Бас прокуратура Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға эстрадициялауға қатысты пікір білдірді
Бас прокуратура Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға эстрадициялауға қатысты пікір білдірді
© сурет интернеттен алынды
196
оқылды
Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов Қытайда есірткі тасымалы үшін өмір бойына бас бостандығынан айрылған Ақжарқын Тұрлыбайдың тарапынан елге оралу туралы өтініш түспегенін айтты.
«Бізде Қытай Халық Республикасымен сотталған азаматтарымызды бір-бірімізге беру туралы екіжақты келісімшарт бар. Бірінші шарты – ол өзінің соттылығын Қазақстан Республикасында өтеуге ниетті екендігі туралы жазбаша өтініш беруі тиіс. Содан кейін ҚХР прокуратурасына қазақстандықты туған жеріне эстрадициялау мүмкіндігі туралы хабарлама жібереді. Әзірге оның тарапынан бүгінге дейін бас прокуратураға өтініш түскен жоқ», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, ресми өтінім түсе салысымен осы бағыттағы жұмыс басталады. Еске сала кетейік, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Гуанчжоу қаласының Халық сотында есірткі контрабандасы үшін айыпталған қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім жарияланды. Қытай соты өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы үкімді өзгеріссіз қалдырды. Кейіннен қорғаушы тарап сот үкіміне шағым жасады. Алайда қосымша тергеу нәтижелері бойынша сот бастапқы үкімді өзгеріссіз қалдырды. Қазіргі уақытта  А.Тұрлыбай осы айдың ішінде Гуандун провинциясы түрмелерінің біріне ауыстырылатыны белгілі болып отыр.