Елдік түбі – бірлік

Елдік түбі – бірлік

Тараз қаласында «Баласағұн» ор­та­­лық концерт залында Eldik elge bailanysty қоғамдық форумы өтті. Атал­ған форум спикерлері жаңа тех­нологиялар дәуірін­де ұлт болып ұйысу, ынтымақ пен бірлік­тің баға­сын білу, күнделікті жиын-той­ларда ысы­рапшылдық пен мақ­­­тан­­гер­ші­лік­ке жол бермеу және ұр­пақ тәр­бие­сі­нің ең өзекті мәселелері тура­сын­да­ғы ойларын ортаға салды.

Қазақтың арғы-бергі тарихы мен бүгінгі бет-бей­несі, жаңа ғасыр бедеріндегі ұлттық құнды­лық­тар мен салт-дәстүрдің, өмір сүру дағдысының ба­ғыт-бағдары төңірегінде пайымды пікірлер ай­тыл­­ған форумды облыстық мәслихаттың депу­та­ты Масат Берік ашып, жүргізіп отырды. Форум­да ал­ғаш болып сөз алған облыстық кәсіпо­дақтар бір­­лестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың де­­путаты Мейрамбек Төлепберген­нің сана мен мә­­дениет, ұлт бірлігі, даңғазалық жайындағы ора­лым­­ды ойлары көпшіліктің көкейінен жол таба алды.

– Қоғам да, адамдар да өзгерді. Сана мен мәде­ниетке байланысты мәселе көбейді. Сондық­тан бүгінгі қоғамдық форум форматындағы басқосу – қа­жет дүние. Келешек қоғам мен ұрпақ үшін ұял­майтын сөз айтуға тырысайық! Қазақ халқы – бар жиделі ғұмырында ынтымақ пен бірлікке ынтызар болып, жалауын төмендетпеген халық. Біздің мұхиттың шар айнасындай өмірімізге, күнделікті тірлігімізде, оның ішінде сан белесті бағдары бар болашағымызға – ынтымақсыз, бірліксіз, өзара татулықсыз бара алмайтынымыз ақиқат. Халқымыздың басынан өткен небір алапат шайқастар, тар жол тайғақ кешулерде – осы ынтымақ пен бірліктің серік болғаны белгілі. Өйткені осы асыл дүниелер – кешегі ұлы бабалар­дан қалған бағасы жоқ теңдессіз аманат. Ал еліміз Тәуелсіздігін алған шақта бірлік пен ынтымақ ұлттық идеологиямыздың тірегіне айналып, мызғымас құндылық биігіне көтерілгені айқын. Бүгінде «бірліктің жалауын көтеріп, шын жана­шыры» болып кейбір егде кісілермен қатар естияр азаматтар кездескен шақта «руың қайсы, ат мінген атаң кім, жерің қайда?» деген сұрақтар­дың астына алары заманның дертіне айналып бара жатқан қынжылтады, – деді Мейрамбек Мылтықбайұлы.

Бүгінде қоғам назарын ерекше аударар мәселенің бірі жастар саясаты екені белгілі. Заман ағымымен мың құбылған жастардың ой-өрісі, таным-түсінігі тым басқа. Ел ертеңі саналатын өрендердің ертелі-кеш смартфондар мен компью­терге үңіліп, тәлім-тәрбиені, үлгі-өнегені ғалам­тор­дан алып жатқаны да жасырын емес. Осы бір өткір мәселеде дәстүрлі қазақ қоғамының айны­мас бөлшегі саналғанымен, бұл күндері желісі үзілген жастар тәрбиесінде қариялардың ықпалын күшейту қажет-ақ. Форумда сөз алған еңбек ардагері, баталы қария Әбілқасым Ергебеков­тің де ойы осы төңіректе өрбіді.

Ал «һибатула Тарази» облыстық орталық меші­тінің наиб-имамы Бақтияр Әміреев көпші­лікті қайғы-қуанышта ас та төк дастарқан жайып, қала берді дүниеден қайтқан кісінің басына белгі қоюды бәсекеге айналдырғандардың әрекетіне тыйым салуға шақырды. Әрі бұл тұрғыда қадым за­маннан қолданыста жүрген халқымыздың әдет-ғұрпы мен өмір сүру жоралғысын мысал етіп, құ­да­йы тамақ берудің Қазақстан мұсылмандар ді­ни басқармасы ұсынған ас мәзірімен таныстыр­ды.

