Көрерменге детектив жанрындағы телехикая ұсынылады
Көрерменге детектив жанрындағы телехикая ұсынылады
220
оқылды

26 қыркүйектен бастап «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы түсірген детектив жанрындағы алғашқы телехикая көрерменге жол тартады.

Қашқын» телехикаясы қоғамның өзекті мәселесіне айналып отырған жемқорлық, теріс діни ағымдардың әсері, дәстүрдің құнсыздануы, отбасы құндылықтары сияқты сан түрлі тақырыптарды арқау етеді.

 Сонымен қатар, туындыда құқық қорғау өкілдерінің аса қауіпті қылмыскерлердің жолын кесудегі кәсіби жұмысы мен қоғам алдындағы міндеті арқау болады.

«Жемқорлық пен ашкөздік жайлаған қоғамда сенім, бірлік, бауырмалдылық жоғалады. Телехикаядағы оңай жерден олжа іздеген жанның қайшылыққа толы, жағымсыз өмірін көрсету арқылы өзгелерге ой салуды көздедік. Туындының негізгі идеясы - айналасына зиянын тигізетін адамның өмірі тығырыққа тірелетінін, заң әділдігінің қай кезде де үстемдік құратынын көрсету»,– дейді «Qazaqstan» ҰТА Эфирлік саясат дирекциясының директоры Бағжан Бимұратова.

Басты рөлдерді ҚР Халық әртісі Тілектес Мейрамов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Қаптағай, белгілі кино және театр актерлері Қуандық Қыстақбаев, Жандарбек Садырбаев, Бақыт Тушаев, Нышанбек Жұбанаев, Нұрлан Жұмағали, Нартай Сауданбекұлы сомдайды.