Қазақтың «Хокингінен» айырылып қалмайық!
Қазақтың «Хокингінен» айырылып қалмайық!
232
оқылды
Бұл сала әдетте ақпарат ағынынан тыс қалып жатады: мәселе тек азшылық топты ғана толғандырады деп есептеледі. Шынында, Қазақстанда жыл өткен сайын мүмкіндігі шектеулі жандар саны көбейіп барады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дере­гінше, елімізде бүгінде мүгедектігі бар адам саны 700 мыңға жетті!  

Ауру емес, адам маңызды

Жасыратыны жоқ, КСРО заманында мүгедектерді жек көретін. Себебі кеңестік идеология «совет адамы – дені сау, қуатты, көркем» деп насихаттайтын. Кинода да, ескерткіштерде де, қабыр­ғадағы муралда да солай сомдайтын. Мұндай қоғамда кемтар жанға орын жоқтығы ұғындырылатын: олар «ком­мунизмге бет алған елдің әсем көрінісін» бүлдірмеу үшін үйінде отыруы керек-тін. Сондықтан бірде-бір ғимаратта, тіпті әлеуметтік нысандарда қарапайым пандус қарастырылмайтын. Теріс үгітке ерген жұртшылық он екі мүшесі сау емес адамдарды «калека» деп мазақтаушы еді. Осы орайда, тіпті арда­гер­лердің өзін келемеждеу секілді қауіпті құбылыс белең алғаны жасырын емес. Ақын, жазушы Әбу Сәрсенбаев: «Сен құрметте оны! Түсіндің бе, қарағым? Ол ақшаға сатқан жоқ, Тізеден кесіп аяғын» деп бекер өлең шығармаған. Тәуелсіз Қазақстан кеңестің осы «залалды мұрасынан» құтылудың қамын жасауда. Мемлекет БҰҰ ұсынымын орын­дау мақсатында «мүгедек» деген ұғымның өзінен бас тартпақ. Бүгінде дамыған елдерде рeople-first language қағидаты қолданылады. Оған сәйкес, бірінші орында адам тұруы, ал оның ерекшелігі немесе сырқаты тек қосымша көрсетілуі қажет. Тиісінше, ағылшын тілінде «кекеш» демейді, «кекештігі бар адам» (people who stutter) деп айтады. «Мүмкіндігі шектеулі адам» терминін қолданудан да бас тарту ұсы­нылды. Өйткені ол адамның кемістігіне, толық­қанды еместігіне нұсқайды. «Мен мүмкіндігімді әлдекімнің шектегенін қаламаймын. Сіз де оны қаламассыз. Демек, мүгедек болға­ныма қарамастан мүмкіндігімнің шектелмегенін, керісінше жаңа мүмкіндіктер ашыла түскенін қа­лаймын. Рас, менің қабырғаларым жоқ, балдақтың көмегімен ғана жүре аламын. Алайда технология дамыған мына заманда өзгесі секілді менің де алдағы мүмкіндіктерім шексіз», – дейді қоғам белсендісі Ольга Котова. Кезінде Invalid (дәрменсіз, қуат­сыз) сөзін Кеңес Одағы ағыл­шын тілінен алған болатын. Қазіргі уа­қыт­та ағылшын тілі бұл терминді адамға қатысты қолданбайды. Оның орнына келген disabled people (мүм­кіндігі шектеулі адамдар) сөзін енді people with special needs (ерекше қа­жеттіліктері бар адамдар) ығыс­тыруда.  

