Жұрт ауыл мәселесін өз күшімен реттеуде
Жұрт ауыл мәселесін өз күшімен реттеуде
220
оқылды
Жоғарыға жаутаңдай бергені­мен, ештеңе шықпайтынын се­зінген  ауылдастар өзара ақыл­дасып, қарекет жасап, қаржы жи­нады. Оларды кәсіпкер жер­лестері, дін қызметшілері мен округ әкімдігі қолдап, өзен үсті­нен жаяу жүргіншілерге арналған ұзындығы 31 метр, ені 1 метрден асатын аспалы көпір орнатты.  Осындай игілікті  іс округ орта­лы­ғы Қоңырөлең ауылында да қол­ға алынып, Көктерек өзенінің жағалауындағы Қожбанбет би және Сәкен Сейфуллин көшелерін жалғастыратын ұзындығы  20, ені 4 метрлік көпір тұрғызылды. Ел бірлігінің белгісі сияқты  кө­пірдің пайдалануға берілу салта­наты карантинге  байланысты ша­ғын топпен өткізілді. Оған Қазақстан Мұсылмандары  діни басқармасының өкілі Камалжан Тұрдыбаев, Талдықорған аймағы­ның өкіл имамы Ардақ Оразбаев, Панфилов аудандық мешітінің имамы Серік Шәріп қатысты. Жиынға келгендер ауыл аза­мат­тарына, құрылыстың сапалы әрі жылдам орындалуына көп кө­мек көрсеткен жергілікті ме­це­нат, ауылдағы ардагерлер қа­уым­дастығының төрағасы, «Ең­бек» ЖШҚ жетекшісі Д.Жұмабаевқа, құрыш қолды құ­рылысшылар К.Есенбаев, Г.Момбаев, Н.Досым­шалов және С.Қырық­баевқа, тағы басқа  қол­ғабыс көрсеткен барлық азаматқа алғыс айтты. – Адамзат үшін аса сауапты істің бірі  – ауылдарды жалғайтын  көпір салу қай кезде де қасиетті қарекет  қатарына енетін іс. Жер­гілікті халыққа өте керек бол­ған бұл мәселенің  көптен бері шешімі табылмай жүрген. Өзара  ұйымдасып, ұжымдасып, іс тын­дыр­ған ауылдастарымның ауыз­біршілігіне тәнтімін. Олардың ба­уырмалдығы, ынтымағы, пейілі мен берекесі осындайда көрінеді. Әр кез бірге болып, үлкендердің ақылына жүгінген елдің алмайтын асуы болмайды, – дейді Қоңырөлең ауылдық округінің әкімі Нұрлан Әлімов.  

Болат АБАҒАН,  Алматы облысы