Сенат төрағасы Дариға Назарбаева мен Ресей Мемлекеттік Думасының төрағасы Владимир Володинмен, Федералдық жиналыстың Федерация кеңесі төрағасының орынбасары Ильяс Умахановпен кездесуі барысында Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығын тереңдете түсудің келешегі талқыланды.
Жүздесушілер екіжақты қатынастардың оң қарқынын айта келіп, Қазақстанның елордасында өтіп жатқан Еуразия елдері парламенттері спикерлері Кеңесінің маңызына тоқталды.
Дариға Назарбаева екі елдің жоғарғы палаталарының арасындағы Ынтымақтастық комиссиясының тиімділігін атап өтті. Комиссия мүшелері ұлттық заңнамаларды жақындастыра түсудегі нақты ұсынымдар әзірлеуде ауқымды жұмыс атқарды. Жоғарғы палата басшысы экология және өзендерді қорғау мәселелері жөніндегі екіжақты ынтымақтастықты тереңдете түсу қажеттігіне ресейлік әріптестерінің назарын аударды. Қолданыстағы нормативтік-құқықтық база қазіргі замандағы қатерлерге және Жайық өзенінде қалыптасқан жағдайға сәйкес келмейді. «Қазақстан мен Ресейдің экология мен табиғатты пайдалану заңнамаларын үйлестіретін уақыт келді. Үлгі заңдарды әзірлеп, қабылдау қажет» деді Сенат төрағасы.
Д.Назарбаеваның пікірінше, киберқауіпсіздік саласындағы үлгі заңнамасын әзірлеу және ЕАЭО аясындағы ақпараттық саясатты белсендендіру қажет. «ЕАЭО шеңберінде көптеген интеграциялық мәселелер бар, бірақ ақпарат кеңістігінде олар талқыланбай келеді. ЕАЭО-да болып жатқан жағдайлардан, қандай шешімдер қабылданып жатқанынан хабарсыздық бар» деді Сенат төрағасы.
Владимир Володин экологиялық және су ресурстарын пайдалану заңнамасын жақындастыра түсу мәселелерін аймақаралық іс-қимыл аясында талқылау қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ Сенат төрағасы Словакия Ұлттық кеңесінің төрағасы Андрей Данкомен кездесті. Кездесуде Қазақстан мен Словакияның парламентаралық іс-қимылы мен экономикалық байланыстары мәселелері талқыға салынды.
Сенат басшысы биылғы жылы Словакия төрағалық етіп отырған ЕҚЫҰ-мен ықпалдастыққа Қазақстанның зор маңыз беретінін баса айтты. Ол еліміз Словакия төрағалығының бағдарламасын қолдайтынын және алға қойылған жоспарларды іске асыруда көмек көрсетуге дайындығын жеткізді.
Д.Назарбаева сондай-ақ екі ел арасындағы сауда және экономика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесіне назар аударды. Қазақстан Словакияда шығарылатын машина жасау технологияларын өзіне тартуға ерекше мүдделі. Палата басшысының айтуынша, Словакия кәсіпкерлері ЕАЭО артықшылықтарын пайдалана алады.
«Словакиялық кәсіпкерлерге одақтың көп миллиондық тұтынушысы бар нарығына шығу үшін жоғары технологиялық бірлескен кәсіпорындарды Қазақстанда ашуды ұсынамыз. Біздің еліміз өнімдеріңізді үшінші елдер нарығына ілгерілететін көпір бола алады» деді Д.Назарбаева.
Словакия Ұлттық кеңесінің төрағасы А.Данко Сенат төрағасына кездескені үшін алғыс айтып, экономика және заң тұрғысында ынтымақтастықты дамытуға әзір екенін білдірді.
Сенат төрағасы мен ҚХР Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшудың кездесуінде тараптар Қазақстан мен Қытай қатынастарының нәтижелі дамып келе жатқанына қанағаттанушылық білдірді. Ли Чжаньшудың пікірінше, Елбасы Н.Назарбаев пен Қытайдың жоғары басшылығы арасындағы сенімді диалог өзара табысты іс-қимылды дамытуда маңызды рөл атқарады. Ол Тұңғыш Президент басшылығымен Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық өркендеуде зор жетістіктерге жеткенін және еліміздің халықаралық аренадағы беделінің арта түскенін атап өтті.
Сенат басшысы Президент Қ.Тоқаевтың биылғы қыркүйек айындағы Қытайға мемлекеттік сапарының маңызына тоқталды. «Сапар барысында қол қойылған Қазақстан мен ҚХР-дың Бірлескен декларациясы қос мемлекеттің өзара іс-қимылының жаңа дәуірінің басталуына негіз болды» деді Дариға Нұрсұлтанқызы.
Өзара тиімді ынтымақтастықтың келешегін тілге тиек ете келе, тараптар парламентаралық іс-қимылды жандандыруға, сондай-ақ кедейлікпен және киберқылмыспен күресте, инновация, экология, ауыл шаруашылығы және басқа салаларда тәжірибе алмасуға келісті.
БХӨЖ Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшу Сенат басшысы Дариға Назарбаеваны ҚХР-ға сапармен келуге шақырды. Бұдан бөлек, тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту келешегін талқылады.