатысқан азаматтардың қай-қайсысына да өзіміз алғандай қуандық. Бұл – әдебиетке ар-өлшемімен қарайтын заман еді. Екінші рет мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған тізімнен өзімді алдыртып тастадым. Өйткені сол жолы ол сыйлықты кім алатыны белгілі болған еді», – дейді. Жалпы, сыншы сыйлық неге әділ берілмейді деген сауалға, оның бір себебі мемлекеттік сыйлықтың өз өлшемдерінен айнып кеткенінде екенін айтады. «Оның бір өлшемі – көзі тірі өнер, ғылым қайраткерлеріне беріледі деген еді. Дүниеден өтіп кеткен ақын-жазушыларға да бердік. Бұрын мемлекеттік сыйлыққа шығарма Жазушылар одағының секциясында әбден талқыланып, талданып барып ұсынылатын еді. Оның өзінде бір-екі шығарма баратын еді. Биыл бұл сыйлыққа 24 шығарма ұсынылып отыр. Біріншіден, қазақ әдебиетінде өрлеу, өсу жоқ. Соған қарамастан 24 автордың шығармасын қабылдап, талқылаймыз деп отырған комиссия мүшелерінде де ұят қалмаған сияқты. Менің бұл сыйлыққа деген екінші бір теріс көзқарасым осы.Үшінші, мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссияда елге әбден танылған, ұлтымыздың ұяты, әдебиетіміздің ары деп айтуға тиісті қаламгерлер, өнер марғасқалары отыруы керек. Олар өзіне де, өзгеге де адал болуға тиіс. Әлсіз комиссия мүшелерінен әділетті шешім шығады деп айтуға қиналатын жерім – осы» дейді сыншы. Құлбек Ергөбек мемлекеттік сыйлықты көзі тірі қаламгерге емес, қайтыс болған ақын-жазушыға, оның өзінде уақыт тезіне шыдас берген, тарихтың қойнауында шаң басып қалып қоймай, ұрпақтардың талғамына жауап беріп, қайта жарияланып, қайта басылып, сахнада қайта жүріп жатқан шығармаларға берсе жөн болар ма еді деген ойды айтады. «Қазір біздің жазушылар «менен Тынымбай артық жазады-ау» деп ойлай қоймайды. Жүрсін Ерман – ғажайып талантты ақын. Құлап қалды деп естідім. Ол неге құлайды? Пәленбай адам комиссия мүшесі. Оның бәрі уақытын бөліп, сол 24 шығарманың бәрін оқып шығады дегенге өз басым иланбайды. Бұрын мемлекеттік сыйлыққа ән жанрдан бір-бір шығарма ұсынылатын. Есесіне, қазақ әдебиетінің барлық жанры қамтылатын еді. Қазір ондай емес. Бір жылы поэзия, бір жылы проза, тағы бір жылы балалар әдебиеті, сосын әдебиет сынына берілетін еді. Кейде сатириктер ұсынылатын. Алдымен мемлекеттік сыйлық жөнінде комитеттің отырысы болып, мұның принциптерін қайта анықтау керек. Әйтпесе, соңғы жылдары ортадан төмен шығармаларға берілетін болды. Шығарманың тілін білмейтін, комиссия мүшелерінің тілін табатын адамдар алатын секілді. Қазіргі қазақ қоғамын сыбайластық, сыбайлас жемқорлық, дүниеқоңыздық жайлап кеткені сияқты біздің мемсыйлықты да немқұрайдылық, сыбайластық иектеп алды. Мемлекеттік сыйлық алу бұрын абырой еді. Бүгінде бұл марапатты алу біртүрлі абыройсыздыққа айналып бара жатқан секілді. Біз Туымызды, Әнұранымызды қалай құрметтесек, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығы деген ұғымды да соншалықты қастерлеуіміз керек» деген пікірді алға тартады. P.S.Қазақстандағы мемлекеттік сыйлық – майлы жілік секілді. Мұнда жазушының жасына, денсаулығына, шыққан өңіріне қарай қиюластырып беру ісі жалғасып келеді. Негізі, сыйлықты кім мықты, сол алуы керек. Мейлі, ол 15 жастағы жасөспірім бола ма, жас жазушы бола ма, өлшем – әдеби туындының өзектілігі мен көркемдік шеберлігі тұрғысынан қаралуы тиіс. Дәл қазіргідей «жабық» жағдайда әдеби өлшемдердің, кәсіби шеберліктің, шын мықтының анықталуы өте күмәнді. Сондықтан мемлекеттік сыйлықты ұсыну, іріктеу, беру қағидаттары заманға сай ашық жүйе арқылы қалыптастырылуы керек секілді. Онсыз өкпелі қаламгерлер қатары әсте азая қоймайды.
Айым БЕКТҰР