Жер шарындағы ең ірі құрлықта орналасқан мемлекеттер парламенттерінің басшылары Қазақстанда алғаш рет жиылды. Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Халықаралық парламенттік форум Қазақстанның Тұңғыш Президенті сонау 1994 жылы ұсынған еуразиялық идеяның 25 жылдығына арналды.
Спикерлер саммитінің қатысушыларына қайырылған Қазақстанның Тұңғыш Президенті ғаламшарымыздағы құрлықтың үштен бірін басыбайлы иеленген алып континентіміздегі мемлекеттер арасында парламентаралық үнқатыс пен ынтымақтастықты жолға қоюдың маңызына тоқталды.
Өз сөзінде Н.Назарбаев шетелдік мәртебелі меймандарды алдымен тәуелсіздік жылдарындағы республикамыздың өркендеуінің негізгі басымдықтарымен таныстыра кетті.
– Біз экономикалық өрлеуді және халқымыздың әл-ауқатын арттыруды басты басымдық ретінде белгіледік. Нарықтық экономиканы тақырдан, жаңадан тұрғызған Қазақстан бүгінде әлемдегі барынша озық 50 мемлекеттің қатарына кірді. Қазақстанның ЖІӨ-сі 18 есеге ұлғайды. Ел экономикасының көлемі Орталық Азиядағы барлық елдердің ЖІӨ-лерін қоса алғанда, одан 2 есеге жуыққа асып түседі. Халықтың долларға шаққандағы табысы 9 есеге өсті. Кедейшілік деңгейі 10 есеге, 40-тан 4,6%-ға дейін қысқарды, – деді Елбасы.
Ол мемлекетіміздің транзиттік-көліктік әлеуетін дамыту және қолайлы бизнес-ахуал қалыптастыру саласындағы жетістіктерін тілге тиек етті.
Нұрсұлтан Назарбаев республикамыздың халықаралық құқықтық мойындалуы бағытындағы жұмыстың нәтижелерін де жариялай кетті.
Тұңғыш Президент ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жою қаруларының таралуына тосқауыл қою бойынша Қазақстанның күш-жігері жөнінде әңгімеледі.
– Қазақстан БҰҰ Бас ассамблеясы қабылдаған ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға бірдей декларацияның бастамашысы және тең авторы атанды. Өңірдегі көршілерімізбен бірлесіп, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құрдық. «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін» сыйлығын тағайындадым, – деді Елбасы.
Оның байламынша, алға оза белсенділік таныту, көпвекторлы және бейбітсүйгіш саясат жүргізу арқасында қазақ елі өз егемендігі мен ұлттық қауіпсіздігін елеулі түрде күшейте алды.
– Халқымыздың ұлттық бірегейлігі мен мәдениетін сақтау салмақты, сарабдал басымдық ретінде айқындалып отыр. Ұлы дала адамзатқа жылқы шаруашылығын және көшпенділер мәдениетін, байырғы металлургияны, өнердегі «аңдық стильді» және теңдесі жоқ «Алтын адамды» сыйлады. Қазақстанның ұлан-байтақ даласын Ұлы Жібек жолының керуендері басып өткен, қазір біз ол сауда жолын қалпына келтірудеміз. Бұл жерде түркі әлемі дүниеге келген, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті еуразиялық диалогті, континент елдері арасындағы сенімді және әріптестікті нығайтуға бағытталған бірқатар ұсыныстарын жариялады. Ол парламентшілерді жаһандық жетекші державалар арасындағы сенім дағдарысын шешу үдерісіне белсенді атсалысуға шақырды.
– Біз ары қарай да халықаралық құқық жүйесіндегі дағдарысқа, соның ішінде оның бұзылуына, аяқасты болуына, елеусіз қалдырылуына куә болудамыз. Мемлекеттердің жер тұтастығына, егемендігіне қол сұғу, бұрын қол жеткізілген уағдаластықтардың күйреуі жағдайлары жақсы белгілі. Санкцияларды өз қалауынша қолдану сол шектеулер бағытталған елдерге ғана емес, сонымен бірге басқа барлық мемлекеттерге, бүкіл әлемдегі миллиондаған қарапайым адамдардың әл-ауқатына кері әсер етуде, – деді Елбасы.
Бұған қоса, Н.Назарбаев парламенттер жетекшілеріне жаһан жұртшылығы үшін үлкен маңызға ие халықаралық келісімдерді ратификациялау бойынша жұмысты жандандыруды ұсынды.
– Парламентаралық қоғамдастықтың өз ішіндегі ынтымақтастығын, парламентшілердің өз қатарындағы бірлікті нығайтқан және заңнамалық салада бірлескен жұмыс тиімділігін арттырған жөн. Құқықтық актілерді бірізділендіру, өзара үйлестіру бөлігінде үлкен жұмыс күтіп тұр. Мәселен, терроризмнің жалпыға ортақ анықтамасын әзірлеу, лаңкестік және экстремистік ұйымдардың, халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтардың бірыңғай тізімін түзу маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөз соңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Үлкен Еуразияны» дамытудың ары қарайғы жолдарын анықтау тұрғысынан IV кеңестің өзектілігін атап өтті.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Елбасының Еуразиялық идеясын ұстын еткен спикерлер саммиті әртүрлі елдің заң шығарушы органдары арасында жан-жақты диалог орнатуға, өзара сенімді нығайтуға, парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі күшейтуге кең жол ашады деген байлам айтты.
– Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы – шын мәнінде, Еуразияның парламенттік астанасына айналды. Кеңес жұмысына Еуропа мен Азияның 65 мемлекетінің парламенттік делегациялары қатысуда, оның 41-ін парламент спикерлері бастап келді. Сондай-ақ 14 халықаралық ұйым өкілдері қатысып отыр. Сөзсіз, осы форумымызға еуразиялық жобаның авторы және бастамашысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуы – шараға айрықша маңыз бен мән береді, – деді Н.Нығматулин.
Ол төртінші кеңеске «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» тақырыбы бекер таңдалмағанына назар аудартты.
– Қазақстанның Тұңғыш Президентінің кең ауқымды әрі теңдессіз Еуразия жобасын қалыптастыруға, дамытуға және нығайтуға бағытталған халықаралық бастамалары қазірдің өзінде салмақты нәтижелер әкелуде. Ол тек елдеріміздің үкіметтері үшін ғана емес, сонымен қатар парламенттеріміз үшін де өзекті, – деген Мәжіліс төрағасы интеграциялық үдерістерге лайықты заңнамалық қолдау көрсетудің маңыздылығын баса айтты. «Үлкен Еуразия» идеясының табысты іске асырылуы да осыған байланысты.
Өз кезегінде Ресей Мемлекеттік думасының төрағасы Вячеслав Володин парламентшілердің өз белсенділігін арттыруы қажетіне қатысты Елбасының үндеуіне үн қатып, қолдай сөйледі.
– Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Еуразиялық интеграция бойынша бастамаларына, адамзатты ажыратуға емес, біріктіруге бағытталған идеяларына тағзым ете отырып, ресейлік депутаттар атынан ризашылығымызды білдіреміз. Қазіргі алмағайып заманда жағдай әртүрлі қалыптасуда, ең жақсы идеялар мен саналы ойлар өмірде нақты жүзеге аса бермейді. Алайда өткен ғасырдың күрделі 90-жылдары жария етілген Н.Назарбаевтың Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясы өмірге жолдама алды. Қазіргі уақытта ЕАЭО-мен серіктес болуға, оның айналасында бірігуге ұмтылған елдер қатары артуда. Сонымен қатар парламентаризмнің рөлін түсініп, оны бағалай білгені үшін де Нұрсұлтан Әбішұлына айрықша алғыс айтқым келеді, – деді Мемдума спикері.
Ол парламентшілер өздерінің салмақты рөлдерін бағамдамай, көп жағдайда үнсіз қалатынын айтты. Жаһандық державалар мұнайлы елдерге баса-көктей кіруде, Біріккен Ұлттар Ұйымының санкциялауынсыз-ақ алпауыттар өзге мемлекеттер жерінде соғыс бастап кетуде, тәуелсіз елдердің ішкі істеріне араласып, дамуға қатысты төл танымдарын таңуда. Төрткүл дүниенің әр бұрышында адам құқығын аяққа таптайтын, заңға қайшы тірліктер белең алуда. Әйтсе де, дүниежүзілік аренада заң атынан сөйлеуге, халық атынан үн қатуға тиіс парламенттер үнсіз.
Өз кезегінде Корея Республикасының Ұлттық ассамблеясының төрағасы Мун Хи Сан парламентшілерге Еуразияның бел ортасында орналасқан қазақ елі арқылы Жер бетіндегі жұртшылыққа жүгіну мүмкіндігі беріліп отырғанына назар аудартты.
– Осы мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевқа аймағымыздағы өркендеудің негізін қалағаны және 25 жыл бұрын еуразиялық ықпалдастықтың тұңғыш тұжырымдамасын түзгені үшін ризашылығымды және құрметімді білдіремін. Биыл кеңесімізге бұрын-соңды болмаған көп көлемде парламенттер өкілдері және халықаралық ұйымдар қатысып отыр. Бұл континентіміздегі өркендеуге тұғыр болар ынтымақтастықты ілгерілетуге қолайлы жағдай туғызады, – деді Оңтүстік Корея парламентінің басшысы.
Ол өзара келісім мен сенім саласындағы Қазақстан мен Кореяның оң тәжірибесін үлгі етті.
