Соңғы уақытта көпбалалы аналар Министрліктер үйінің маңына жиі жиналатын болды. Олардың арасында баласы мүгедек әйелдер де, жалғызбасты аналар да бар. Барлығы да әлеуметтік мәселесінің шешілгенін қалайды. Тіпті осы айда екі адам талап-тілегін көпірге шығып жеткізуге тырысты. Оның бірі – тепсе темір үзетін жігіт, отбасылы, бала-шағалы. Екіншісі – көпбалалы келіншек. Екеуінің де талабы бір – кезексіз баспаналы болу. Заңға сүйенсек, талаптары жөнсіз. Бірақ солай екен деп, бұл мәселені жылы жауып қоюға тағы болмайды.
Мемлекет көмектен қашпайды
Қалай десек те, қос кейіпкер, шынымен, суицид жасамақ болды ма әлде осы әрекеттері арқылы билік назарын өздеріне аударғысы келді ме, ол жағы өздеріне мәлім. Дәл қазіргі уақытта оларға қатысты қоғам пікірі қақ жарылып тұр. Көпірден секірем деген жігітті жігерсіз деп жазғырғандар да, келіншекке қарата бала тапқанын міндет етпесін деушілер де бар. Әркім өзінің сана деңгейінде саралайды және оған құқылы. Осы бір сүреңсіз оқиғаларға қатысты атқарушы биліктің де айтар өз уәжі бар. Олар біз заңнан аттай алмаймыз дейді. Себебі көпірден секірмек болған келіншектің баспана кезегіне тіркелмегені анықталған.
– Біз өтірік сөйлемейміз, артық уәде бермейміз. Бірақ қолымыздан келгенше көмекті аямаймыз. Жағдайым нашар, кезегімді күте алмаймын деген азаматтарға демеушілер арқылы көмектесіп жатырмыз. Мемлекет көмектен қашпайды. Бес күн айғайласам, он күн айғайласам үй береді деу – дұрыс емес. Кезекте 47 600 адам тұр, біз олардың құқын қалай бұзамыз? Олар бірнеше жылдан бері үй кезегінде тұр, кезегін күтіп еңбек етіп жүр. Мемлекет олар үшін баспана салып жатыр. Сондықтан бәрін ақылдасып істеуіміз керек, – дейді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.
Қала басшысы көпірден секірмекші болған жігітпен кездесіпті. Оған «Еңбек» бағдарламасы бойынша Солтүстік Қазақстан облысына жұмысқа тұруды ұсынғандарын айтады. Ол жақта баспана да, жұмыс та беріледі. Бүгінге дейін солтүстік өңірге елордадан 160 адам қоныс аударып үлгеріпті.
Олар – мемлекет болашағына
еңбек етушілер
Осындайда тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңі еске түседі. Елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайы бүгінгіден де ауыр болды. Алайда үкіметке талап қойып, суицидке барған аналар туралы естіген емеспіз. Керісінше, бала-шағасын үйде қалдырып, ала сөмкесін арқалап, саудаға шықты. Ал бүгін ше? Егер Конституцияда жазылғандай, мемлекеттің басты байлығы адам екенін ескерсек, халық санын көбейтуге үлес қосып отырған аналарды жазғыруымыз жөн бе?
Еуразия ұлттық университеті әлеуметтану кафедрасының доценті, әлеуметтану ғылымының кандидаты Рамазан Салықжанов бұл көпбалалы отбасылардың ғана мәселесі емес дейді.
– Олардың балалары – біздің ертеңгі асыраушыларымыз. Сондықтан көпбалалы аналар мемлекеттің болашағына еңбек етушілер деп түсінуіміз керек. Егер үкімет оларға жағдай жасай алмаса, қиын-қыстау кезеңде қол ұшын соза алмаса, онда ол үкіметтің не жағдайы, не ниеті жоқ. Осы жағдай аналарды ашындырады. Мұның себебі мемлекет халықтың өсіп-өнуін, әл-ауқатын, дамуын бағдарлауда бала санының өсуін, оларды бағып-қағушылардың, яғни әке-шешесінің жұмысы мен баспанасы болуы үшін жағдай жасауды болжамауы, болжаса да соны орындамауынан туындап жатыр, – дейді ол.
Оның айтуынша, тоқсаныншы жылдардағы қиыншылық халықтың барлығының басында болды. Әлеуметтік жағдай Алматыдан ауылға дейін бірдей күйде еді. Ал бүгінгі қоғамда әлеуметтік, материалдық айырма бар. Үлкен де, кіші де соған налиды.
– Менің жағдайым неге бұлай, бәріміз бір ортадан шығып едік қой деген сұрақ мазалайды оларды. Шынында, біз неге екіге жарылдық? Себебі кезінде біреулер пысықтық танытты, бармақ басты, көз қыстымен орасан зор қаржы мен мүлікті иеленіп, бүгін соның арқасында күн көріп отыр. Мұны білетін халық, әрине, ашынады. Қалай дегенмен де, бұл мәселені шешу қажет. Балабақшамен, мектеппен қамтамасыз ету, үлкендердің жұмыспен, баспанамен қамтылуын жоспарлау қажет. Ауылдарды дамыту өте маңызды. Ауыл халқын мегаполис үш қалаға тығып тастаудың қажеті жоқ. Жабылып жатқан ауылдарды сақтап қалып, дамытудың негізін қалыптастырған жөн. Себебі қазақта атажұрт, қара шаңырақ деген түсінік бар. Елдімекендердегі үй саны елуге жетпейді деп жауып тастауға болмайды. Үйдегі төрт ұлдың үшеуі қалаға кетсе, біреуі қара шаңырақта қалады. Бұл – біздің дәстүріміз, болмысымыз. Ал біз ауылда жұмыс жоқ деп бәрін қалаға әкеліп жатырмыз. Олар қалаға келген соң тамыры жоқ ағаш сияқты солып, соңында бүгінгідей әлеуметтік мәселемен бетпе-бет келеді. Одан да өңірлерді дамытып, халықты жұмыспен қамтуды ойластырса, мұндай мәселе туындамас еді, – дейді әлеуметтанушы.
