Иә, кейіпкеріміз Мөлдір Нұркенқызы оқу бітірген соң біршама уақыт жұмыс іздеген. Нәтиже шықпаған соң, қатарластарының кеңесі бойынша Халықты жұмыспен қамту орталығына барған. Орталықтағылар оған «Жастар практикасы» жайлы толыққанды мәлімет берген. Бағдарламаның негізгі мәнін түсінген ол мамандығы бойынша тәжірибеден өтетін мекемеге баруға асыққан. «Халықты жұмыспен қамту орталығына барғанымда «Жастар практикасы» жобасымен таныстым. Маған белгілі бір мекемеде 6 ай бойы тәжірибеден өтуім керегін айтты. Оның үстіне, ай сайын 71 900 теңге жалақы алатынымды түсіндірді. Әрі тәжірибеден өтіп, сол үшін айлық алатыныма қуандым. Өйткені мамандық бойынша жұмыс таба алмағаныма 1 жыл болған еді. Орталықтағылар мамандығым бойынша елордадағы бос жұмыс орындарын қарап, келісімшарт жасаудың қамына кірісіп кеттік», – дейді Мөлдір Нұркенқызы. Журналистика саласында «Жастар практикасынан» өтіп жүрген Мөлдір Нұркенқызының тәжірибе мерзімі әлі аяқталған жоқ. Ол осы мүмкіндікті сәтті пайдалана алса, мекемеде тұрақты жұмысқа қабылданатынын біледі. Айта кетерлігі, «Жастар практикасы» бойынша тәжірибеден өткен жастардың 70-80%-ы тұрақты жұмысқа қабылданған. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асқан жоба жастардың үміт шырағын қайта жақты деуге негіз бар. Ал Рамазан Ғалымжанұлы «Жеңіл өнеркәсіп және дизайн» мамандығы бойынша Алматы технологиялар университетінде білім алған. Ол да алғашқы кейіпкеріміз сияқты Жұмыспен қамту орталығының көмегіне жүгінген. Аталған орталықтың Instagram парақшасынан «Жас кәсіпкер» жобасы туралы біліп, қатысушы атануға өтініш білдірген. 3 апта бойы курста білім алған оның жобадан үйренгені көп екен. Бизнес-тренерлерден дәріс алып, сабаққа қатысқаны үшін 16 759 теңге шәкіртақыға ие болған. Оның айтуынша, жаңа іс бастап, кәсіп ашқан жастарға бизнес-тренинг пен жобаның маңызы зор. Өйткені ол тренингтен есеп-қисап, маркетинг, салық жүйесі мен жарнама жайлы толық мәлімет алған. Бизнес-жоспар жасаудың сыры мен мәніне үңіліп, құрылымын түсінген. «Елімізде кәсіп ашамын деген жанға қолбайлау жоқ. Жобаға тіркелу де көп уақыт алмайды. Қиындық білгеніңді бизнесте кәдеге жарату кезінде пайда болады. Әрине, оқу кезінде бәрін жетік меңгерсеңіз, кілтін таба алсаңыз қиналмайсыз. Содан кейін кәсіптің дөңгелеуі алғашқы салымды табу мен игеру жағына келіп тіреледі. Өз басым «Жас кәсіпкер» жобасына қатысып, бизнес жобаны сәтті қорғағандықтан 505 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алдым. Ата-анамның демеуімен, аталған қаржымен кәсібімнің іргетасын қаладым», – дейді Рамазан Ғалымжанұлы. Ол бастапқыда қаржылық сауатын арттырып, кіріс-шығыс жүйесін игеруге ұмтылған. Қазір 3 адамды жұмыспен қамтып отырған Рамазан Ғалымжанұлы Президенттің табыс салығы туралы Жарлығына дән риза. Өйткені олар 2019 жылы табыс салығын төлеп келген. Ал енді отандық өнім шығаратын компания қазан айына дейін салықтан босатылған. Алда шағын киім тігетін шеберханасын кеңейтіп, отандық киім өндірісіне жаңалық әкелуді мақсат етеді. «Елімізде жеңіл өнеркәсіптің үлес салмағы төмен екені баршамызға белгілі. Осыған қарап жұмысымызды 2 есе артық орындауға тырысамын. Себебі қазір халықтың ұлттық нақыштағы киім мен