Қазақ тіліндегі шығармалары саудасына құлқы жоқ
Шабан аттай жүрісі қиындап қалуының сыры неде? «Мұның бірнеше себебі бар», – дейді қаламгер. «Біріншісі, бірден айту керек, қазақ тілі әлі күнге өз тұғырына қона қойған жоқ. Солай болғасын, республика көлемінде кеңінен сұранысқа ие болуы күрмеуі қиын шаруа болып отыр. Екіншіден, жастар орысша оқуға тым әуес. Өйткені біздің ақпараттық кеңістіктің көбісі сол тілде. Жасырып-бүркері жоқ, қазақ тілін шала білетіндердің баршасының орыс тілінде тарайтын ақпаратқа бүйрегі бұрып тұрады. Қазақтілді кітаптың жамбасы сөреде жатып сарғаятын болған соң, салалық дүкендер бұдан ат-тонын алып қашады. «Есеп қуған бай болса, қуанбай қалмас егізге» демекші, күнкөрісін соның үстіндегі тиын-тебенмен айырып тұрған ағайынның ана тіліміздегі шығармалар саудасына құлқы жоқ», – дейді. «Атамұра» корпорациясы өкілдері мен «Алматыкітап», «Фолиант» баспасының кітап дүкендері қазақтілді кітап сатумен айналысады. Нұр-Сұлтан қаласында «Абай» кітап дүкенінен көркем шығармаларды табуымыз мүмкін. Одан бөлек, мұндай кітаптар «Меломан» мен «Книжный мирден» көп кездесе бермейді. Көпшілік кітапты өзі сатуға мәжбүр. «Сонау 1992 жылдан бері қарай қоғамдық маңызы бар қазақ тіліндегі әдебиеттер мемлекет қаржысына шығарылып келе жатыр. «Суға кеткен тал қармайды» дегендей, әлеуеті әлжуаз баспалар аталған қаржыға жармасып, алақанын жайып отырады. Ұзақ жылдар бұл салаға кураторлық жасағаным бар, ахуалды бір кісідей білемін. Оларға: «ішкі мүмкіндіктеріңді пайдаланып, үнемдеген өз қаржыларыңа сол кітапты дүкенге жететіндей қып, қосымша тиражбен шығарыңдар», – деп талай рет ерік бергенбіз. Қалтасында көк тиын болмаған соң, олар қосымша тиражға да, ондай түйінді шаруаға да тәуекел жасай алмады. Ондай баспалардың шығарған өнімдері өмірі кітапханадан әрі асып көрген емес, дүкен дегенді мүлдем көрмейді», – дейді Әлібек Асқар.Кітап сатып, пайда таба аласыз ба?
Оқырманның ойын өзгертіп, кітап нарығын жолға қойғысы келген баспагердің бірі – Раиса Қадыр. Ол әлемдегі ең бай жазушы Жоан Роуиңнің (Джоан Роулинг) әйгілі «Хәрри Поттер» романын аударып, жарыққа шығарды. Раиса ханым қазақстандық кітап нарығы туралы: «Бұл шығармадан екі жақты пайда табамын деген ойым бар. Біріншіден, қаражат жағынан табысты жоба болуы тиіс. Бұдан түскен пайда келесі аудармаларды аударуға керек болады. Екіншіден, кітаптың құнын арттыруды көздеп отырмыз. Бұған дейін қазақ кітабының құны болмаған десек те болады. Жазушылар шығармасын өте арзан бағалайды» деген еді. Расында да, қазақ қаламгерлері кітап сатып, пайда табуды көздеген емес. Өйткені мемлекеттік тапсырыспен шығарылатын кітаптардың дені кітапханаға тегін таратылады. Ал ол қаламгердің қалтасын қомпайтпайтыны белгілі. Сол үшін де қолына қалам ұстағандардың дені кітап шыққанына мәз болып, жүре береді. Ал жазушы Әлібек Асқар бір кездері әр ауылда болмаса да, ең құрығанда, аудан орталықтарынан бой көтерсе деген ниетпен кітап сататын дүкендер ашу мүмкіндігін зерттеп, мониторинг жүргізгенін айтады. «Бұған назар аударған себебіміз – қазақ тіліндегі кітаптың оқырманының алтын бесігі ауыл ғой. Содан есептеп қарасақ, ауылға барар кітаптың құны, тасымал шығыны бар дегендей, қалада сатылатын сыңарына қарағанда әлдеқайда қымбат болып шықты. Жүйкесі де, қалтасы да жұқарып жүрген ауылдағы ағайын жәйі әмбеге аян. Сөйтіп, бұл дүкендердің өзін-өзі ақтамайтыны белгілі болды. Арадағы айырманы аудан басшылығы өз мойнына алар ма екен деген үмітпен жан-жақты зерделеп көріп едік, оның да реті шықпады. Тіпті, біреулер құтылмас дауға басы қалардай, көлеңкесінен қарадай үркіп қашты», – дейді.Кітап маркетингі кенжелеп тұр