Кемсіту заңнан басталады

2017 жылы БҰҰ-ның арнайы баяндамашысы Каталина Девандес-Агилар Қазақстанға сапарлап, жаһандық ұйым атынан тексере келген. Оның барысында БҰҰ өкілі Қазақстанның ұлттық заңнамасы, саясаты мен тәжірибесі адам құқығы саласындағы міндеттемелерге қан­ша­лықты сәйкес келетінін баға­лап қайтты. Сапар қоры­тындысында арнайы баяндама әзір­ленді. Ол Қазақстан Үкіметі ескеруі керек бірқатар ұсыныстан тұрады. Мысалы, мүгедектерді қорлайтын, кемсітетін терминдерді жоюға кеңес беріледі. Бұдан бөлек, «Шырақ» мүге­дектігі бар әйелдер қауы­мдастығы UNICEF-тің қолдауымен ерекше балаларға қатысты кемсітуші тер­минологияны анықтау мақсатында ұлттық заңнамаға талдау жүргізді. Нәтижесінде, қазақстандық кодекстерде, заңдарда, ел Үкіметінің қаулыларында, бұйрықтарда ондай­лар өріп жүргені әшкереленді. Мы­са­лы, «мүгедек балалар», «мүм­кін­діктері шектеулі балалар», «ақау-дефект», «ақыл-ой кемістігі», «да­муда арттап қалған», «қалыпты да­мудан ауытқу», «ақыл-ойы бұзыл­ғандар», «ақыл-ойы кеміс» секілді ұғымдар сынға ілікті. Сарапшылар ұлттық заңнамада қолданылатын қорлық сөздерді жөні түзуімен ауыстыруды ұсынды. Сондықтан ұлттық заңнамаға түзету енгізіліп, «мүгедек» дефи­ни­ция­сы «мүгедектігі бар адамға», ал «мүгедек бала» терминдері «мүгедек­тігі бар балаға» өзгертіледі деп жос­пар­ланып отыр. Бұл бағытта посткеңестік кеңіс­тік­те Украина көшбасшы сана­лады: Жоғарғы рада 2017 жылы Украина­ның бүкіл заңнамасында мүгедек ұғымын «мүгедектігі бар адам» ұғы­мына алмастырып шыққан.  

Жаңа жәрдемақының мәні

Қазақстанда І топтағы мүге­дек­тігі бар 66,3 мың адам тұрады. Елба­сының тапсырмасымен 2018 жылғы 1 шілдеден бастап, бала кезінен мүгедек болған, жасы 18-ден асқан адамдардың күтімі үшін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төлене бастады. Ол ең төменгі күнкөріс ше­гі­нің 1,4 мөлшеріне тең және биыл 45 735 теңгені құрайды. Жәрдемақыны 14,3 мың адам алады. inbalid Сонымен бірге балалық шағын­да емес, 18 жастан кейін кемтар­лыққа ұшыраған 24 мыңдай І топтағы мүгедек мұндай жәрдемақы алмайды және тегін жеке көмекші қызметіне жүгіну мүмкіндігінен қа­лыс қалған. Олардың көбі тұрақты күтімге зәру, біразы ес-түссіз (кома), вегетативті жағдайда төсекке таңулы жатыр. Аталған олқылық жойылуы тиіс. «Әлеуметтік қорғау шараларын бірізділендіру үшін  «І топтағы мүге­дектің күтімін жүзеге асыратын тұл­ғаға төленетін жәрдемақыны» енгізу жоспарланып отыр. Жаңа жәр­демақы қолданыстағы бала жасынан мүгедекке күтім жасау жәр­демақысын «жұтып» қояды. Жаңа жәрдемақы мөлшері 1,4 ең төменгі күнкөріс шегіне немесе 45  735 теңгеге тең болады. Осы мақ­сат­та 3 жылда қосымша 42,2 мил­лиард теңге қажет етіледі. 2021 жы­лы – 13,5 млрд теңге, 2022 жылы – 14,1 млрд теңге, 2023 жылы – 14,6 млрд теңге. Ол республикалық бюд­жет­те қарастырылған қаражат­тан алынады», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігі.  

