Мықты маман даярлау – басты мақсат
Мықты маман даярлау – басты мақсат
272
оқылды
Елбасы осыдан 7  жыл бұрын Атырауға келген сапарында мұнай-газ саласының мамандарын даярлау ісіне көңіл бөліп, жаңа деңгейге көтеру керегін тапсырған болатын. Болашақ мұнайшылар білім алатын Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ уни­верситеті – осы бағыттағы бірден-бір жетекші жоғары оқу орны. Жаңа оқу жылын тың талпыныспен, жарқын жобалармен бас­таған уни­верситет мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күнін ай­рықша атап өтті. Университетпен тығыз бай­ла­ныстағы Қазақстанның  мұ­най-газ секторындағы 36 ірі опе­ратор мен компания өкілдері сал­та­натты жиында бас қосты. «Осы шараның елімізге мұнай-газ саласы кадрларын даярлайтын республикамыздағы бірден-бір мамандандырылған жоғары оқу орны базасында өтуі біз үшін үлкен құрмет. Еліміздің мұнай-газ кешенінде біздің университет түлектері де алдыңғы буын аға­ларымен бірге еңбек етіп, алда тұр­ған міндеттерді абыроймен атқарып, индустриалды-инно­вациялық дамуға өз үлестерін қо­сып жүргенін мақтанышпен айтамыз» деп атап өтті Сафи Өте­баев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликова. Шыны керек, пандемия кезеңі білім беру саласын да толығымен қайта құруды талап етті. Бұған дейін жұмыс берушілердің қоя­тын шарты мен маман да­яр­лау ісінде біраз қарама-қай­шылық болатын. Енді дұрыс диалог орнады деп сеніммен айтуға болады: Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде Қамқоршылық  кеңесі мен Индустриялық  ко­митет құрылды. Яғни, серіктес компаниялар университеттің даму стратегиясына, оқу процесіне қатысуға мүмкіндік алды. Мұнай және газ университетіндегі Қамқоршылық  кеңесін Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов басқарады. Ке­ңес құрамында аймақтағы ТШО,  NCOC, «Ембімұнайгаз», «АМӨЗ», «Каспиймұнайгаз», «КМГ Инжиниринг», KPI се­кілді 36 ірі компания бар. Ал Индустриялық  комитет мүшелері еңбек нарығын есепке ала оты­рып, маман даярлаудың басты сегіз бағыты бойынша білім беру бағдарламасын дайындайды және бекітеді. Индустриялық комитет төрағасы – Қазақстанның  мем­лекеттік сыйлық  иегері, геология-минерология ғылымдарының кан­дидаты, ширек ғасырдан ас­там уақыт мұнай-газ саласында қызмет атқарып келе жатқан тә­жірибелі маман Құрманғазы Исқазиев. Бұл бастамалар уни­верситет студенттерінің оқу мен тәжірибені шебер ұштастыра отырып, өз мамандықтарының қыр-сырын терең меңгеруіне мүмкіндік береді. Аға буын өкіл­дерінің өнегесі – талапты жасқа ең керек тәлім, ал сапалы маман – кемел келешегіміздің кепілі екені анық. Индустриялық комитет мү­шесі, Қазақ мұнай геологиялық барлау ғылыми-зерттеу инсти­тутының директоры Асқар Мұ­нара: «Уақыт бір орында тұр­майды. Технологиялар күн са­нап өзгеріп жатыр, сондықтан университеттің оқу-әдістемелік құралдарын индустрияға сәй­кес­тендіруге маңыз беріліп отыр. Мұнай-газ кешенінде жұ­мыс істейтін кәсіпорындар оқу орнына демеушілік көмек көрсетуде. Соның нәтижесінде, университеттің зертханалары, ма­териалдық-техникалық ба­за­сы жаңартылу үстінде», – дей­ді. Бүгінде теориялық білім мен тәжірибені ұштастыра оты­рып оқыту ерекше назарда. «Ембі­мұнайгаз» АҚ студенттердің өн­дірісте оқытылуы үшін ар­на­йы полигон салып бермек. Ме­кеменің басқарма төра­ға­сының орынбасары Рысты Тас­мағамбетованың