Дүкендегі 112 ойыншық түрі стандартқа сай емес
Дүкендегі 112 ойыншық түрі  стандартқа сай емес
447
оқылды
Тексеру барысында Алматы дүкендерінде жа­рамдылық мерзімі, құрамы мен өндірілген жері көрсетілмеген балалар ойыншықтары мен тамақ өнімдері анықталған. Хабарламада көрсетілгендей, мамандар 219 азық-түлік тауарының таңбалануында заңбұзушылықтарды анықтады. Сынамалар арасында кондитерлік және нан-тоқаш өнімдерінің біразы стандартқа сәйкес келмейтіні белгілі болған. Олар: «Монетки» кәмпиттері, «Баян-Сұлу» кәмпиттері, «Мир кексов» бисквитті торты, Mummy' s cake, «Муравейник» тәтті наны, «Далматово» кептірілген ванилі, «Ассорти» қабатталған француз тоқаштары, көкжидек қосылған белевская пастиласы, Samelle пахлавасы, пряниктер, сұлы печеньесі, жержаңғақ қосылған кекс, «Бал Шырын» бал қосылған тәтті наны, «Тимоша» козинактары, шоколад дәмі бар сироп, сағыз, Love is шайнайтын кәмпиттер, Сrunchy жидекті мюслиі, бал, қант. Аталған өнімдер Қазақ­станда, Ресейде, Францияда және Түркияда өндірілген. Сондай-ақ 33 жеміс-көкөніс өнімінде таңбалауға қойылатын талаптар бұзылған. Олардың бірқатары  Қазақстан, Ресей, Қытай, Иран, Италия, Германия, Таиланд елдерінде шығарылған. Сонымен қатар балық консервісі, шай, ірімшік, сүт, шұжық, макарон өнімдерінде таңбалану талапқа сай еместігі анықталған. Мұнан бөлек, ойыншықтардың 112 үлгісінде таңбалау реті дұрыс емес. Ойыншықтардың денінде атауы, өндіруші ел, өндіріс орны, импорттаушы, материалдың құрамы мен шығарылған күні туралы ақпарат жоқ. Орталық мамандарының айтуынша, ойыншық қаптамаларында қазақ және орыс тілдерінде таңбалау жоқ. Сондықтан Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті Алматы қаласы бойынша техникалық регламенттер талаптарының сәйкессіздігі анықталған жағдайда барлық жеке кәсіпкерлерге Қазақстан Республикасының халықтың санитарлық-эпиде­миялық салауаттылығы саласындағы заңнамасы та­лап­тарының бұзылуын жою туралы нұсқама берді. Ұлттық сараптама орталығының мамандары ел тұрғындарына қандай да бір өнім мен ойыншық сатып аларда қаптамаға мұқият қарап, жарамдылық мерзімі мен құрамы туралы мәліметті оқуға шақырады.  

А.ЖОЛДАС