Балалар топқа бөлінеді

«Кейбір заңнамалық актілерге азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойын­­ша өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» жаңа заң жо­басының тұжырымдамасында алда қызу пікірталасқа арқау болар идея бар. Онда ересектер секілді 16 жасқа дейінгі жас балаларды да мүге­дектіктің әртүрлі тобына бөлу ұсы­нылады. Қазіргі кезде тек 16-18 жастағылар ғана мүгедектік топ­тарына ажыратылады. Бастаманы Парламент құптаса, бүлдіршіндерге де өз санатында қалу үшін мүгедек­тігін үнемі растауға тура келуі ық­тимал. Қазақстанда 92 мыңнан астам мүгедек бала тіркелген. Соның ішін­де 7 жасқа дейінгісі – 29,7 мың бала, 7 жастан 16 жасқа дейінгісі – 53,8 мың, 16 жастан 18 жасқа дейін­гісі – 9,1 мың. «Объективті критерийлерді енгі­зу үшін 7 жастан 16 жасқа дейінгі мү­гедек балаларды да ағза функция­лары бұзылуының ауырлық дәреже­сіне қарай бөлу ұсынылады. Сонда мүгедектіктің келесі санаттары бел­­гіленеді: І, ІІ және ІІІ топтағы мүгедек балалар», – дейді министр­лік. Жасы 16-ға толмаған 53,6 мың мүгедек баланың 12,8%-ы – бірінші топқа, 39,7%-ы – екінші топқа, басым көпшілігі 47,5%-ы – үшінші топқа жатуы мүмкін. Бұл не үшін қажет болып қалды? Біржан Нұрымбетов басқаратын министрліктің дәйектеуінше, бала­ларды мүгедектік топтарына бөлу «ағза функцияларының бұзылу ауыр­лығына және жұмыс істеу дәрежесіне қарай мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы мөлшерін қайта қарауға және әлеуметтік оңал­ту мен көмекті саралауға» мүмкіндік береді. Егер осы ұсынысы өтсе, ми­нистр­лік 2021 жылдан бастап 7-16 жас аралығындағы балаларға төле­нетін мүгедектігі бойынша мем­лекет­тік әлеуметтік жәрдемақы мөл­шерін қайта қарап, былайша бөлуге кіріседі:
  • І топтағы мүгедек балаға – 1,92 ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) немесе 65 860 теңге (жәрдемақысы қазіргіден 17 837 теңгеге өседі);
  • ІІ топтағы мүгедек балаға – 1,59 ЕТКД немесе 54 541 теңге (6 518 теңгеге ұлғаяды);
  • ІІІ топтағы балаға – 1,4 ЕТКД немесе 48 023 теңге (6 860 теңгеге артады).
Бұған бюджеттен 2021-2023 жылдары 11 млрд 971,2 млн теңге қо­сымша шығын шығарылады деп күтілуде. Ал мүгедектігі бар баланы тәр­бие­леушіге берілетін жәрдемақы мөл­шері өзгеріссіз қалдырылады. Жаңа заң жобасы өзге де игіліктерден тұрады. Мысалы, Қа­зақ­станда мүгедектігі бар бала­ның әке-шешесінің біреуі немесе екеуі қатар дүние салса, Үкімет балаға қо­сымша ешқандай қолдау көр­сетпейді. Себебі ол онсыз да мүге­дектігі бойынша жәрдемақы алады деп саналады. Сөйтіп, оны асырау­шысынан айырылу бойынша төле­нуі керек жәрдемақысынан қағады. Бұл әділетсіздікті жою үшін заңна­маны толықтырып, мүмкіндігі шек­теулі балаларға әлеуметтік төлемнің екі түрін – мүгедектігі бойынша жә­не асыраушысынан айырылу жағ­дайы бойынша жәрдемақыларды қатар алуға мүмкіндік берілмек. Бұл бюджетке сонша үлкен салмақ сал­майды: 2021 жылы – қосымша 1 млрд 169 млн теңге, 2022 жылы – 1 млрд 215,8 млн теңге, 2023 жылы – 1 млрд 264,5 млн теңге қажет болады.   P.S.

Мемлекет үшін тіпті мүгедек болса да, әр адамның құнды екенін дамыған елдер паш етіп отыр. Мұндай жандардың ұлтқа, қоғамға, мем­лекетке, тіпті бүкіл адамзатқа пай­дасы зор болуы мүмкін екенін компо­зитор Людвиг ван Бетховен, атақты физик-теоретик, космолог және астрофизик Стивен Хокинг, АҚШ-ты ұлы депрессиядан шығарған прези­денті Франклин Рузвельт және бас­қасы өз үлгісімен айқын аңғартты. Қа­зақстан адами капиталын рә­суаламай, лайықты іске жарата бас­таса, дамыған елдердегідей мүгедектігі бар адамның бәріне өз әлеуетін жүзеге асыруына барынша жағдай жасаса, республикамызды еш рейтингсіз-ақ дамыған ел деп санай беруге болар еді. Әзірге қазақтың қаншама генийінің туа бітті таланты ашылмай, «мүм­кіндігі шектеулі» қалпында елеусіз қалып жатыр.

 

АйханАйхан ШӘРІП