«Пәтерді Үкімет басшысы да бере алмайды»
Өткен жұма күні Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев алдағы үш жылдың ішінде көпбалалы отбасылардың пәтер мәселесі толықтай шешілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, министрлік көпбалалы аналардың баспана мәселесін екі жолмен шешпек көрінеді. Алдымен «Бақытты отбасы» бағдарламасымен несие алып, үй сатып алуға мүмкіндік беріледі. Бұл бағдарламаға қатысуға табысы жетпегендер болса, олар үшін жалға берілетін тұрғын үйлер салынады.
– Қазіргі уақытта көпбалалы отбасы ретінде пәтер кезегінде тұрған 40 мың адам бар. Жыл сайын 6 мың пәтер салмақпыз. Биыл ондай 8 мың үй салынады. Келесі үш жылдың ішінде Президент тапсырмасына сәйкес, баспана кезегі мәселесін шешеміз. Сондықтан сабыр сақтау керек. Жергілікті әкімдік белгілеген кезек бар. Ол кезектің алдына ешкім шыға алмайды. Пәтерді мен де, министр де, Үкімет басшысы да бере алмайды. Өйткені заң бар, – дейді ол.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» табысы төмен отбасылар үшін биыл іске қосылған «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы 2 500 адамның өтінішін қанағаттандырған. Қазір олар үй іздеп, құжаттарға қол қойып, несие алып жатыр екен. Ал 455 отбасы жаңа үйлеріне кіріп, қоныс тойын тойлап жатыр. 2020 жылдан бастап «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы 10 мың отбасы баспаналы болады деген жоспар бар.
Топтағы адамда
дербес ойлау дағдысы болмайды
Көпірден секірмек болғандарды құқық қорғау органдарының қызметкерлері әупірімдеп аман алып қалды. Адам мұндай қадамға еріккеннен бармайды десек те, өз өмірін бәйгеге тігіп көпірге шығу, ақылға қонымсыз. Жазатайым аяғы тайып кетсе, қайтер еді? Жалпы, адам мұндай қадамға қалай барады? Біз бұл сауалды психолог Лимана Қойшиеваға қойдық.
– Егер бұл мәселені ғылыми тұрғыда талқыласақ, онда психиатр ғалым Зигмунд Фрейдтің жеке тұлға қандай да бір топтың ішінде болғанда, сол топтың психологиялық ықпалына көнгіш болатыны туралы айтқаны еске түседі. Жалпы, жеке тұлға топ ішіне түскеннен бастап, бұрынғы қалпынан өзгеріп, мүлде басқаша ойлайтын, басқаша әрекет жасайтын күйге түседі. Себебі ол психологиялық қауымның жетегіне еріксіз еріп кетеді. Француз психологы Гюстав Лебон да индивидтер өмір салты, білімі, мінезі, әлеуметтік жағдайы түрлі-түрлі бола тұра, бір топқа түскенде сол топтың рухын сіңіріп алатынын айтады. Соңғы айларда билікке талап-тілегін алаңға барып білдіріп жүрген әйелдердің ортақ чаты бар. Жеке әйел чатта айтылатын проблемаларды оқиды, тыңдайды, сөйтіп көтерілуге үндеп жатқандардың ығына жығылады. Үнемі сол топта жүрген, топтың әңгімесін тыңдап жүрген соң дербес ойлау немесе әрекет ету дағдысынан айырылады. Демек, әр тұлға өзінің идеясы мен сезімі болса да топтың тұтас мүшесіне айналады. Мұны психологиялық вирус деп айтады. Ол вирус адамды агрессивті тұлғаға айналдырады. Адам бұрын-соңды өзінде болмаған мінезді көрсете бастайды. Себебі ол топқа түскеннен кейін жеке бас жауапкершілігін ойламайды. «Бізге не істей алады?» деген ой басым болады. Он адамның ортасына түскенде өзін қаһармандай көреді. Революция кезінде жоғары тұлғалар емес, қарапайым адамдар отқа түсіп кеткен ғой. Өйткені топ ішінде жүргенде олардың өзін-өзі сақтау инстинкті бой көрсете алмай қалады. Қауым ішінде өзін күш-қуаты мол сияқты көреді. Өзін құрбан етуге дайын тұрады. Топта жүрген адам шындық пен өтірікті ажырата алмайды, себебі санамен ойлау болмайды. Оның әрекеті топтың мәселесін шешетіндей түрлі әрекетке барудан тартынбайды, – дейді ол.
Лимана Қойшиеваның айтуынша, әйелдер талап қойған жиынға психологтардың шақырылғаны жөн. Әйелдермен келіссөзге ерлерден гөрі әйелдер барғаны дұрыс. Ең бастысы, ашынған адамға, соның ішінде әйелге, көп жағдайда, эмоциялық қолдау, жылы сөз керек.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