Телеарнаның хабарлауынша, Шымкентте тойханалар, оқушыларға сабақ оқытатын мектепке айналып жатыр. Карантин басталғалы табыстан қағылған тойхана иелерінің алды салтанат сарайын кәдеге асыруға шешім қабылдады. Зәулім салтанат сарайы енді жекеменшік мектеп болды. Кең бөлмелері ықшамдалып, сынып бөлмесіне ыңғайластырылды. Парталар да қойылған. Тақта ілінген.
Ғимарат қожайыны қала әкімдігіне өзі ұсыныс жасапты.
Ғимарат иесі, жеке кәсіпкер Есбол Қамбаров: «Шілде айының соңында өтініш жаздық. Содан кейін әкімнің қаулысы шықты. Негізгі мақсатын, бәрін ауыстырдық. СЭС-тен бәрінен комиссиялар келді, лицензияларын алдық. Қазірге енді сыйымдылығына қарай қабылдап жатырмыз. Түбегейлі мектеп болады. Әзірге балалар ақысыз оқиды», – дейді.
Кәсіпкер бұл қадамға сауап үшін де барып отырғанын қосты. Бизнесмен карантин басталғалы айына 15-20 млн теңгедей табысынан айырылған. Қазір мұнда 530 балаға орын әзір тұр. Дүйсенбіден бастап оқушылар сабақты бастайды. Карантин талаптарына сәйкес кезекші сыныптар келеді.
Бұрынғы тойхананың 860 адам сиятын биіктігі 9 метр болатын үлкен зал қос қабатқа бөлінбек, сөйтіп сынып бөлмелеріне айналдырылады. Әдемі ғимаратта бала оқыту ата-аналарға да ұнаған.
Ата-ана Эльмира Намазова: «11-класс оқиды осы жерде қызым. Енді арғы жақта № 80 мектепте бала өте көп. Қашаннан бері көп болып жүрген. Осы жақа келген өте дұрыс болды», – дейді.
Жергілікті шенеуніктер кәсіпкердің бұл ұсынысын қос қолдап қолдаған. Шымкентте әлі күнге 19 мектеп үш ауысымда бала оқытып отыр. Шенеуніктер бұл бастама өзге тойхана қожайындарына да үлгі болса дейді.
https://youtu.be/YvHm0odDA7A