бұйымға деген көзқарасы өзгерген. Этностиль біртіндеп трендке айналып келеді. Сондықтан ұлттық құндылықты дәріптейтін дүниелер көп болғанын қалаймын», – дейді Алматы қаласындағы киім тігетін шағын шеберхананың иесі. 2019 жылы Рамазан Ғалымжанұлы сияқты 20 мың жас «Жас кәсіпкер» жобасын аяқтағаны туралы сертификатқа ие болған. Яғни, бірталай адам жұмыспен қамтылғанын білуге болады. Жыл санап жобаның географиясы кеңейіп, бизнес-тренингке қатысушылардың саны өскен. Ел аумағында бағдарламада бақ сынағандар келесілерінің қатысуына себеп болған. Мәселен, Тұрар Ержанұлы аталған жоба туралы танысынан естіген. Досының кәсіп ашып, нәтижеге жеткенін білген ол табыс табудың жолын үйренгісі келген. «Досымның бизнес ашқанын білген соң, мен де неге бастап көрмеске деген ой келді. Артынша өтініш бердім. Біраз уақыттан кейін жобаға қатысатынымды білдім. «Жас кәсіпкер» арқылы маркетинг әлемін зерттеп, бизнесті қалай дамыту керегін үйрендім. Қазір спортқа қажетті заттарды жалға берумен айналысамын. Табысым өзіме жетеді. Әрі спорт болғасын жұмысым өзіме 2 есе ұнайды. Болашақта бизнес жобамды әрі қарай дамытып, кәсібімді кеңейткім келеді», – дейді Тұрар Ержанұлы. Аталған жобалар тек жұмыссыз жастардың емес, көпбалалы отбасының, әлеуметтік әлсіз топ өкілдерінің екінші тынысын ашқан. Көпбалалы ана Феруза Оспанқызы да Тұрар Ержанұлы сияқты «Жас кәсіпкер» жобасы туралы құрбысынан естіген. Бұрын «Жібек жолы» базарында саудамен айналысқан ол қазір тігін саласында жемісті еңбек етіп жүр. Денсаулығына байланысты біраз жыл жұмыс істемеген оған жаңа нәрсені үйреніп, сүйікті ісімен қауышу бақыт сыйлаған екен. «Тренингке қатысқаннан кейін бойымда сенім пайда болды. Мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, табысқа жетуге боларын түсіндім. Көлік ішіне қажетті жабдық тігумен айналысамын. Тапсырыс көп. Бастапқыда жарнама жасау мен ішкі нарықты бақылауға біраз уақыт жұмсадым. Өйткені тренингте осы жағына көп мән берсек, табысқа жету жолы жеңілдей түсетінін айтқан-ды», – дейді Феруза Оспанқызы. Кәсібін дөңгелетіп отырған кейіпкеріміз алдағы уақытта матаға өзі жазу жазатын заманауи тігін машинасын сатып алғысы келеді. Өйткені қазір тұтынушылар да заманауи үлгідегі дүниеге қызығады екен. Әрі жүргізушілер ұзақ жолда шаршамауы үшін массажы бар орындық қаптарын тіккісі келеді. «Егер осы айтқандары жүзеге асса, атымды брендке айналдыра аламын», – дейді ол. Жоғарыда 2019 жылы жоба бойынша 75 мың адамның білім алғанын жаздық. Ал 2020 жылы мамандар 30 мың жұмыссызды оқытуды көздеп отыр. Әрі биыл оқу форматы онлайн жүйеге ауысқан. Ендігіде қатысушылар практикалық дағдыларды игеруге күш салмақ. Өйткені жоба жетекшілері әрбір қатысушыны белгілі бір бизнес түріне дағдыландыруды қолға алмақ. Қай жобаны алып қарамасақ та, іздесең «екі қолға бір күрек» табуға боларын нұсқайды. Карантин шарасы жеңілдеген бірнеше айдың ішінде жұмыспен қамту орнына өтініш берген адамдардың саны да өскен. «Жастар практикасы», «Жас кәсіпкер», «Бизнес Бастау» сынды жобалар арқылы кәсіп бастауға болары түсінікті. Тек кез келген мемлекеттік бағдарлама туралы толық мәлімет жинап, артықшылығын түсінген абзал.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