«2017 жылы жобалық кеңсенің үйлестіруімен әкімдіктер, басқармалар мен басқа да мемлекеттік органдардың, ЖОО, өңірдегі ҮЕҰ, саяси партиялар және белсенді жастар ұйымдарының қатысуымен 153 жоба жүзеге асырылып, түрлі форматтағы 1 908 шара ұйымдастырылды», – дейді орталық басшысы Уәлихан Серікұлы. Сондай-ақ 2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі өңірлік іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілген екен. Іс-шаралар жоспарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 6 арнайы жобасы («Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру», «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстанның 100 жаңа есімі») және бағдарламада айтылған негізгі бағыттар («Бәсекелік қабілет», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Сананың ашықтығы», «Білімнің салтанат құруы», «Прагматизм», «Қазақстанның эволюциялық дамуы») толық қамтылды. Кешенді жоспар бойынша 185 жоба жүзеге асырылып, 2 290 шара ұйымдастырылды. «2019 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басым бағыттары мен қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған түрлі форматтағы 283 шара қамтылған. Іс-шаралар жоспарына Елбасының 2018 жылғы 21 қарашада жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған арнайы жобалар («Архив – 2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі») енгізілді», – дейді Уәлихан Серікұлы. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларының идеялары бойынша «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты 2019 жылы іске асырылған үздік жобалар қатарында «Сәтті жобалар жинағын» шығарған болатын. Аталмыш жинаққа Қорқыт ата мұрасын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында 3 тілде шығарылған «Қорқыт атаның даналық сөздері» кітабы мен «Ізденіс» жасыл академиясының жастарды бау-бақша өнімдерін өсіру арқылы еңбекке баулу жобалары енгізілді. 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығында қалалық, аудандық әкімдіктер мен облыстық басқармалардың ұйымдастыруымен 963 шара өткізілді. Уәлихан Серікұлының айтуынша, өңірлік «Рухани жаңғыру» орталығының бастамасымен өз саласы бойынша жетістікке жеткен, жастарға үлгі боларлық азаматтарды танымал ету, қызметін, еңбек жолын жастар арасында насихаттау мақсатында YouТube хостында «Тұлға» айдарымен бейнероликтер дайындалып, жариялануда. Бұл айдармен қазіргі таңда 21 бейнеролик түсірілді. Кейіпкерлер Facebook парақшасында және аудандар, ауылдық елді мекендерден сауалнама жүргізіп таңдалды. Олардың ішінде білім, полиция саласының ардагерлері, еңбек династиялары, медбике, қолөнершілер мен қарапайым жұмысшы механизатор да қамтылған. Сондай-ақ YouТube хостында «Бала тілі – бал» айдары бойынша бейроликтер дайындалды. «Әз-Наурыз мейрамы» және т.б. роликтер дайындалды. Қазақстан Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаев бекіткен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2020 жылға арналған республикалық іс-шаралар жоспарының 49-тармағына сәйкес деректі фильмдер мен танымдық роликтер сериясы дайындалуда. Бүгінгі таңда «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасын іске асыру шеңберінде Қызылорда облысы бойынша киелі объектілер туралы деректі фильмдер шығару кестесі жасалды. «Волонтерлер жылына орай облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы жанынан еріктілер тобы құрылып, құрамына 30 ерікті енді. Бүгінде орталық жанындағы еріктілер түрлі шараларға белсенді түрде араласып, игі істердің басында жүр. Осы ретте, орталықтың ресми парақшаларында «Ең үздік пост» байқауы, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін «Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге» және «Туған өлкем – байлығым!» атты байқаулар өткізілді. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Атамның аманаты» атты бейнероликтер топтамасы дайындалып, көпшілік назарына ұсынылды», – дейді орталық басшысы Уәлихан Ибраев. 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Қазақ зиялылары және зұлмат жылдар» атты зиялы қауым өкілдерімен, тарихшылармен онлайн форматтағы кездесу және «Абай шығармалары – ғасырлар биігінде» республикалық онлайн семинары өткізілді. Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының «Рухани қазына» бөлімінің басшысы, ф.ғ.к., түркітанушы С.Қосановтың «Қорқыт ата кітабы және Сыр бойы аңыздары», «Алтын Орда дәуірінде Сыр өңірінде дүниеге келген әдеби мұралар», «Алтын Орда кезеңіндегі Арал маңы әдебиеті: «Сухейл мен Гүлдірсін» дастаны» тақырыптарында онлайн дәрістері өткізілді. Ұлттық домбыра күніне орай домбыра аспабын ел арасында насихаттау мақсатында «Қазағымның жанысың сен, домбыра» челленджі өткізілді. Бүгінде орталықтың бастамасымен әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында «Сандардың ұлттық ұғымдары», «Қазақтың би-шешендері», «Мезгіл сырлары мен құпиялары», «Қазақтың ұлттық киімдері», «Қазақстанның көрікті орындары», «Ұлттық кино индустриясы», «Қазақ батырлары», «Туыстық атаулар», «Адам өміріндегі жөн-жоралғылар» тақырыптарында постерлер дайындалып, жариялануда. Бағдарламаны іске асыру жөніндегі 2020 жылға арналған кешенді іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылатын бірнеше жобалар жүзеге аспақ. Ол жобалар қатарында волонтерлер жылы аясында «Игі істер жаршысы» онлайн акциясы, Қызылорда қаласындағы мәдени-тарихи маңызды ескерткіштерді облыс жастары арасында насихаттау мақсатында «Көне ғимараттар ғибраты» тақырыбындағы танымдық экскурсиялар, «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін...» тақырыбында қазақ ұлтының адамгершілік-этикалық болмысы жайлы жас ақындар мүшәйрасы (онлайн), «Сыр қойнауы» жас өлкетанушылардың облыстық сайысы, I-VENT облыстық колледж студенттері мен жоғары сынып оқушыларының инновациялық және бизнес жобаларының форумы, университет ғалымдары мен оқытушыларының қатысуымен қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулықты насихаттау мақсатында 100 kitap тақырыбында ашық диалог алаңы (youtube хостында бейнероликтер топтамасы), мұқтаж адамдарға киім-кешек пен заттар, азық-түлік жинау және тарату жұмыстарымен айналысатын әлеуметтік дүкендер мен орталықтарды әлеуметтік желілерде насихаттау, облыстық жас ақындарды насихаттау мақсатында «Жас дарын» атты бейнероликтер топтамасын әзірлеу, Қызылорда қаласы бойынша ескерткіштер мен көшелердің тарихы туралы танымдық-ақпараттық шығарылымын әзірлеу бар.
Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы