Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2008 жылдан бері жүргізген зерттеуінде әлемнің 104 елін қамтыған. Жыл сайын 100 800 ағза алмастыру операциясы жасалады. Соның ішінде 69 400 бүйрек, 20 200 бауыр трансплантацияланады. Ағза алмастырудың арнайы тәртібі бар. Айналып келгенде бәрі кезек пен квотаға тіреледі.
Ішкі істер министрлігі криминалды полиция бөлімінің мәліметінше, елімізде 2019 жылы адам саудасына қарсы күрес бойынша 141 қылмыстық іс қозғалған. Соның 59-ы адам ағзасы мен тіндерін саудалауға қатысты.
Қазақстанда 2017 жылдан бастап адам ағзасын заңсыз саудалайтын трансұлттық қылмыстық топ жұмыс істеген. Донорларды Өзбекстан, Қырғызстан мен Украинадан әкелген. Ал реципиенттерді Израильден алдыртқан. Жақында ІІМ адам ағзаларын трансплантациялаумен айналысатын трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтады.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, қылмыскерлер мен медицина қызметкерлері донорларды өзара «ет» деп атапты. Полиция қызметкерлерінің болжамынша, олар 50-ден астам заңсыз ота жасап, 10 млн доллар пайда тапқан.
Мамыр айында күдікті ретінде трансплантолог Г.Құттымұратов тергеуге алынған еді. Жасаған қылмысы дәлелденсе, оған Қылмыстық кодекстің 116-бабы 3-тармағы, 264-бабы 2-тармағы бойынша айып тағылады. Әзірге тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Ағза саудасының өршуіне еліміздегі трансплантацияның квота бойынша және ақылы түрде жүретіні себеп екен. Бөлім қызметкері Баймұрзиннің айтуынша, кезек барлық жерде көп. Алға жылжуы да уақыттың еншісінде. Ал халі мүшкіл адамның күтіп отыруға уақыты жоқ. Осыдан қылмыс күшейіп, түрлі топ құрылады.
Донор мәселесі – әлем бойынша өзекті тақырып. Трансплантация жасау тұрғысынан Израиль көш бастап тұр. Мұнда альтруист донорлар көп. Олар өз еркімен донор бола алады. Науқасқа туысқан болуы міндетті емес. Қазақстанда туысқаны болсаңыз ғана, донор бола аласыз. Өйткені елімізде коммерциялық тұрғыда донор болуға тыйым салынған. Туысыңыздың ағзасын алудың пайдасы ұшан-теңіз. Әсіресе, бүйрек пен бауыр алмастыру операциясы тиімді. Жақыны донор болған жағдайда операциядан кейін ілгерілеу байқалады. Ағзаның денеде бітуі тез жүзеге асады. Үйренісу де көп уақыт алмайды.
Елімізде трансплантация жасайтын 6 орталық жұмыс істейді. Олар: астанадағы Ұлттық кардиохирургия орталығы мен Онкология және трансплантология ғылыми орталығы, Алматыдағы Н.Сызғанов атындағы ғылыми хирургия орталығы мен қалалық №7 емханалық аурухана, Шымкенттегі қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы мен Ақтөбедегі облыстық аурухана медицина мекемесі.
Ел дәрігерлері жүрек, бүйрек, бауыр, асқазанасты безі, сүйек кемігін алмастыру операциясын жасайды. Кезінде мұндай операция үшін халық шетел асуға асығатын. Қазір жағдай қалыпқа түскен. Алғаш рет 1979 жылы бүйрек алмастыру операциясы тіркелген. Соңғы төрт жылда елімізде мыңнан астам адам ағзасына трансплантация жасаған. Көрсеткіштер де көңіл қуантады. Елімізде 2009 жылы ағза мен сүйек кемігін алмастыру бойынша 4 ота жасалған. 2012 жылы отаның саны 74-ке, ал 2013 жылдың жарты жылында 93-ке жеткен.Донор мәселесі – әлем бойынша өзекті тақырып. Трансплантация жасау тұрғысынан Израиль көш бастап тұр. Мұнда альтруист донорлар көп. Олар өз еркімен донор бола алады. Науқасқа туысқан болуы міндетті емес. Қазақстанда туысқаны болсаңыз ғана, донор бола аласыз. Өйткені елімізде коммерциялық тұрғыда донор болуға тыйым салынған. Туысыңыздың ағзасын алудың пайдасы ұшан-теңіз.
Ағза алмастыруға зәру науқастардың арнайы күту парағы бар. Статистика бойынша, бүйрек ауыстыру отасын қажет ететіндердің саны 3 мыңнан көп. Маманның айтуынша, науқас кезегі келгенше бүйректің қызметін атқаратын «диализ» аппаратына тәуелді екен. Бүйректен кейінгі алмастыру кезегінде тұрған – бауыр. 700-ге жуық науқасқа бауырды трансплантациялау керек. Осы екі ағзадан кейін сырқат қазақстандықтарға керегі – жүрек, ұйқы безі, өкпе.
Н.Сызғанов атындағы хирургия орталығының трансплантологы Мақсат Досханов кезекті бір сұхбатында еліміздегі ағза алмастыру операциялары туралы айтты. «Бүйрек алмастыру отасының ұзақтығы – 4-6 сағат. Ал бауыр алмастыру 12-16 сағатқа дейін созылады. Арнайы құрал-жабдық керек. Бұл жертөледе немесе басқа да медициналық емес мекемеде жасай салатын кішігірім операцияға жатпайды. Науқастың отадан кейінгі жағдайын да бақылау керек» дейді ол.
Осы мәлімдемеден-ақ адам ағзасын трансплантациялаумен айналысатын трансұлттық ұйымның әрекеті заңға қайшы әрі адам өміріне қауіпті екенін көреміз. Қаупіне қарамастан, дүниежүзінде қара нарықтың саудасы жүріп тұр. Аталған іске қарсы күресетін бірнеше ұйым жұмыс істесе де, мәселе шешілетін емес. Себебі науқас өмірін күту парағында кезегі қашан келетінін болжаумен өткізгісі келмейді.
Күту парағы – донор кезегін жүргізудің арнайы тәртібі. Жүйені белгілі шкала бойынша есептейді. Бауыры ауыратын адамдарда аурудың соңғы сатысы кімде білінсе, сол адамның операцияны бірінші кезекте жасатуға мүмкіндігі мол. Ал бүйрек алмастыру кезінде иммунологиялық реакцияларға қарайды. Бірінші кезекте иммунологиялық сәйкестігі жоғары адам отаға жіберіледі. Кезекте ұзақ уақыт тұрған адамның да еңбегі есептеледі. Дәрігер Мақсат Айталықтың айтуынша, жылына бауыр алмастыру отасы 3-4 адамға ғана жасалады. Науқастардың 30-40 пайызы кезегін күтемін дегенше көз жұмады екен. 60-70 пайызы кезегін күтпей, аурудан арылудың жолын іздейді. Күту қағазында тұрғандардан кімнің жағдайы мүшкіл соған алдыңғы кезекте ота жасалады.
Түрлі зерттеулер көрсеткендей, жасанды жүрек адамға 5-6 жыл өмір сыйлайды. Жүректі трансплантациялау болса, науқас ғұмырын 15-20 жылға ұзартады. Жүрек кезек күтіп тұратын ағза емес. Күту парағын күн сайын тексеретін халде болмайды. Енді қайтпек? Осыдан қара нарыққа хабар тарататын шешімге келеді. Трансұлттық қылмыстық топтардың жұмысын «дөңгелетуге» осы статистика себеп. Жаны қысылғанда барын аямайтындар кез келген мүмкіндікті пайдаланғысы келеді. Келеді де, медициналық талапқа қарсы, заңсыз әрекетке барады. Кезектің зардабы қоғамға тиеді.
Айбике ЖАНАСЫЛ