Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов пен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бірлескен келісімі аясында өткен аптадан бастап үшінші мегаполисте тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр. Әр аптаның сенбі күні Қажымұқан стадионына Түркістан облысының екі ауданының диқандары өздері өндірген өнімдерді алып келіп, базар бағасынан едәуір арзан сатып жатыр.
Өткен сенбіде жәрмеңкеге Отырар және Төлеби аудандары шаруаларының өнімдері қойылды. Бұл күні ауыл шаруашылығы тауарларынан бөлек, әр ауданның қолөнер шеберлері бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Яғни, стадионға таң атпай жинала бастаған қала тұрғындары сапалы, табиғи өнімдерді диқанның өз қолынан қолжетімді бағада сатып алып қана қоймай, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесін, көркемөнерпаздар дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады.
Жәрмеңкеге 60-тан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысып, жалпы құны 113 миллион теңгені құрайтын 78 тонна өнім қала тұрғындарына ұсынылды. Аталған жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы өнімдері нарықтағы бағадан 15-20 пайызға дейін төмен болды.
Жәрмеңкеге арнайы келген қала әкімі Ерлан Айтаханов мұндай жәрмеңкелердің жиі әрі үздіксіз ұйымдастырылатынын, азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол берілмейтінін атап өтті. Сондай-ақ Ерлан Қуанышұлы бірлесіп жасалған шара үшін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке алғысын жеткізді.
Түркістан облысының екі ауданы шымкенттіктерге ет, сүт өнімдерімен қатар, картоп, көкөніс, жеміс-жидек пен қауын-қарбыз, болгар бұрышы, қызанақ, қияр мен жеміс шырынын ұсынды.
Төлеби ауданының көшін бастап келген аудан әкімі Бауыржан Омарбеков аталған жәрмеңкені ұйымдастырудың негізгі мақсаты халықты тиімді бағадағы қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету екенін, ал ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өз өнімдерін тікелей, делдалсыз сатуға мүмкіндігі мол екенін жеткізді. «Мұнда еттен бастап Төлеби ауданынан шығатын «Леңгір балмұздағы», «Фудмастердің» сүт өнімдері, Диханкөлдің қымызы арзан бағада қала тұрғындарына ұсынылып жатыр. Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әкімшілік аумағы екіге бөлінгенімен, бұрынғы оңтүстік өңірінің шаруасы да, өмірі де біте қайнасып кеткен. Өмірзақ Естайұлы мен Ерлан Қуанышұлының қолдауымен өтіп жатқан бұл игі шара тұрақты түрде, апта сайын қазан айының соңына дейін жалғасатын болады» деді аудан әкімі. Жалпы, жәрмеңкеге Төлеби ауданынан 51 мың тонна тауар өндірушілерінің өнімі әкелінген.
Ал Отырар ауданы әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов Түркістан облысы мен Шымкент қаласының арасындағы қарым-қатынасты нығайту аясында өтіп жатқан шараға ауданнан 32 тауар өндірушілерінің 15 тоннадан астам өнімін әкеліп отырғанын жеткізді. Оның ішінде жылқы, сиыр, қой еті, бақша және сүт өнімдері, сонымен қатар тарихы терең Отырардың көрмесі де қала тұрғындарына ұсынылуда.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Б.Парманов екі аймақ әкімдерінің қолдауымен кестесі түзіліп өтіп жатқан бұл игі шараға мегаполис тұрғындарының риза екенін жеткізді. «Жәрмеңкеде ешқандай алым-салық алынбайды. Өз өнімдерін ұсынған шаруаларға барынша жағдай жасалады» деді қала әкімінің орынбасары.
Шымкент қаласы