Шетелдерде ойнап жүр талай қазақ баласы
Шетелдерде ойнап жүр талай қазақ баласы
370
оқылды
Осы жылы шетелдегі айтулы чемпионат­тарда бағын сынауға көптеген қазақстандық футболшы кетті. Бүгінде олардың саны рекорд­тық көрсеткішке жетті. Иә, расымен еуропалық клубтарда өнер көрсетіп жүр­ген отандастарымыздың саны күн са­нап артуда. Бұрын ішкі біріншіліктен (қомақты ақша үшін) айналшықтап шық­пайтын футболшылар осы жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің спортшылары бір-бірінің чемпионаттарында легионер ретінде саналмағаннан кейін, шет ел асатын үлкен мүмкіндік туды. Ал бұл қазақстандық фут­бол­шылардың Еуропада атой салатын кезі келді деген сөз. Әзірге футболшы ретінде даму үшін жасалған алғашқы қадамның да нәтижесі көріне бастады. Алдымен алғы шепте жүрген, жақында ғана команда ауыстырған Бахтиер Зай­нутдиновті ерекше атап өткен жөн. «Астана­дан» «Ростовқа», «Ростовтан» ЦСКА-ға барған отандасымыз Ресей біріншілігінде сәтті өнер көрсетіп қана қоймай, бірін­шіліктегі үздік футболшылардың бірі атанды. Бүгінде футболшыға қызығушылық танытып отырған командалардың қатары күн өткен сайын артып келеді. «Ордабасыдан» кетіп «Ахмат» ойыншысы атанған Марат Быстров та Бақтиермен бір біріншілікте доп теуіп жүр. Жаңа командасына келе сала негізгі құрамнан ойып тұрып орын алды. Жетістік емей немене? Ел футболының мақтанышына айналып үлгерген Бауыржан Исламхан да Біріккен Араб Әмірліктерінің біріншілігінде доп тебетін жалақысы жоғары «жұлдызды» ойыншылардың қатарында. Әр матч сайын «әл-Айнды» алға сүйреп келеді. Осындай мықты футболшыларымыздың арқасында 1-2 жылдықта ұлттық құра­мамыздың да деңгейі көтерілері сөзсіз. Оны футболшылары шет елде ойнайтын Еуропаның кез келген құрамасынан анық  байқауға болады. Бізде де сол үрдіс басталып жатыр де­сек, қателеспейміз. Енді жоғарыда атта­рын атаған футболшылардан бөлек, өзге чемпионаттарда төбе көрсетіп жүрген бірқатар футболшыға да тоқталып өтейік. Юрмалалық «Спартакта» Самат Сәрсенов, «Чайкада» Рамазан Оразов, «СКА-Хабар­овскта» Арман Кеңесов, «Беерсхотта» Ян Вороговский, «Вислада» Георгий Жуков, «Рухта» Владислав Васильев, «Сочида» Акмаль Бахтияров, «Зимбруда» Данил Кузнецов, «Раднички Пиротта» Изат Құлжанов, «Сумгайтта» Карам Сұлтанов, «Лорида» Тимур Рудосельский, «Тюменьде» Тимур Байжанов пен Антон Куксин, «Белшинада» Максим Грек бақ сынап жүр. Жақында Исламбек Куаттың да жаңа командасы белгілі болады. Ал қыздардан Юлия Мясникова ЦСКА-да, Аида Гайстенова «Зенит» сапында өнер көрсетеді. Мұның өзі біз үшін үлкен жетістік саналады. Үздік клубтарға ауысқан футболшылар көбейген сайын Қазақстан ұлттық құрамасындағы бәсекелестік те арта  түс­пек. Міне, әзірге шетелдік клубтарға көз тіккен футболшылардың легі осындай.  Дегенмен келесі футбол маусымы бастал­ғанша әлі талай айтулы өзгерістер бо­лып, отандық футболшылардың асығы алшысынан түсер деген үміттеміз.   AliӘли БИТӨРЕ,  спорт шолушысы: – Кейінгі уақытта қазақ футбол­шылары­ның шетелде доп те­бу­ге ынталары артып, елдегі «комфорт зона­дан» шы­ғып жат­қаны көңіл қу­антады. Бұрынғыларды айтпағанның өзінде, былтырдан бері 10-нан аса футболшымыз шетел біріншілігінде өнер көрсетіп келеді. Олардың ішінде ең сәтті трансферді «Тараз»  бен «Астананың» бұрынғы ойыншысы Бақтиер Зайнудтинов жасады деп сеніммен айта аламын. Алғаш Ресейдің ортаңқол командасы саналатын «Ростовқа» барып, күні кеше солтүстіктегі көршіміздің ТОП клубының бірі ЦСКА-ға ауысты. Бұл бір жағынан футболшының өзіне де, ұлттық құрамамызға да оң әсер етеді. Бақтиер қазір