Еуразиялық ықпалдастық ұйытқысы

Еуразиялық ықпалдастық ұйытқысы

Жер шарындағы ең ірі құрлықта орналасқан мемлекеттер парламенттерінің басшылары Қазақстанда алғаш рет жиылды. Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Халықаралық парламенттік форум Қазақстанның Тұңғыш Президенті сонау 1994 жылы ұсынған еуразиялық идеяның 25 жылдығына арналды.

Спикерлер саммитінің қа­тысу­шыларына қайырылған Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті ғаламшарымыздағы құр­лықтың үштен бірін басыбайлы иеленген алып континентіміздегі мемлекеттер арасында парла­ментаралық үнқатыс пен ынты­мақтастықты жолға қоюдың маңызына тоқталды.

Өз сөзінде Н.Назарбаев ше­телдік мәртебелі мей­ман­дарды алдымен тәуел­сіз­дік жылдарындағы республи­ка­мыз­дың өркендеуінің негізгі басым­дықтарымен таныстыра кетті.

– Біз экономикалық өрлеуді және халқымыздың әл-ауқатын арттыруды басты басымдық ретінде белгіледік. Нарықтық экономиканы тақырдан, жаңа­дан тұрғызған Қазақстан бүгінде әлемдегі барынша озық 50 мем­лекеттің қатарына кірді. Қа­зақстанның ЖІӨ-сі 18 есеге ұлғайды. Ел экономикасының көлемі Орталық Азиядағы бар­лық елдердің ЖІӨ-лерін қоса ал­ғанда, одан 2 есеге жуыққа асып түседі. Халықтың долларға шаққандағы табысы 9 есеге өсті. Кедейшілік деңгейі 10 есеге, 40-тан 4,6%-ға дейін қысқарды, – деді Елбасы.

Ол мемлекетіміздің транзит­тік-көліктік әлеуетін дамыту және қолайлы бизнес-ахуал қа­лыптастыру саласындағы жетіс­тіктерін тілге тиек етті.

Нұрсұлтан Назарбаев респуб­ли­камыздың халықаралық құқық­тық мойындалуы бағытын­дағы жұмыстың нәтижелерін де жариялай кетті.

Тұңғыш Президент ядролық қарусыздану және жаппай қы­­рып-жою қаруларының тара­луына тосқауыл қою бойынша Қазақстанның күш-жігері жө­нінде әңгімеледі.

– Қазақстан БҰҰ Бас ассам­блеясы қабылдаған ядро­лық қарудан азат әлем құру ту­ра­лы жалпыға бірдей деклара­ция­ның бастамашысы және тең авторы атанды. Өңірдегі көр­шілерімізбен бірлесіп, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құрдық. «Ядролық қа­русыз әлем және жаһандық қауіп­сіздік үшін» сыйлығын тағайын­дадым, – деді Елбасы.

Оның байламынша, алға оза белсенділік таныту, көпвекторлы және бейбітсүйгіш саясат жүргізу арқасында қазақ елі өз егемендігі мен ұлттық қауіпсіздігін елеулі түрде күшейте алды.

– Халқымыздың ұлттық біре­гейлігі мен мәдениетін сақ­тау салмақты, сарабдал басым­дық ретінде айқындалып отыр. Ұлы дала адамзатқа жыл­қы ша­руашылығын және көш­пен­ділер мәдениетін, байырғы ме­таллургияны, өнердегі «аңдық стильді» және теңдесі жоқ «Ал­тын адамды» сыйлады. Қа­зақстан­ның ұлан-байтақ дала­сын Ұлы Жібек жолының керуен­дері басып өткен, қазір біз ол сауда жолын қалпына кел­тіру­деміз. Бұл жерде түркі әлемі дүниеге келген, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті еуразиялық диа­логті, континент елдері арасын­дағы сенімді және әріптестікті нығайтуға бағытталған бірқатар ұсы­ныс­тарын жариялады. Ол пар­ла­ментшілерді жаһандық жетекші державалар арасындағы сенім дағдарысын шешу үде­рісіне белсенді атсалысуға ша­қырды.

