Шымкент шәкірттері: былтыр – моншада, биыл – тойханада
Шымкент шәкірттері: былтыр – моншада, биыл – тойханада
371
оқылды
«Нұрсәт» шағынауданындағы №80 мектеп осыдан тура бір жыл бұрын сыймай жатқан оқу­шыларының жартысын  монша ғи­маратында оқытуға мәжбүр бол­ған. Салдарынан ата-аналар тарапынан үлкен наразылық туын­­дап,  тексеру жүргізілгенде мұнда балалардың білім алуына бірқатар талаптың сай емес екені анықталды. Балалар үшін монша есігі жабылған. Алайда бірер күн­нен соң монша толық талапқа сай қай­тадан жабдықталып, «Мың бала» деген атаумен балаларға ай­қа­ра есігін ашқан. Дегенмен №80 мектептің жыры мұнымен біткен жоқ. 1 200 орынға арналған білім ошағында бүгінде 4 800 бала үш ауысыммен оқып жүр. «Нұрсәтте» осыдан 3 жыл бұ­рын бұдан бөлек тағы 1 200 орын­дық басқа мектеп ашылса да неге екені белгісіз, ата-аналар №80 білім ошағына үйір. Өткен жылы мектеп директорын сөзге тартқанымызда «баласын осында оқытамын деп тұрған ата-анаға еш нәрсе дей алмаймыз» деп себеп айтқан болатын.  Осылайша, бұл білім ордасы оқушыларының са­ны жылдан-жылға  артпаса, тө­мен­дей­тін түрі жоқ. Биыл осынау мектеп төңір­е­гінде тағы да шу шықты. Енді №80 мектептің 1 200 оқушысы тойхана­да оқиды.  

 Тойхана мектепке айналды

 Наурыз айынан бері Шым­кент­тің тойханалары мен мейрам­ханаларының есігі жабық. «Той – ха­лық қазынасы» деп санай­тын жұрт шаһардағы 130-ға жуық салтанат сарайы мен 700-дей мейрамханаға қысы-жазы шілдехана-бесік той, тұсаукесер сүндет тойын, ұзатуы мен үйлену тойын жасап келе жатқан. Алайда көктемде басталып, бүгінде 6 айға созылып бара жатқан каран­тин шектеу шараларында адам көп жи­налатын тойхана есігі әзір ашылатын түрі жоқ. Тіпті, Мем­лекет басшысы өзінің кешегі ха­лық­қа арнаған Жолдауында бұл вирустың елімізді 2  жылға дейін әуреге салатынын айтып қалды. Демек, зәулім-зәулім сарайлардың халыққа қашан қызмет ететіні бел­гісіз. Осыны ескерген болуы керек, шымкенттік кейбір кәсіпкерлер зәулім ғимаратты кәдеге жаратудың басқа жолын ойлап тапты. «Нұр­сәт» шағынауданындағы әкімшілік іскерлік орталығында орналасқан талай тойлар өткен «Оңтүстік»  сал­танат сарайы орта мектепке ай­налып шыға келді. Алайда жекеменшік мектеп ретінде ашылған білім ордасы жан басына қаржыландыру бойынша әр баланың шығындарын өтеу үшін мемлекеттен субсидия ала­ды. Бұл туралы қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан атап өтті. «Тойханалардың қашан ашылатынын ешкім дөп басып айта алмайды.  Әлемде пан­демия жағдайы, індетті қай уақытта жеңетінімізді де білмейміз. Сондықтан мұндай зәулім ғи­марат­тардың бос тұрғанынан ха­лық игілігіне пайдаланылғаны дұрыс. Біз кәсіпкерлерге осындай ұсынысымызды жеткіздік. Бүгінгі таңда өзге де тойхана иелері ой­ла­нып жатыр. Мемлекеттік мек­тептегі әрбір балаға  27-32 мың теңге төңірегінде қаржы төлейміз. Жекеменшік мектептерге де дәл осындай қаржы беріледі.  Жеке­меншік мектептің бізге тиімді тұстары бар. Себебі кәсіпкер ғи­маратты өзі салады, сонымен бірге жекеменшік мектепті қажетті құ­рал-жабдықпен, компьютермен қамтитын да кәсіпкер», – дейді Шыңғыс Мұқан. Ал миллионды қала әлі де 47 мектепке мұқтаж екен. Жаңа мектептердің са­лынуы жөніндегі жоспар бар бол­ғанымен, мынадай жағдайда бұл мәселелердің толық қашан ше­шілетіні тағы белгісіз. mektep Бүгінгі таңда салтанат сара­йы­ның іші оқу бөлмелеріне ла­йықталып, ыңғайластырылған. Са­райдағы шығыс үлгісіндегі дизайн сол күйі қала береді. Әл-Фараби академиялық мектебі деп аталатын жаңа мектептің директоры Айша­гүл Шайхина мұндай көрініс ба­ла­лардың білім алуына кедергі кел­тірмейтінін айтады. Мұнда №80 мектептің оқушылары тартылған соң мұғалімдері де осында келген. Ал тойхана иесі Есбол Қамбар­ов заманға бейімделіп жұмыс істеуді дұрыс деп тауыпты. Ол қала әкім­дігіне ұсыныс тастап, әкімнің қаулысымен, барлық тексерулер жүргізіле отырып, лицензия алып жұмыс бастағанын айтады. «Біз қызмет түріміздің мақсатын ауыстырдық. Енді түбегейлі ба­лаларға білім беретін мектеп бо­ламыз. Әзірге балалар ақысыз оқи­ды. Дегенмен  ақылы негізде де оқушыларды қабылдаймыз. Оқу ақысы 100-120 мың теңге кө­ле­мінде болуы мүмкін. Әрине,  карантин болмағанда осы уақытқа дейін 20 миллион теңгедей табыс тауып қалар едік.  Кәсіптің бұл түрі­мен осыншалықты қаржы таба алмаспыз. Дегенмен бала оқы­тудың өзі үлкен сауап», – дейді кәсіп­кер.  

