«Баянауыл ұлттық паркінде шыққан өрт толығымен сөндірілді. Әкімдіктің айтуынша, өрттен зардап шеккендер жоқ». Бұл туралы Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Бірақ БАҚ басқаша сөйлейді. 24 қыркүйек күні Төтенше жағдайлар комитетінде өткен брифингте өрт ошақтарының әлі де сөнбегені айтылды. Кімге сенеміз?
– Таңертеңнен бастап ТЖ қызметкерлері ұшып кетті. Кешегідей ашық от ошағы табылмады. Қазір біз барлық аудан аумағындағы, соның ішінде ұлттық парктегі өртті толық сөндірдік. Өрт сөндіру жұмыстарына үдей соққан жел кедергі болды. Сонымен қатар өрт төмен бойлай түсіп, біраз жер қурап қалды және жаңғақтар жанып кетті. Яғни, орман қаз-қалпы қалды, – деді Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов.
Әкімнің айтуынша, өртті сөндіруге Ақсу, Екібастұз және Павлодардың өртке қарсы қызметінің жұмыскерлері, ұлттық парк қызметкерлері мен аудан тұрғындары үлкен көмек көрсеткен. Баянауыл ауданы әкімі халықты өрт толық сөнді деп әлек болса, Төтенше жағдайлар комитеті төрағасы осыған қатысты ойын айтты.
Владимир Беккердің мәлімдемесі басқаша өрбіді. ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккердің мәліметінше, тілсіз жаумен күреске 130 адам және 37 бірлік техника жұмылдырылды. Таңғы сағат 8-де әуеге барлау жұмыстарын жүргізуге талпыныс жасалғанын айтты. Бірақ секундына 16-20 метр жылдамдықпен соққан желден тікұшақ әуеге көтеріле алмаған. Комитет төрағасының сөзінше, өрт периметр бойынша таралмаған. Әлі де өрт ішінде ошақтары бар екен.
Баянауыл ауданындағы өрт 22 қыркүйекте басталды. Оның тез таралуына жоғары ауа температурасы мен қатты жел себеп болды. Өрт бес ауылды округтің аумағын қамтыды.
Павлодар облысы ТЖ департаментінің мәліметі бойынша, шамамен өрт аумағы 93 гектарды құрады. Оған ең жоғары – бесінші қауіптілік санаты берілді.
Бұған дейін Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы 23 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысында 300 гектар аумақтағы шөп жанып кеткенін хабарлаған еді.