Америкалық бизнес көшбасшылары қатысқан дөңгелек үстелде Қ.Тоқаев Елбасы Н.Назарбаевтың 2018 жылдың қаңтар айындағы Құрама Штаттарға сапары аясында қазақстандық-америкалық кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы Бірлескен мәлімдемеге қол қойылғалы бері екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың айтарлықтай нығая түскенін атап өтті.
Ол АҚШ – Қазақстан экономикасының ірі инвесторларының бірі екенін еске салды. Еліміз экономикасына америкалық инвесторлар құйған инвестициялардың жалпы көлемі 45 миллиард доллардан асып кетті. Қазақстанда 500-ден аса америкалық компания жұмыс істейді.
– 2018 жылы Қазақстанға тартылған америкалық тікелей инвестициялар көлемі 5,3 миллиард долларлық межеге жетіп, жаңа рекорд орнатты. Ал өзара сауда көлемі екі есеге артып, 2018 жылы 2,8 миллиард долларды құрады, – деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы америкалық серіктестерге Қазақстан Үкіметінің инвестициялық ахуалды жақсарту жұмысын жалғастыра беретінін жеткізді. Осы мақсатта заң үстемдігі, келісімшарттарға қол сұғылмауы және зияткерлік меншік құқығын қорғау қамтамасыз етіледі. Оның айтуынша, инвесторлармен жұмыстағы басты міндет тұрақтылық пен болжамдылықты сақтау болады.
Әңгіме барысында Қазақстанның энергетика, ауыл шаруашылығы, қаржы және адами капитал салаларындағы әлеуеті туралы да айтылды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің көлік-логистикалық мүмкіндіктеріне де екпін түсірді. Сөз соңында ол ел Президенті ретінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық әріптестіктің өрістеуіне күш салатынына Американың іскер топ өкілдерін сендірді.
Осы күні Мемлекет басшысы Royal Dutch Shell, JPMorgan Chase & Co., Tyson Fresh Meats, Valmont Industries, Plug'n Play, Amazon Web Services секілді бірқатар ірі халықаралық компаниялар басшыларымен де кездесу өткізді.
Бұдан бөлек, БҰҰ Бас ассамблеясы 74-сессиясының алаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцария конфедерациясының президенті Ули Маурермен кездесті. Мемлекеттер басшылары екіжақты күн тәртібіндегі кең ауқымды өзекті мәселелерді талқылады. Қ.Тоқаев Қазақстан – Швейцария арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екеніне екпін түсірді.
Мемлекет басшысы сондай-ақ Болгария президенті Румен Радевпен жүздесті және саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен оны нығайтудың перспективаларын талқылады.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Польша президенті Анджей Дудамен келіссөз жүргізді. Оның барысында мемлекеттер көшбасшылары өзара ынтымақтастықтың келешегін, соның ішінде Еуропалық одақ аясындағы қарым-қатынас мәселесін талқылады. Қазақстан Президенті поляк әріптесіне елімізде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғанын айтты. Дәл осындай құрылым Польша президентінің басшылығымен бұл мемлекетте де жұмыс істейді.
Қ.Тоқаев Грузия президенті Саломе Зурабишвилимен кездесті. Жүздесушілер екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық салаларда өзара іс-қимылдарды кеңейту қажетін атап өтті. Мемлекет басшысы көлік-логистика саласындағы бірлескен жұмыстардың, соның ішінде қазақстандық Ақтау және Құрық порттарын пайдалану арқылы екі ел арасындаға жүк тасымалын жүзеге асырудың маңыздылығын айтты.
Келесі кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Украина президенті Владимир Зеленский бірін-бірі өз мемлекеттеріндегі ең жоғарғы лауазымға сайлануларымен құттықтады. Қазақстан басшысы екі ел арасындағы тарихи тамырластық пен ортақ болашақ жайын атап өтті. Кездесу соңында Қ.Тоқаев пен В.Зеленский бір-бірін өз мемлекеттеріне сапарлап келуге шақырды.
Ел Президенті Иордания Королі ІІ Абдалламен кездесті және тараптар екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі жай-күйі мен перспективаларын талқыға салды. Екі көшбасшы да түрлі салалар бойынша өзара тиімді әріптестікті одан ары дамытуға дайын екендерін мәлімдеді. Қ.Тоқаев Иорданиямен арадағы инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге әзірлік танытты.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясы 74-сессиясының Жалпы дебаттарының ашылуына қатысты және аталған жиында сөз сөйлейді деп жоспарлануда.