нағыз футболда кемелденетін жасына жетті. Тағы бір-екі жылда шеберлігін шыңдаса, Еуропадағы алпауыт клубтардың көзіне түсетіні анық. Жалпы, ЦСКА сату арқылы мол табысқа кенелетініне көз жеткізгені үшін сатып алды ғой. Келісімшарт та бекерге 5 жылға жасалған жоқ. Футболшының өзі де ЦСКА арқылы Еуропаға жол ашылатынын біледі. Сондықтан бұл ауысымды, әзірше, қазақ футболындағы ең сәтті трансферлің бірі деп есептейік. Ал ең сәтсіз трансфер Бауыржан Исламхан мен Исламбек Қуатқа тиесілі деп ойлаймын. Бұл – менің жеке пікірім. 2013 жылы жарты маусым болсын,  Ресейде ойнап келген ол кейінгі 7 жыл ішінде Қазақстанда доп тепті.  Бұдан ары қарай өспейтінін біліп, тағы да Ресей чемпионатында бақ сынап көргісі келді. Алайда бұл жолғы талпынысы сәтсіз болды. Қазақстанға қайта келгісі келмегендіктен, Еуропа жақтан жөні түзу ұсыныс болмаған соң Бауыржанға Біріккен Араб Әмірліктерінен басқа таңдау болған жоқ. Ал 27 жас Еуропада футболшылар үшін егде жас саналатынын жанкүйерлер жақсы біледі. Жұрттың бәрі Роналду немесе Месси емес қой, 30-дан асса да, кез келген команда қызығушылық білдіретін. Сондықтан Бауыржан Исламхан Қазақстанға қайта оралғанша, өзін басқа чемпионатта сынап көру үшін шетел асты. Исламбек Қуат та Еуропа клубтарына жарамайтын болған соң, ТМД елдерін жағалап жүр. Тіпті, қазір ешқандай клубтың иелігінде емес. Ересектерге қарағанда кез келген жерде әрқашан жастарға мүмкіндік беріледі. Сол үшін Исламханның, Қуаттың және тағы басқа жасы 30-ға жақындаған футболшының шетел асқаны қуанатын ха­бар емес. Жастар кетіп жатса, қуануға болады. Қазір шетел чемпионаттарында өнер көрсетіп жүрген футболшылар аз күнде ұлттық құрама жейдесін киеді. Қанша дегенмен олардың біріншілігінің деңгейі біздікінен әлдеқайда жоғары. Футболшы үздік лигаларда ойнауының арқасында тәжірибе жинайды. Ал ол түптеп келгенде ұлттық құраманың жоғары жетістікке қол жеткізуіне септігін тигізеді.   YalixanУалихан ҚОСАНБАЙ, спорт коментаторы –Еуразиялық эко­номикалық одаққа мүше елдердің футбол­шылары бір-бірінің біріншілігінде легионер саналмағалы расында біздің футболшыларға жақсы болды. Олар соның арқасында шетелдік командаларға ауыса бастады. Акмаль Бақтияров, Карам Сұлтанов, Исламбек Қуат (енді ауысады), Бахтиер Зайнутдинов, Самат Сәрсенов, Рамазан Оразов, Арман Кеңесов және тағы басқалары қазір өзге чемпионаттарда ойнап жүр. Бұл жігіттердің болашағына үмітпен қараймын. Қазіргі кезде «Сочи» коман­дасында ойнап жүрген Бақтияровтың ойыны ұнайды. Біраз уақыт қосалқы құрамда отырып қалған ойыншы жақында негізгі құрамнан орын алуға тырысатын болады. Командамен арадағы келісімшартын ұз­арт­ты. Демек, клуб басшылығы фут­болшыға сенім артып отыр. Ал таяуда ғана ЦСКА сапына ауысқан Зайнутдинов әзірге Қазақстан ұлттық құрамасының ең үздік футболшысы деуге болады. Ол ақырындап мәскеулік команданың негізгі футболшысына ай­налып, ары қарай Еу­ропаға кететін шығар деп ойлаймын. Исламбек Қуатқа әзірге тәуір клуб табылмай тұр. Әйтпесе ол да Ресейдің ортаңқол деген командаларында ойнай ала­тын футболшы. Осы орайда Ян Вороговскийді ерекше атап өткім келеді. Ол бүгінде бельгиялық «Беерсхоттың» негізгі құрамынан мықтап орын алды. Командамен Бельгияның бірінші лигасынан Жоғарғы лигасына көтерілді. Командасы қазір көшбасшылардың қатарында келеді. «Қайраттан» шыққан жас ойыншылар Сәрсенов пен Оразовтан да үміт күтуге болады. Дер кезінде шетел асып кетті. Шамалы тәжірибе жинап, өздерін жақсы жағынан көрсетсе, бұл футболшылар да мықты командалардан шақырту алып қалар.  

Абылайхан ЖҰМАШ