«Біз дипломдық жұмысымызды жазуды бастағанда жазда оқытушымызбен байланысу қажет болды. Бірақ олардың жұмыстан шығып кеткенін естідік. Университетке хабарласып, ешқайсысымен сөйлесе алмадық. Қыздар басқа оқу орнына ауысқысы келгенде, олардың құжаттарын бермеді. Осылайша, халықаралық қатынастар факультетінің 14 студенті Білім және ғылым министрлігіне жүгіндік, қалған студенттер қалаға енді келіп жатыр», – дейді 4-курс студенті Шыңғыс Кәрімов. Студенттердің өтініші негізінде Білім және ғылым министрлігі 6 сарапшыдан тұратын тексеру тобын құрған. ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Жұмашев: «Тамыздың аяғында министрлікке «Астана» университетінің 14 студенті өтініш жазды. Университетте оқытушы жоқ, ғылыми жетекшілерді жұмыстан босатып, олардың орнына басқа маман бермеді, дипломдық жұмыс тақырыбын бекітпедік деген шағымдар түсті. Бітірген студенттер дипломын ала алмай жүр, басқа ЖОО-ға ауысқысы келсе де, осы университеттен құжаттарын ала алмаған. Енді біздің министрлік тарапынан 6 сарапшыдан құралған комиссия құрды. Бүгін жоспардан тыс тексеру жүргізуге келіп тұрмыз. Қазір 1,5 сағаттай уақыт өтті, ЖОО ректоры Алматы қаласына біліктілігін арттыру семинарына кетті дейді. Ректордың орынбасарлары жоқ. Олардың кейбірі ауырып жатыр дейді, кейбірін Кадр бөлімінің басшысы қайда екенін білмеймін деп жауап берді. Заңнамаға сай, университет өкілі құжаттармен танысып, актімізге қол қоюы керек. Біз оған өтініштің мән-жайын айтып, таныстыруымыз керек. Заңгердің келуін күтіңіздер деді, келген заңгер де толық аты-жөнін айтпады, құжатын көрсетпеді. Құжатымызды көрсету үшін біз оның кім екенін білмейміз. Әзірге 1,5 сағат өтті, университеттің бірде-бір өкілі шыққан жоқ», - деді. Оның айтуынша, студенттердің шағымынан соң, жоспардан тыс тексеру басталды. «Бұған дейін министрлік тарапынан бірнеше тексеру болған. Биыл ақпан айындағы жоспарлы тексеруде университет тексеру жұмыстарына кедергі жасаған еді. Біздің өкілдеріміз хаттама толтырып, сотқа жіберді. Сот университетке 100 АЕК әкімшілік айыппұл салған. Дәл осындай жағдай былтыр да болған. Бүгінгі тексеру бойынша да, ЖОО басшысы өтініште көрсетілген мәселелердің негізсіз дәлелдеуі қажет. Дәлелденбеген жағдайда, өтініште айтылған фактілер расталса, БҒМ хаттама толтырып, тағы да әкімшілік жаза – айыппұл салынады. Одан кейін ЖОО лицензиясы уақытша тоқтатылады. Министрлік құзыретінде лицензияны 1-6 айға дейін уақытша тоқтатуға болады. Сол көрсетілген мерзімде бұл университет ескертулерді жоюы тиіс. Жойылмаған жағдайда ЖОО лицензиясын кері қайтару шарасы қаралады. Қазіргі уақытта біздің міндетіміз – лицензияны қайтарып алу емес, студенттердің шағымын тексеру, комиссияның басты жұмысы осы», – деп түсіндірді Ғалымжан Жұмашев. Студенттер шағымына «Астана» университеті Қабылдау комиссиясы жауапты хатшысының орынбасары Алмас Халилов жауап берді. «Пандемияға байланысты университет аккредитациядан кеш өтті. 11-13 тамыз аралығында аккредитациядан өтіп, 28 тамыздан бастап биыл бітірген студенттер дипломын алып жатыр. 10 қыркүйектен бастап, оқу жылы толығымен басталады. Қазір пандемияға байланысты көп оқытушы ауырды, өкінішке қарай бір оқытушы қайтыс болды. Сол себепті, мұғалімдер аурудан жазылып, 10 қыркүйектен бастап, жұмысына кіріседі. Университет сайтында барлық телефон көрсетілген, тұр, студенттер соған хабарласа алады. Оқу бөлімі транскрипт бермей жатыр деген шағым болды, академиялық күнтізбеге сәйкес әр студент 25 тамызға дейін басқа оқу орнына ауыса алады. Шағым туралы қазір ғана біліп тұрмыз, заңгеріміз құжаттарды қарап, жазбаша түрде жауап береді», – деді А. Халилов.