Қоғамдық форумда көтерілген мәселелердің негізгі үлесі ұрпақ тәрбиесінің еншісіне тиді. Текті ұл мен қыздың тәрбиесін талбесіктен, отбасы, ошақ қасынан бастау керегі жайында байламды пікір­ді ардагер ұстаз Кәмилаш Ахметжанова айтты.

Форум барысында ұлттық құндылықтар, той мәде­ниетін заман ағымына қарай бейімдеу, әлеу­меттік желіні кәдеге жаратудың әдебінен атта­мау секілді мәселелер де қаузалды. Бұл орайда, «Асыл арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғам­дық бірлестігінің төрағасы Ринат Нұрақбаев­тың ұсыныстары да қызу қолдауға ие болды.

– Бізде аса көңіл бөлуді талап етіп отырған мәселе – ұлттық құндылықтар, соның ішінде, дәстүрлеріміз бен ұлттық санаға деген жанашыр­лықты күшейту болып отыр. Олай дейтінім, қазіргі өркениеттік ағынмен араласып, ұлттық тынысты тарылтатын ақпараттық толқындар, діндегі бұрмалаушылық, тіл мен ділге жауапкер­шіліктің әлсіздігі, тағысын тағы айтарлықтай кемшіліктер бар. Бұл кемшіліктерге тойтарыс беретін төте жол ұлттық тәрбиені күшейту деп білемін! – деді Ринат Нұрақбаев.

Форум спикерлерінің ізін ала сөз тізгіндеген қа­лалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құ­ле­кеев те той мәдениеті мәселесіне айрықша тоқ­та­лып, ондағы даңғазалық пен бос мақтан­гер­ші­лік­тің дәурені өткенін жеткізіп, заман ағымымен мұн­да да әлемдік тәжірибенің озық үлгісін пайда­лану керек екенін тілге тиек етті.

Жиынды облыс әкімі Асқар Мырзахметов қорытындылап, форум қатысушыларының облыс жұртшылығына үндеуін жариялады.

– Форумда көтеріліп отырған мәселелердің қай-қайсының болмасын өзектілігіне күмән жоқ. Ел боламыз десек осындай айтылған мәселелердің түйінін тарқатуға жұрт болып жұмылуымыз керек. Ең әуелі зиялы қауым, елдің ұйытқысы болып жүр­ген дуалы ауыз ақсақалдар, абыз зияткерлер бүгін­гі форумда айтылған мәселелермен ел ара­сын­да шындап айналысуы керек. Осындай форматтағы басқосуларды ел ағалары мен ауыл билерінің басын қосып аудандарда өткізген жөн, – деді Асқар Исабекұлы.

Мұнан соң өңір басшысы көпшілікті форумда көтерілген мәселелерге баршаның назарын ауда­ру­ға шақыратын үндеу мәтінімен таныстырды.

«Жаһандық әлеммен қабыспайтын, ұлттың дамуына кедергі келтіріп, ел ішіне іріткі салатын өткеннің кейбір кертартпа дағдылары мен әдет­терінен күні бүгінге дейін арыла алмай отыр­ғанымыз жасырын емес. Олар: жең ұшынан жал­ғасқан жемқорлық, жершілдік, тамыр-таныс­тық, жүзшілдік пен рушылдық, ысырап­шыл­дық пен астамшылдық, даңғойлық пен кердеңдік, орынсыз салта­нат, қанағатсыздық пен үнемсіздік.

Өрке­ниет­тілікке емес өсекке, зиялылыққа емес зиян­дық­қа, парасаттылыққа емес пасықтыққа, ізгі­­лікке емес ібіліске жетелейтін мұндай «ғұрып­тар­­дан» құты­латын кезең келді. «Іргелі елдің іргесін есер ағым бұзар» дегендей, бүгінгі таңда дес­трук­тив­­ті діни ағымдардың ел арасына етене еніп, жастардың санасын улап жатқаны да барша жұртты алаңдатып отырған күрделі мәселе. Бұл үрдістің та­мырына балта шауып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу­де зайырлы білімді ұлттық құнды­лық­та­рымызбен са­бақтастыра отырып түсіндіру бар­ша­м­ыздың бас­­ты мақсаты­мыз­ға айналуы тиіс» делін­ген үндеу­де.

Көп кешікпей алқа мүшелері осы үндеудің негізінде тағы да ой қосатын болып тарқасты.

 

Жамбыл облысы