– Қазақстанның Тұңғыш Президентінің «Үлкен Еуразия», «Нұрлы жол» саясаты, сонымен қатар біздегі Оңтүстік және Солтүстік Кореяның басын біріктіру саясаты сайып келгенде, бір мақсатқа – еуразиялық өңірді келісім мекеніне айналдыруға бағытталған. Мұндай стратегиялар құрлығымыздағы елдер үшін жаңа мүмкіндіктер терезесін ашады. Әйткенмен, бұл орасан зор әлеуетті тек мемлекеттер арасында өзара құрмет пен сенім болса ғана іске асыра аламыз. Бүгінгі форум осы бағыттағы ізгі байланыстарымызды қолдауға ықпал етеді, – деді Мун Хи Сан.
Түркияның Ұлы ұлттық жиналысының төрағасы Мұстафа Шентоп мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтуға қатысты халықаралық ортақ тәсілді түзуді және оны бірге ілгерілетуді ұсынды.
– Сенім теңдікке құрылуға тиіс. Қазіргі кезде парламенттік дипломатия қақтығыстар мен шиеленістерді шешудің құрамдас бөлігіне айналып келеді. Бұл баршаға арналған бейбітшілік бағытындағы қозғалысымызға тың серпін бере алады. Еуразиялық континент өзгелерге үлгі болуы үшін халықаралық мәселелерді шешуде, бірегей мақсатымызға жетуде, ортақ жобаларымызды жүзеге асыруда парламенттік дипломатияны белсенді қолдана бастауымыз керек, – деді түркиялық парламенттің басшысы.
Словакия Ұлттық кеңесінің төрағасы Андрей Данко Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Еуразиялық интеграция идеясын жоғары бағалады және
Н.Назарбаев секілді интегратор тұлғаларсыз және олардың қайырымды, қарымды, кең қамтымды бастамаларынсыз планетада келісім мен сенім орнату мүмкін еместігін жеткізді.
– Сол себепті Қазақстанға және оның Тұңғыш Президентіне құрметім шексіз! Словакия – ЕҚЫҰ төрағасы. Яғни, біздің елімізге де осы ұйымға кіретін 57 мемлекет арасында, яғни Еуразияның басым бөлігінде диалогке араағайын болудың үлкен мүмкіндігі берілді. Біздің төрағалықтың негізгі күн тәртібі де ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Осы орайда, ЕҚЫҰ-дағы словак төрағалығының «Адамдар үшін: диалог пен тұрақтылық» деген ұранының осы саммиттің «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» деген тақырыбымен үндесіп отырғанына қуаныштымыз, – деді А.Данко.
Ол Елбасы айтқандай, конструктивті, іскерлік ауандағы сұхбаттастық жүргізуде парламентшілер өзгеге көрсетуге тиістігін алға тартты.
«Диалогте жеңіске жеткендер де, жеңілгендер де болмайды. Одан барлық тарап ұтады. Бұл үшін бір-бірімізді тыңдай білуге және ортақ әрі бірлескен шешімді табуға қабілетті болуға тиіспіз», – деп түйді словак парламентінің басшысы.
Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесіне Еуропа мен Азия елдерінен мәртебелі меймандардың көп қатысуы «Үлкен Еуразия» идеясының бастамашысы әрі басты ілгерілетушісі саналатын Қазақстанның беделі мен биіктегі орнын білдіреді.
Кеңес аясында Нұрсұлтан Назарбаев Кореяның Ұлттық ассамблеясының спикері Мун Хи Сунмен кездесті.
– Тәуелсіздік жылдары Кореямен ең жылы қарым-қатынас орнатуға тырыстым. Бізде экономикалық ынтымақтастықтың үлкен бағдарламасы бар. Қазақстанда 100 мың кәріс ұлты тұрады. Бұл елдеріміз арасындағы алтын көпір. Біз экономикалық және саяси ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделіміз, – деді Елбасы. Сондай-ақ ол қос Корея арасында диалог орнату үдерісіне қолдау білдірді.
Бұған қоса Н.Назарбаев Сауд Арабиясы Корольдігінің аш-Шура Меджлисінің спикері Абдуллах Әл-Шейхпен жүздесті. Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы қарым-қатынас достық сипатта.
– Біз Сауд Арабиясына зор құрметпен қараймыз. Тәуелсіздік алған тұста сіздің еліңіз үлкен қолдау көрсетті. Бұл біздің есімізде, – деді Тұңғыш Президент.
Н.Назарбаев сондай-ақ
Оман аш-Шура Меджлисінің спикері Халид Әл-Мауалимен кездесті. Ол Қазақстанның Оманмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге мүдделі екенін мәлім етті.
– Екі ел арасындағы қатынастарды дамытуға мүдделіміз. Логистиканың жоқтығынан өзара сауда көлемі төмен. Каспийден Иранға апаратын теміржол салдық. Енді тауарлар тасуға мүмкіндік бар. Мемлекеттеріміз арасындағы сауданы дамытуымыз керек, – деді Елбасы.