Ел Президенті Қ.Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында аймақтарды дамыту тұрғысында ең маңыздысы жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру қажет екенін айтты. Бұл жайында Жолдаудың «Қуатты өңірлер – қуатты ел» бөлімінде кеңірек жазылған.
Қазақстан өзінің дербес даму жолында макроэкономикалық тұрақтылық пен жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) тұрақты өсуі алғашқы орынға қойылғанымен, көп жағдайда өңірлерді дамыту мәселесі екінші орында қалып жатты. Рас, бұл бағытта әр жылдары түрлі қадамдар жасалды. Жергілікті өзін-өзі басқарудың нормативтік-құқықтық базасы да енгізілген. 2004 жылы алғашқы Бюджет кодексі қабылданды, онда елдің және әр аймақтың ортамерзімді даму жоспары қамтылды. Дәл осы кезде экономика жедел қарқынмен дами бастаған (2003-2007 жылдардағы ЖІӨ-нің орташа деңгейі 9,5%-дан асты). Бірақ сол кезеңде өңірлердің даму деңгейінде үлкен дисбаланс орын алды. Мәселен, 2006 жылы Атырау облысының жан басына шаққандағы ЖІӨ Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысынан 12 есе асып түсті. Мұнай мен газдан және басқа да экспорттық тауарлардан түскен табыс нәтижесінде, ел өңіріндегі ЖІӨ көрсеткішінің айырмасы 9 есеге жетті. Мұның бәрі сайып келгенде, ел тұрғындарының өмір сүру деңгейіндегі едәуір алшақтыққа әкелді: орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстың максималды және минималды деңгейінің айырмашылығы 3,3 есеге, бір қызметкердің орташа айлық жалақысының айырмашылығы 2,8 есеге дейін өскен. Сарапшылар егер бұл алшақтықты дер кезінде реттеп, жергілікті экономиканы әртараптандырмаса, нәтижесі оңайға соқпайтынын айтуда. Өйткені жерасты байлығының қоры азайған кезде бір өндіріске негізделген өңірлік экономиканың да күрт әлсірейтіні сөзсіз.
Тәуелсіздік жылдарында жинаған тәжірибе көрсеткендей, аймақтық басқару ісінде шешім қабылдауда белгілі бір дәрежедегі дербестік қажет. Ол дербестік өңірлердің экономикалық әл-ауқатының негізі болуы тиіс. Бүгінде жергілікті басқару механизмін унитарлы немесе федералды құрылымға негізделген мемлекеттер де енгізіп отыр. Мысалы, унитарлы мемлекет Францияда өңірлер арасындағы жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің айырмасы ең көбі екі есені құрайды.
Мемлекеттің қуаты ел тұрғындарының тұрмыс жағдайы, әлеуметтің әлеуетімен өлшенетіні анық. Бұл тұрғыда көрсеткіштер жоғарыда келтіргендей. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) сарапшыларының пікірінше, қазақстандықтарға сауатты урбанизация және жайлы, тиімді орта, яғни қала өміріне бейімдейтін механизм керек. ЭЫДҰ мамандары мемлекеттің тұрақты дамуы ірі қалалардың дамуымен тығыз байланысты екенін айтады. Себебі жоғарыда аталған ұйымға мүше елдердің халқының 80%-ы қалада тұрса, бізде қалалықтар жалпы халықтың 60%-ына енді жетті. Оның өзінде қалаға жұмыс іздеп, әупірімдеп жеткен жұрттың барлығы бірдей өмір сүруге қажетті жағдаймен толық қамтылған ба? Бір ғана мысал. Елордамыздың іргесіндегі ауылдардан таңертең қалаға жұмысқа жетуі үшін қоғамдық көлік қатынасы толығымен шешілмеген. Автобустардың аздығынан мегаполис маңында тұратын азаматтар таңертең жеке көлікпен қатынауға мәжбүр. Бұл өз кезегінде қала көшелеріндегі кептелістің көбеюіне әкелуде. Сондықтан ендігі жерде жергілікті әкімдердің жұмысына баға бергенде жемқорлыққа қарсы көрсеткіш пен жұмыссыздық һәм көші-қон мәселесін қалай шешіп отырғанына баса мән берген жөн. Жергілікті әкім аймақтан ірі шаһарларға жұмыс іздеп кетіп жатқан әр тұрғынның тағдырына жауапты болуы тиіс.
ЭЫДҰ-ның бағалауындағы тағы бір бағыт – тұрғын үй нарығы. Сөз жоқ, елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. БҰҰ-да 2000 жылдан бастап Қазақстанда құрылыстың өсуі аймақтағы жоғары көрсеткіш деп бағалады. Алайда пәтерді көп салу халықтың баспана мәселесін толық шеше алмай отыр. ЭЫДҰ зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда тұрғын үйдің 97%-ы мемлекет есебінен жалға берілмейді. Демек, бюджет қаржысына салынып жатқан пәтерлерді тек ақшасы барлар сатып алуда. Егер жалға берілетін тұрғын үй нарығы дамыса, елдегі жұмыс күшінің тиімді нәтиже беруіне әсер етер еді дейді мамандар.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жолдауда республикалық маңыздағы қалаларда халық санының шамадан тыс өсуі дәл қазіргі кезде алаңдатарлық жағдай екенін ескертті. Ал кейбір облыс орталықтарында (Павлодар, Петропавл) еңбек күші тапшылығы бар. Бұл тұрғыда Президент Үкіметке көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды.
Қазақстан – унитарлы мемлекет. Тұтас еліміз аумағында бірыңғай заңдар, бірыңғай басқару құрылымы жұмыс істейді. Осы ерекшелікті негізге алып, аймақ басшыларын жергілікті халық таңдап, сайлауды енгізу ісін кейінге ысырып келдік. Рас, егер облыс әкіміне елдің тұтастығы мен президент саясатын қамтамасыз етуге жауапты өкіл деп қарайтын болсақ, оны президент тағайындауы қисынды. Бірақ аймақ басшысы өзі басқарып отырған жердің әр азаматының өміріне қатысты: білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, жұмыспен қамту, шағын бизнесті дамытуға жауапты болғандықтан, ол әкімді сол жердің халқы өзі сайлағаны дұрыс. Сайланған әкімнен істің сұрауы да бар. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Жолдауында жергілікті билік тұрғындар үшін әрдайым ашық болуы тиіс екенін ескертті. «Пилоттық жоба ретінде тұрғындар тарапынан жергілікті билік жұмысының тиімділігін бағалау жүйесін енгізу қажет деп санаймын» деді Президент. Қ.Тоқаевтың айтуынша, егер сауалнама немесе онлайн дауыс беру нәтижесінде, тұрғындардың 30%-нан астамы қала немесе ауыл әкімінің жұмысын тиімсіз деп бағаласа, бұл Президент Әкімшілігінің арнайы комиссия құрып, туындаған мәселені зерттеуіне әрі тиісті ұсыным енгізуіне негіз бола алады.
Президенттің өңірлік басқару ісіне қатысты Жолдауда айтқанынан түйгеніміз, Қазақстан халқы алдағы уақытта жергілікті билік жұмысына тікелей баға беріп, әкімдерді сайлау құқығын иеленеді. Дегенмен істің көзін таба білетін, жөндемді азаматты бірауыздан қолдап, сайлау мәдениетіне өзіміз дайынбыз ба? Ол басқа әңгімеге жүк болар тақырып...