айтуынша, за­ман­ауи оқыту полигоны келер жылы іске қосылады. Елімізде өндірілетін мұнайдың 55 пайызы – Атырау  еншісінде. Шараға қатысқан облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов тәуел­сіздік жылдары Елбасының бас­­тамасымен елімізге шетел ин­­весторлары тартылып, ірі жо­балар жүзеге асырылғанын атап өтті. «Бүгінде әлемнің алпауыт компаниялары Теңіз бен Қашаған секілді кен орындарын игеріп жатыр. Олар отандық мұнай мекемелерімен бірлесе отырып, облыс тұрғындарының әл-ау­қатын арттыру, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуда ауқымды істер атқаруда. Осы салаға кадр даярлайтын Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұ­най және газ университеті кла­ссикалық оқу орнынан инно­вациялық шешімдердің хабына айналып келе жатқаны көңіл қуантады. Мұнайшылар ұста­ханасы атанған университет үшін де озық технологияға жетік және бәсекеге қабілетті кадрлар даярлау талабы артып отыр», – деді аймақ басшысы. Энергетика вице-министрі Жанат Жахметова да шараға қа­тысып, болашақ мұнайшыларды оқыту ісіне табыс тіледі. Шара барысында университет пен «КМГ Инжиниринг»,  ADAGA ЖШС, «Алстронтелеком» ЖШС арасында өзара серіктестік пен ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Мерекеге орай оқу орнының бірқатар қызметкерлері марапатталды. Мерекелік басқосу телекөпір жұмысымен жалғасты. KA­ZEN­ERGY қауымдастығы төра­ғасының орынбасары, «С.Өте­баев атындағы Атырау мұ­най және газ университеті» АҚ директорлар кеңесінің төра­ғасы Ұзақбай Қарабалин телекөпірге онлайн байланыс арқылы қатысып: «Оқу орнының мақсаты – өңірдегі компаниялар мен ірі инвестициялық жоба­ларды құрылыс кезеңінде және іске қосылғаннан кейін де жер­гілікті білікті кадрлармен қам­тамасыз ету. Бұл мәселеде сала дамуының жаңа бағыттарын іске қосу айрықша маңызға ие. Электр энергиясын үнемдейтін «жасыл» технологиялар саласында ғылыми-зерттеу  жасау; отандық инжинирингтің рөлі мен деңгейін көтеру, энергетика жобаларын кадрлармен қамту. Қазіргі уақытта университет өндірісте жұмыс іс­тей­тін мамандардың мақсатты тобы дайындаған білім беру бағ­дарламасын енгізуде. Серіктес ком­панияларды оқу процесіне тарту жұмысы жолға қойылды», – деді. Телекөпірге, сонымен қатар Батыс Қазақстан облысының  әкімі Ғ.Есқалиев онлайн байланыс арқылы қосылып, лебізін арнады. NCOC  компаниясы атқарушы директорының орынбасары Е.Мара­баев,  «ҚазмұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Д.Тиесов, «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Ш.Данбай, «Теңізшевройл» ЖШС бас ди­ректоры Имер Боннер, Kara­chaganak Petroleum Operating B.V., KazService Президиум төрағасы Р.Жақсылықов мереке­лік құттықтау тілектерін айтты. «Атамекен» ҰКП ста­тис­тикасына сүйенсек, Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұ­най және газ университеті түлектерінің 80 пайызы оқу бітір­геннен кей­ін мамандықтары бойынша жұ­мысқа орналасады екен. Жаңа оқу жылын тың құлшыныспен бастаған оқу орны бірқатар жаңа жобаларды қолға алып отыр. Энергетика сек­торына менеджерлер мен же­тек­шілер даярлауға бағытталған МВА бағ­дар­ламасы жүзеге асуда. Мұнай-газ саласындағы за­манауи дамудың нәтижесінде мұ­най­шылар династиясы толығып, олардың қара алтынды өндірудегі әлеуеті осылайша қарыштай бермек.

 Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы