Нарықсыз сауда – парықсыз

Нарықсыз сауда – парықсыз

Кітап нарығы туралы жазушы Әлібек Асқар кітап саудасы толғағы жеткен күрделі мәселе деген пікірде. «Әйгілі ойшыл Рене Декарттың: «Жақсы кітап оқу – өткен заманның ең ізгі адамдарымен әңгімелесу де­ген сөз. Жай әңгіме-дүкен құру емес, олардың ең тұшымды ойларын тыңдау», – дегені бар. Бұған бәріміз ес жиып, етек жапқалы куәміз. Шы­ны керек, қаріп танып, көз ашқалы бері екі елі ажырамаған досымыз, әлі күнге дейінгі айнымас сырла­сымыз – кітап үйде – жаны­мыз­да, ұзап шықсақ ойымызда жү­реді. Бірден айтайық, бұл бағыттағы жұ­мыс шабан аттай жүрісі қиындап кетті. Байқап жүрміз, орыс тілді кі­таптар қазіргі қызып тұрған на­рық­тың төріне жайғасты да, ана тілі­міздегі туындылар екі көзі жәуді­реп босағада қалды. Қайда барсаң, осы хал», – дейді жазушы.  

Қазақ тіліндегі шығармалары саудасына құлқы жоқ

Шабан аттай жүрісі қиындап қа­луының сыры неде? «Мұның бірне­ше себебі бар», – дейді қалам­гер. «Біріншісі, бірден айту керек, қазақ тілі әлі күнге өз тұғырына қона қойған жоқ. Солай болғасын, рес­пуб­лика көлемінде кеңінен сұ­ра­нысқа ие болуы күрмеуі қиын шаруа болып отыр. Екіншіден, жастар орысша оқуға тым әуес. Өйткені біздің ақпараттық кеңіс­тіктің көбісі сол тілде. Жасырып-бүркері жоқ, қазақ тілін шала біле­тіндердің бар­шасының орыс тілінде тарайтын ақ­паратқа бүйрегі бұрып тұрады. Қазақтілді кітаптың жам­басы сөреде жатып сарғаятын бол­ған соң, сала­лық дүкендер бұдан ат-тонын алып қашады. «Есеп қуған бай бол­са, қуанбай қалмас егізге» де­мекші, күн­көрісін соның үстіндегі тиын-те­бенмен айырып тұрған ағайынның ана тіліміздегі шығар­малар сауда­сына құлқы жоқ», – дейді. «Атамұра» корпорациясы өкіл­дері мен «Алматыкітап», «Фолиант» баспасының кітап дүкендері қазақ­тілді кітап сатумен айналы­сады. Нұр-Сұлтан қаласында «Абай» кітап дүкенінен көркем шығармаларды табуымыз мүмкін. Одан бөлек, мұн­дай кітаптар «Меломан» мен «Книж­ный мирден» көп кездесе бермейді. Көпшілік кітапты өзі са­туға мәжбүр. «Сонау 1992 жылдан бері қарай қоғамдық маңызы бар қазақ тіліндегі әдебиеттер мемлекет қаржысына шыға­рылып келе жатыр. «Суға кет­кен тал қармайды» дегендей, әлеуе­ті әлжуаз баспалар аталған қар­жыға жармасып, алақанын жайып оты­рады. Ұзақ жылдар бұл салаға кура­торлық жасағаным бар, ахуалды бір кісідей білемін. Оларға: «ішкі мүм­кіндіктеріңді пайдаланып, үнем­деген өз қаржыларыңа сол кітапты дүкенге жететіндей қып, қосымша ти­ражбен шығарыңдар», – деп талай рет ерік бергенбіз. Қалтасында көк тиын болмаған соң, олар қо­сымша тиражға да, ондай түйінді шаруаға да тәуекел жасай алмады. Ондай баспалардың шығарған өнім­дері өмірі кітапханадан әрі асып көрген емес, дүкен дегенді мүлдем көрмейді», – дейді Әлібек Асқар.  

Кітап сатып, пайда таба аласыз ба?

Оқырманның ойын өзгертіп, кітап нарығын жолға қойғысы кел­ген баспагердің бірі – Раиса Қадыр. Ол әлемдегі ең бай жазушы Жоан Роу­иң­нің (Джоан Роулинг) әйгілі «Хәрри Поттер» романын аударып, жарыққа шығарды. Раиса ханым қазақстандық кітап нарығы туралы: «Бұл шығармадан екі жақты пайда табамын деген ойым бар. Бірін­шіден, қаражат жағынан табысты жоба болуы тиіс. Бұдан түскен пайда ке­лесі аудармаларды аударуға керек болады. Екіншіден, кітаптың құнын арттыруды көздеп отырмыз. Бұған дейін қазақ кітабының құны бол­маған десек те болады. Жазушылар шығармасын өте арзан бағалайды» деген еді. Расында да, қазақ қалам­герлері кітап сатып, пайда табуды көздеген емес. Өйткені мемлекеттік тапсырыспен шығары­латын кітап­тардың дені кітапханаға тегін тара­тылады. Ал ол қаламгердің қалтасын қомпайтпайтыны белгілі. Сол үшін де қолына қалам ұстағандардың дені кітап шыққанына мәз болып, жүре береді. Ал жазушы Әлібек Асқар бір кез­дері әр ауылда болмаса да, ең құры­ғанда, аудан орталықтарынан бой көтерсе деген ниетпен кітап сататын дүкендер ашу мүмкіндігін зерттеп, мониторинг жүргізгенін айтады. «Бұған назар аударған себебіміз – қазақ тіліндегі кітаптың оқыр­ма­нының алтын бесігі ауыл ғой. Содан есептеп қарасақ, ауылға барар кі­таптың құны, тасымал шығыны бар дегендей, қалада сатылатын сыңа­рына қарағанда әлдеқайда қымбат болып шықты. Жүйкесі де, қалтасы да жұқарып жүрген ауыл­дағы ағайын жәйі әмбеге аян. Сөйтіп, бұл дү­кендердің өзін-өзі ақтамайтыны бел­гілі болды. Арадағы айырманы аудан басшылығы өз мойнына алар ма екен деген үмітпен жан-жақты зерделеп көріп едік, оның да реті шықпады. Тіпті, біреу­лер құтылмас дауға басы қалардай, көлеңкесінен қарадай үркіп қаш­ты», – дейді.  

Кітап маркетингі кенжелеп тұр

«Кітап сату ісі – әлемдегі ең кі­ріс­ті кәсіптер қатарында. Бірақ бұл үр­діс біздің елімізде негізгі сценарий бойын­ша өрбіп отыр деп айта ал­маймыз. Оған екі себеп бар: бірін­шісі – оқырман сұранысының тө­мендігі, екіншісі – жазушылардың, жалпы авторлардың маркетинг қа­ғидаларына бой үйретпеуі», – дейді баспагер, Ұлттық мемлекеттік кі­тап палатасы директоры Әділ Қойтанов. Оның айтуынша, Қазақ­стандағы кітап нарығы өте үлкен емес. Ол: «Бірақ бізде еңбекқор ав­тор­лар бар. Көпшілігі жыл сайын өте құнды, тарихта беттелетін дүние­ле­рін мем­лекеттік тапсырыспен шы­ғаруға ұм­­тылады. Өйткені автордың өзінде қаражат жоқ. Баспаға төлейтін қара­жаттың болмауы – кітаптың жа­рық көруін бөгейтін себеп емес. Негізі, авторлар өз кітаптарын сату­мен айналысса, оның жарнамасына көңіл бөлсе, шығыннан бөлек пайда да таба алады» деген пікірді алға тар­тады. ТМД мемлекеттерінде кітап са­ту­мен айналысатын агенттіктер, ірі кітап дүкендері өз деңгейінде жұмыс істеп келетінін айтады. «Біз­дің на­рықта агенттіктер көзге түс­пеге­німен, ірі кітап дүкендері бар­шылық. Қынжылтатыны – олардың шетел­діктер иелігінде болуы. Сөре­лерін_дегі қазақ әдебиеті қата­рына көз салсаңыз, құдды бір түгел ұлттың әде­биеті тоқырауға ұшыраған сияқ­ты болып елестейді. Айып тағудың да реті жоқ. Бұл жердегі негізгі тауар кітап болғаныман, жұмыс қағидасы бизнес стилінде. Демек, олар тұты­нушы сұранысына қарай икем­деледі», – дейді Әділ мырза. Оның айтуынша, кітап на­рығындағы бәсекелестікті туғызу – күн тәртібіндегі мәселелердің бірі. Баспалар мен авторлардың, кітап д­ү­кен­деріндегі орындардың бар­лығы күреспен, кәсіби бәсекемен келетін қажеттілікке айналуы шарт. Мұндай үдерісті жолға қою үшін заманауи мүмкіндіктер – әлеуметтік желі­лер мен веб-сайттарды, видео­хостингтерді пайдалану қажет еке­нін айтып отыр. Әділ Қойтанов «Осын­­дай бірқатар олқылықтардың орнын толтырған кезде ғана кітап сатумен айналысатын азаматтар қалталылар қатарына көтерілмек» деген пікірді айтады.  

Болашақта кітап нарығында миллионерлер шығуы мүмкін

«АйсНұр» ЖШС бастығы Таир Нұғмановтың пікірі мүлдем бөлек. Ол болашақта кітап нарығында миллионерлер шығатынына сенім­ді. «Жалпы, кітап шығару­шылардың 90 пайызы миллионер емес. Өйткені біздегі кітап нарығы көбіне ақын-жазушылардың мерейтойына арнап жинақ шығару немесе мемлекеттік тапсырыспен шығарылатын кітап­тар ғана. Онда да кітаптың тиражы бір-екі мыңнан аспайды. Бес мың тиражбен шығатынның өзі бірен-саран ғана. ТМД елдері бойынша кітаптағы ең көп сатылым Қуаныш Шонбайдың онлайн универ­ситетінде болды. Бір кітап 45 мың данамен тараған болатын. Ал екінші кітабы 55 мың­мен шықты. Сон­дықтан кітап нарығы бізде әлі қа­лыптаспаған. Тіпті, жоқтың қасы деу­ге болады. Әрине, кітап нары­ғына шығуға ұмтылыстар болып жатыр. Қазір онда инфобизнесте жүрген кәсіп­керлер жүр. Бұл дұрыс та шы­ғар. Нарыққа кәсіпкерлер келсе, өсім де байқалады. Себебі олар­дың арасында бәсекелестік туындайды. Ол сапалы дүние шыға­руға әкеледі. Үшіншіден, маркетинг іске қосы­лып, таралымын ұлғайтуға тыры­сады. Кітап нарығы тез арада өсер еді. Бірақ бізге жетіспейтіні – сату­дың қыр-сырын меңгерген, оны бизнес көзіне айналдыра алатын мамандардың жоғы. Оның үстіне, біздің елде кітапқа деген құрмет әлі сақталған. Осы құндылықты сақтай отырып, маркетингті іске қосатын болсақ, үлкен ақша жасауға болады. Міне, осы кезде миллионерлер шы­ғуы мүмкін. Сондықтан алдағы 5-10 жылда кітап нарығы тіктеп, аяғына тұрады деген ойдамын», – дейді.   P.S.

 Жазушы Дидар Амантайдың «Bouquiniste» кітап дүкені» атты әңгі­месі бар. Сол әңгімесінде жазушы: «Кітап саудасымен айналысты, со­сын, тауар құнына үстеме баға қос­ты, адал еңбегінің ақысы, өсім­қор­лыққа бой алдырған жоқ. Тегі, Авраам ұлы жазушылардың ғұлама кітап­тарын сатпай, көпшілік сұранысын өтемей, жұрт сұраған сирек басы­лымдарды елге тауып бермей, шытыр­ман желісін білмей, шын мағынасын түсінбей, уақиғасын талқыға салмай, әсілі, қара­кетінен рақат көріп, бақыт­ты өмір сүре алмас еді», – дейді. Әсілі, Авраамның әрекетіндей қарекеттер әңгімелерде ғана кездесетін шығар деп ойлайсың. Бірақ Таир сияқты жаңа буынның көзқарасы мүлдем басқа. Олар кітап нарығының аяққа тұратынына сенімді. Соңғы 20 жыл­дықта 50 мыңға жеткен таралым болған жоқ. Демек, нарықты қалып­тастыру – өз қолымызда.

 

Гүлзина БЕКТАС