– Біз ары қарай да халықара­лық құқық жүйесіндегі дағда­рысқа, соның ішінде оның бұ­зылуына, аяқасты болуына, елеу­сіз қалдырылуына куә болудамыз. Мемлекеттердің жер тұтастығына, егемендігіне қол сұғу, бұрын қол жеткізілген уағдаластықтардың күйреуі жағдайлары жақсы бел­гілі. Санкцияларды өз қалауынша қолдану сол шектеулер бағыт­талған елдерге ғана емес, соны­мен бірге басқа барлық мемлекет­тер­ге, бүкіл әлемдегі миллионда­ған қа­рапайым адамдардың ­әл-ау­қа­тына кері әсер етуде, – деді Елбасы.

Бұған қоса, Н.Назарбаев пар­ламенттер жетекшілеріне жаһан жұртшылығы үшін үлкен маңызға ие халықаралық келісімдерді ра­тификациялау бойынша жұмысты жандандыруды ұсынды.

– Парламентаралық қоғам­дастықтың өз ішіндегі ынты­мақтастығын, парламентшілердің өз қатарындағы бірлікті нығайт­қан және заңнамалық салада бір­лескен жұмыс тиімділігін арт­тырған жөн. Құқықтық актілерді бірізділендіру, өзара үйлестіру бөлігінде үлкен жұмыс күтіп тұр. Мәселен, терроризмнің жалпыға ортақ анықтамасын әзірлеу, лаң­кестік және экстремистік ұйым­дардың, халықаралық ұйым­дасқан қылмыстық топтардың бі­рың­ғай тізімін түзу маңыз­ды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сөз соңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Үлкен Еура­зияны» дамытудың ары қарайғы жолдарын анықтау тұрғысынан IV кеңестің өзектілігін атап өтті.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығ­матулин Елбасының Еура­зия­лық идеясын ұстын еткен спикерлер саммиті әртүрлі елдің заң шығарушы органдары ара­сында жан-жақты диалог орна­туға, өзара сенімді нығайтуға, пар­ламентаралық ынтымақтас­тықты одан әрі күшейтуге кең жол ашады деген байлам айтты.

– Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы – шын мәнінде, Еуразияның пар­ла­менттік астанасына айналды. Кеңес жұмысына Еуропа мен Азияның 65 мемлекетінің пар­ламенттік делегациялары қаты­суда, оның 41-ін парламент спи­керлері бастап келді. Сондай-ақ 14 халықаралық ұйым өкілдері қатысып отыр. Сөзсіз, осы фо­румымызға еуразиялық жоба­ның авторы және бастамашы­сы ­Нұр­сұлтан Назарбаевтың ­қа­тысуы – шараға айрықша маңыз бен мән береді, – деді Н.Нығматулин.

Ол төртінші кеңеске «Үлкен Еу­разия: Диалог. Сенім. Се­рік­тестік» тақырыбы бекер таңдал­мағанына назар аудартты.

– Қазақстанның Тұңғыш Пре­зидентінің кең ауқымды әрі теңдессіз Еуразия жобасын қа­лып­тастыруға, дамытуға және ны­ғайтуға бағытталған халықа­ралық бастамалары қазірдің өзін­де салмақты нәтижелер әкелуде. Ол тек елдеріміздің үкіметтері үшін ғана емес, сонымен қатар парламенттеріміз үшін де өзек­ті, – деген Мәжіліс төрағасы интеграциялық үдерістерге ла­йықты заңнамалық қолдау көр­сетудің маңыздылығын баса айт­ты. «Үлкен Еуразия» идея­сы­ның табысты іске асырылуы да осыған байланысты.

Өз кезегінде Ресей Мемле­кет­тік ду­масының төрағасы Вячеслав Володин парламентшілердің өз белсенділігін арттыруы қажетіне қатысты Елбасының үндеуіне үн қатып, қолдай сөйледі.