Өзге кәсіпкерлер де мектеп ашып жатса құптаймыз

Бүгінгі таңда Шымкент қала­сын­да 147 мектеп болса, оның 19-ы үш ауысымда білім алады. Биыл­ғы оқу жылының өзінде 12 мың бала жаңадан қосылыпты. Қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева бала саны­ның жылдан-жылға өсіп, мек­теп тапшылығының артып бара жатуы себебінен тойханалардың мектепке айналуын дұрыс шешім деп отыр. «Біз бұл жаңалықты қуана қабылдадық. Өзге тойхана иелері де мұндай қадамға барып жатса құптаймыз. Ал салтанат сарайының дизайні сол күйі тұрғанының еш сөкеттігі жоқ. Балалар өз үйінде де ондай сәулетті дүниелерді көріп жүр ғой. Шетелдің оқушылары да зәулім сарайда білім алады. Ал санитарлық-эпидемиялық, өрт сөндіру және қоршаған ортаны ластау сияқты талаптарының және мектепке ыңғайластыруға бо­латынын растап білім саласын­дағы бақылау департаменті  анық­тама беріп отыр. Департамент рұқсат беріп отырған соң барлық талапқа сай деген сөз. Біз оған араласа ал­маймыз. Сонымен бір­ге  осынау мектеп мемлекеттен әр балаға субсидия алғанымен жекеменшік саналады. Сондықтан көп жағдайда кәсіпкердің өз құқы сақталады. Ай­туынша, шетелден мамандар әк­ел­­мек, сонымен бірге ұс­таздардың білімін жетілдіру үшін шетелге оқуға жібермек. Ба­лалардың сапалы бі­лімі үшін құнды құрылғылар да әк­ел­мекші. Сондықтан оқу ақысы да жоғары бо­луы мүмкін», – дейді Жанат Арыс­­бекқызы. Әрине, жабық тұрған тойхана­лардың ел игілігіне жұмсалғаны дұрыс. Оны қаншалықты мектепке лайықтап ықшамдау кәсіпкердің өз еркі.   PS.

 Айтайын дегеніміз, дәл осын­дай батылдыққа Шымкенттегі өзге тойхана иелері бара ала ма екен? Жаздыгүні ауру асқынып, қалада  провизорлық орталықтар жетіспей, адамдар қиналып жатқанда қаңы­рап бос тұрған тойхана мен қо­нақ­үйлердің бірде-бір иесі селт еткен жоқ. Қала билігі жедел 200 орындық провизорлық госпиталь салды. Одан бөлек, мемлекет меншігіндегі спорт мектептері, емханалар провизорлық орта­лықтарға айналды. Алайда  оның өзі қажетті аппаратсыз, маңызды дәрі-дәрмексіз қатты әбігерленді. Қалай болғанда да қиын-қыстау сәтте қол ұшын созған халық қалау­лыларын байқай алмадық (қаладағы тойханалар мен мейрам­ханалардың, қонақүйлердің басым бөлігінің иесі депутаттар екенін біз айтпасақ та жұрт жақсы біледі).

Мына тойхананың мектепке айналуы – тек жақсылықтың ныша­ны болғай!

 

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы