Луценко Винокуровтың жетістігін қайталады
Луценко Винокуровтың жетістігін қайталады
170
оқылды
«Тур де Франстың» 6-кезеңі Ле-Тейден басталды. Жарыс басталған соң 8 шабандоздан тұратын топ алға озды. Олардың арасында Алексей Луценко да бар болатын. Ол басқа шабандоздардан барынша айқын басымдыққа ие болу үшін алдыңғы шепте өте керемет жұмыс атқарды. Мон Эгуаль шыңында мәреге бірінші болып жеткен отандасымыз спорттық ман­сабындағы ең үлкен жетістіктерінің біріне қол жеткізіп отыр. – «Тур де Франста» алға қойған мақ­сатымның бірі – кезеңде жеңіске жету. Бұл осы маусымдағы ең басты мақсатым еді. Мұндай жетістікке жетуді ұзақ уақыттан бері армандап келдім. Енді, міне сол ар­маным орындалды. Негізінде осы кезеңге тыңғылықты дайындалдым. Өткен жарыс күндері Мигель Анхельге көмектестім. Топ­тан әдейі қалып отырдым. Себебі жал­­пы есептегі көрсеткішімді жақсартуға тырыстым және жарыстың фавориттері шешуші сәтте менің ізіме түспейді деп үм­іттендім. Жарыс алдында кезеңге ар­налған жоспарды талқыладық. Спорттық директорлар мен команданың бас менеджері Александр Винокуровпен ақылдаса келе алға озған дұрыс болады деп шештік. Се­бебі финишке дейін жетуге мүмкіндік жоғары болды. Біздің тобымызға алға озу үшін белгілі бір уақыт жұмсауға тура келді. Дегенмен ол қолымыздан келді. Техникалық көлікте болған Винокуров маған жол көр­сетіп отырды. Соңғы асуда сабырлы болуға және тек өз жылдамдығыммен жүруге тырыстым. Ал қиын аймаққа жеткенде шабуылға шықтым. Жеңіске жеткеніме қуанып отырмын. Бұл мен үшін де, команда үшін де үлкен жетістік, – деді Алексей Луценко. Жарыстың фавориттері саналған және «Астана Про Тимнің» капитаны Мигель Анхель Лопес бастаған негізгі топ мәреге Алексей Луценкодан 2 минут 53 секундтан кейін келді. Ал ұлыбританиялық Адам Йейтс көшбасшының сары жейдесін сақтап қалды. Олимпиада чемпионы әрі қазақстандық Astana Pro Team велокомандасының бас менеджері Александр Винокуров «Тур де Франс» додасының 8-кезеңінде Eurosport телеарнасының тікелей эфирінде қонақта болды. Телеарна комментаторы Сергей Курдюковпен әңгіме барысында Винокуров Алексей Луценконың жеңісті кезеңі, алдағы әлем чемпионаты мен Солтүстік Қазақстандағы велоспорт мектебі туралы әңгімелеп, «Тур де Франстың» жалпы есебіне қатысты жоспарымен бөлісті. – «Тур де Франстағы» жеңісті кезең Алексейдің топтан қара үзіп кетуін әу бас­тан жоспарладық. Ол бұл міндетті сәтті орындап шықты. Бәрі біз ойлағандай болды. Алексейді ең қиын кезеңге дейін алып жүрдік. Ол өзге жігіттермен салыстырғанда өзіне әлдеқайда сенімді болды. 10 жылдан кейін «Тур де Франс» кезеңінде жеңіске жету деген... Артқы жақта көлікпен жүрген менің көзіме жас келді. Бұл сезімді сөзбен жет­кізу мүмкін емес. Өзің жарысып келе жатқандай әсерде қаласың. Алексей де, оған көмектескен командаластары да жарады.  Біздің бірінші кезеңде-ақ, Ниццада сары жейдеге таласуды жоспарлағанымыз жасырын емес. Бірақ мықты жігіттер шыға бастады: Алафилипп, Йетс. Ал бұл кезеңді кейін қарадық. Автобуста келе жатып, Алексейге: «Бұл сенің кезеңің» дедім. Ол басын изеді. Алексейдің өзінде де тәжірибе жетеді, жарысты толық бақылайтын деңгейде.  Әрине, рельф тұр­ғысынан жоспарды біраз өзгертуге тура келді. Ол мейлінше ертерек қара үзіп кеткенді жақсы көреді. Осы кезде оны сәл ұстап қалғанбыз. Қалған 15 шақырымды Луценко өзі жүріп өтті. Біз тек дем беріп тұрдық.  Маусым басталған тұс қиын соқты. Бұл оған үлкен уайым болған. Ал жүйкең сыр берген кезде қателіктерге бой алдыра бастайсың. Қуанышқа орай, бәрі сәтімен болып, Алексей алға қадам бастады. Тіпті, Олимпиада чемпионының өзін жарыс жолынан ығыстырды, – деді Винокуров.  Жалпы, «Тур де Франс» көпкүндігінде «Астана» капитаны Мигель Анхель Лопес те жақсы өнер көрсетуде. Ол жалпы ес­еп­те көш бастаған спортшылармен бірге жарысуда. «Астана» командасының ко­лумбиялық велошабандозы «Тур де Фр­анс» көпкүндігінің 9-кезеңін 9-орынмен аяқтады. Әзірге «Астана» командасының өкілі жалпы есепте 16-орында келеді. Бұл жарыстың тек бірінші аптасы ғана. Парижге дейін әлі ұзақ жол бар. Алдағы кезеңдерде бұдан да жақсы нәтижеге қол жеткізуге мүм­­кіндігіміз бар.  

АбылайханАбылайхан  ЖҰМАШ