– Қазақстанның Тұңғыш Пре­­­зидентінің Еуразиялық инте­гра­ция бойынша бастамаларына, адамзатты ажыратуға емес, бі­рік­тіруге бағытталған идеяларына тағ­зым ете отырып, ресейлік де­пу­таттар атынан ризашы­лы­ғы­мыз­ды білдіреміз. Қазіргі ал­ма­ға­йып заманда жағдай әртүрлі қа­лып­тасуда, ең жақсы идеялар мен с­аналы ойлар өмірде нақты жү­зе­ге аса бермейді. Алайда өткен ға­сырдың күрделі 90-жыл­дары жария етілген Н.Назарбаевтың Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясы өмірге жолдама алды. Қазіргі уақытта ЕАЭО-мен серіктес болуға, оның айнала­сында бірігуге ұмтылған елдер қатары артуда. Сонымен қатар парламентаризмнің рөлін түсініп, оны бағалай білгені үшін де Нұрсұлтан Әбішұлына айрықша алғыс айтқым келеді, – деді Мемдума спикері.

Ол парламентшілер өздерінің салмақты рөлдерін бағамдамай, көп жағдайда үнсіз қалатынын айтты. Жаһандық державалар мұ­найлы елдерге баса-көктей кі­руде, Біріккен Ұлттар Ұйымының санкциялауынсыз-ақ алпауыттар өзге мемлекеттер жерінде соғыс бастап кетуде, тәуелсіз елдердің ішкі істеріне араласып, дамуға қатысты төл танымдарын таңуда. Төрткүл дүниенің әр бұрышында адам құқығын аяққа таптайтын, заңға қайшы тірліктер белең алуда. Әйтсе де, дүниежүзілік аре­нада заң атынан сөйлеуге, халық атынан үн қатуға тиіс парла­менттер үнсіз.


Өз кезегінде Корея Респуб­ликасының Ұлттық ассамблея­сының төрағасы Мун Хи Сан пар­ламентшілерге Еуразияның бел ортасында орналасқан қазақ елі арқылы Жер бетіндегі жұрт­шылыққа жүгіну мүмкіндігі бе­ріліп отырғанына назар аудартты.

– Осы мүмкіндікті пайда­ла­нып, Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті Н.Назарбаевқа айма­ғы­мыздағы өркендеудің негізін қалағаны және 25 жыл бұрын еуразиялық ықпалдастықтың тұңғыш тұжырымдамасын түзгені үшін ризашылығымды және құрметімді білдіремін. Биыл ке­ңесімізге бұрын-соңды болмаған көп көлемде парламенттер өкіл­дері және халықаралық ұйымдар қатысып отыр. Бұл континен­тіміздегі өркендеуге тұғыр болар ынтымақтастықты ілгерілетуге қолайлы жағдай туғызады, – деді Оңтүстік Корея парламентінің басшысы.

Ол өзара келісім мен сенім саласындағы Қазақстан мен Ко­реяның оң тәжірибесін үлгі етті.

– Қазақстанның Тұңғыш Пре­зидентінің «Үлкен Еуразия», «Нұрлы жол» саясаты, сонымен қатар біздегі Оңтүстік және Сол­түстік Кореяның басын біріктіру саясаты сайып келгенде, бір мақ­сатқа – еуразиялық өңірді келісім мекеніне айналдыруға бағыт­талған. Мұндай стратегиялар құр­лығымыздағы елдер үшін жаңа мүмкіндіктер терезесін аша­ды. Әйткенмен, бұл орасан зор әлеуетті тек мемлекеттер ара­сында өзара құрмет пен сенім болса ғана іске асыра аламыз. Бүгінгі форум осы бағыттағы ізгі байланыстарымызды қолдауға ықпал етеді, – деді Мун Хи Сан.

Түркияның Ұлы ұлттық жи­налысының төрағасы Мұстафа Шентоп мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтуға қатысты ха­лықаралық ортақ тәсілді түзуді және оны бірге ілгерілетуді ұсынды.