«Кітап сату ісі – әлемдегі ең кірісті кәсіптер қатарында. Бірақ бұл үрдіс біздің елімізде негізгі сценарий бойынша өрбіп отыр деп айта алмаймыз. Оған екі себеп бар: біріншісі – оқырман сұранысының төмендігі, екіншісі – жазушылардың, жалпы авторлардың маркетинг қағидаларына бой үйретпеуі», – дейді баспагер, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы директоры Әділ Қойтанов. Оның айтуынша, Қазақстандағы кітап нарығы өте үлкен емес. Ол: «Бірақ бізде еңбекқор авторлар бар. Көпшілігі жыл сайын өте құнды, тарихта беттелетін дүниелерін мемлекеттік тапсырыспен шығаруға ұмтылады. Өйткені автордың өзінде қаражат жоқ. Баспаға төлейтін қаражаттың болмауы – кітаптың жарық көруін бөгейтін себеп емес. Негізі, авторлар өз кітаптарын сатумен айналысса, оның жарнамасына көңіл бөлсе, шығыннан бөлек пайда да таба алады» деген пікірді алға тартады. ТМД мемлекеттерінде кітап сатумен айналысатын агенттіктер, ірі кітап дүкендері өз деңгейінде жұмыс істеп келетінін айтады. «Біздің нарықта агенттіктер көзге түспегенімен, ірі кітап дүкендері баршылық. Қынжылтатыны – олардың шетелдіктер иелігінде болуы. Сөрелерін_дегі қазақ әдебиеті қатарына көз салсаңыз, құдды бір түгел ұлттың әдебиеті тоқырауға ұшыраған сияқты болып елестейді. Айып тағудың да реті жоқ. Бұл жердегі негізгі тауар кітап болғаныман, жұмыс қағидасы бизнес стилінде. Демек, олар тұтынушы сұранысына қарай икемделеді», – дейді Әділ мырза. Оның айтуынша, кітап нарығындағы бәсекелестікті туғызу – күн тәртібіндегі мәселелердің бірі. Баспалар мен авторлардың, кітап дүкендеріндегі орындардың барлығы күреспен, кәсіби бәсекемен келетін қажеттілікке айналуы шарт. Мұндай үдерісті жолға қою үшін заманауи мүмкіндіктер – әлеуметтік желілер мен веб-сайттарды, видеохостингтерді пайдалану қажет екенін айтып отыр. Әділ Қойтанов «Осындай бірқатар олқылықтардың орнын толтырған кезде ғана кітап сатумен айналысатын азаматтар қалталылар қатарына көтерілмек» деген пікірді айтады.Болашақта кітап нарығында миллионерлер шығуы мүмкін
«АйсНұр» ЖШС бастығы Таир Нұғмановтың пікірі мүлдем бөлек. Ол болашақта кітап нарығында миллионерлер шығатынына сенімді. «Жалпы, кітап шығарушылардың 90 пайызы миллионер емес. Өйткені біздегі кітап нарығы көбіне ақын-жазушылардың мерейтойына арнап жинақ шығару немесе мемлекеттік тапсырыспен шығарылатын кітаптар ғана. Онда да кітаптың тиражы бір-екі мыңнан аспайды. Бес мың тиражбен шығатынның өзі бірен-саран ғана. ТМД елдері бойынша кітаптағы ең көп сатылым Қуаныш Шонбайдың онлайн университетінде болды. Бір кітап 45 мың данамен тараған болатын. Ал екінші кітабы 55 мыңмен шықты. Сондықтан кітап нарығы бізде әлі қалыптаспаған. Тіпті, жоқтың қасы деуге болады. Әрине, кітап нарығына шығуға ұмтылыстар болып жатыр. Қазір онда инфобизнесте жүрген кәсіпкерлер жүр. Бұл дұрыс та шығар. Нарыққа кәсіпкерлер келсе, өсім де байқалады. Себебі олардың арасында бәсекелестік туындайды. Ол сапалы дүние шығаруға әкеледі. Үшіншіден, маркетинг іске қосылып, таралымын ұлғайтуға тырысады. Кітап нарығы тез арада өсер еді. Бірақ бізге жетіспейтіні – сатудың қыр-сырын меңгерген, оны бизнес көзіне айналдыра алатын мамандардың жоғы. Оның үстіне, біздің елде кітапқа деген құрмет әлі сақталған. Осы құндылықты сақтай отырып, маркетингті іске қосатын болсақ, үлкен ақша жасауға болады. Міне, осы кезде миллионерлер шығуы мүмкін. Сондықтан алдағы 5-10 жылда кітап нарығы тіктеп, аяғына тұрады деген ойдамын», – дейді. P.S.Жазушы Дидар Амантайдың «Bouquiniste» кітап дүкені» атты әңгімесі бар. Сол әңгімесінде жазушы: «Кітап саудасымен айналысты, сосын, тауар құнына үстеме баға қосты, адал еңбегінің ақысы, өсімқорлыққа бой алдырған жоқ. Тегі, Авраам ұлы жазушылардың ғұлама кітаптарын сатпай, көпшілік сұранысын өтемей, жұрт сұраған сирек басылымдарды елге тауып бермей, шытырман желісін білмей, шын мағынасын түсінбей, уақиғасын талқыға салмай, әсілі, қаракетінен рақат көріп, бақытты өмір сүре алмас еді», – дейді. Әсілі, Авраамның әрекетіндей қарекеттер әңгімелерде ғана кездесетін шығар деп ойлайсың. Бірақ Таир сияқты жаңа буынның көзқарасы мүлдем басқа. Олар кітап нарығының аяққа тұратынына сенімді. Соңғы 20 жылдықта 50 мыңға жеткен таралым болған жоқ. Демек, нарықты қалыптастыру – өз қолымызда.
Гүлзина БЕКТАС