– Сенім теңдікке құрылуға тиіс. Қазіргі кезде парламенттік дипломатия қақтығыстар мен шиеленістерді шешудің құрамдас бөлігіне айналып келеді. Бұл бар­шаға арналған бейбітшілік бағы­тындағы қозғалысымызға тың серпін бере алады. Еура­зиялық континент өзгелерге үлгі болуы үшін халықаралық мә­селелерді шешуде, бірегей мақса­тымызға жетуде, ортақ жоба­ларымызды жүзеге асыруда пар­ламенттік дипломатияны бел­сен­ді қолдана бастауымыз керек, – деді түркия­лық парламенттің басшысы.

Словакия Ұлттық кеңесінің төрағасы Андрей Данко Қазақ­станның Тұңғыш Президен­ті­нің Еуразиялық интеграция идеясын жоғары бағалады және 
Н.Назар­баев секілді интегратор тұлға­ларсыз және олардың қайы­рым­ды, қарымды, кең қамтымды бас­тамаларынсыз планетада келісім мен сенім орнату мүмкін еместігін жеткізді.

– Сол себепті Қазақстанға және оның Тұңғыш Президентіне құрметім шексіз! Словакия – ЕҚЫҰ төрағасы. Яғни, біздің елі­мізге де осы ұйымға кіретін 57 мемлекет арасында, яғни Еура­зияның басым бөлігінде диалогке араағайын болудың үлкен мүм­кіндігі берілді. Біздің төраға­лық­тың негізгі күн тәртібі де ын­ты­мақтастықты нығайтуға бағыт­талған. Осы орайда, ЕҚЫҰ-дағы словак төрағалығының «Адамдар үшін: диалог пен тұрақтылық» деген ұранының осы саммиттің «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» деген тақырыбымен үндесіп отырғанына қуаныш­тымыз, – деді А.Данко.

Ол Елбасы айтқандай, конс­труктивті, іскерлік ауандағы сұх­баттастық жүргізуде парламент­шілер өзгеге көрсетуге тиістігін алға тартты.

«Диалогте жеңіске жеткендер де, жеңілгендер де болмайды. Одан барлық тарап ұтады. Бұл үшін бір-бірімізді тыңдай білуге және ортақ әрі бірлескен шешім­ді табуға қабілетті болуға тиіс­піз», – деп түйді словак парла­ментінің басшысы.

Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесіне Еуропа мен Азия елдерінен мәртебелі меймандардың көп қатысуы «Үлкен Еуразия» идеясының бас­тамашысы әрі басты ілгерілетушісі саналатын Қазақстанның беделі мен биіктегі орнын білдіреді.

Кеңес аясында Нұрсұлтан Назарбаев Кореяның Ұлттық ассамблеясының спикері Мун Хи Сунмен кездесті.

– Тәуелсіздік жылдары Ко­реямен ең жылы қарым-қатынас орнатуға тырыстым. Бізде эко­номикалық ынтымақтастықтың үлкен бағдарламасы бар. Қазақ­станда 100 мың кәріс ұлты тұрады. Бұл елдеріміз арасындағы алтын көпір. Біз экономикалық және саяси ынтымақтастықты жал­ғастыруға мүдделіміз, – деді Елбасы. Сондай-ақ ол қос Корея арасында диалог орнату үде­рісіне қолдау білдірді.

Бұған қоса Н.Назарбаев Сауд Арабиясы Корольдігінің аш-Шура Меджлисінің спикері Абдуллах Әл-Шейхпен жүздесті. Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы қарым-қатынас достық сипатта.

– Біз Сауд Арабиясына зор құрметпен қараймыз. Тәуелсіздік алған тұста сіздің еліңіз үлкен қолдау көрсетті. Бұл біздің есі­мізде, – деді Тұңғыш Президент.

Н.Назарбаев сондай-ақ 
Оман аш-Шура Меджлисінің спикері Халид Әл-Мауалимен кездесті. Ол Қазақстанның Оман­мен сауда-экономикалық ын­тымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге мүдделі екенін мәлім етті.

– Екі ел арасындағы қаты­настарды дамытуға мүдделіміз. Логистиканың жоқтығынан өзара сауда көлемі төмен. Каспийден Иранға апаратын теміржол сал­дық. Енді тауарлар тасуға мүм­кін­дік бар. Мемлекеттеріміз ара­сындағы сауданы дамытуымыз керек, – деді Елбасы.