Араға он үш жыл салып барып, жұмысын қайта бастаған «Ақсу» қант зауытының шикізат қабылдап, ақ қант өндіре бастағанына – биыл үшінші жыл. Іске кіріскеннен бері негізгі маусымнан тысқары уақытта кәсіпорын үнемі жетілдіріліп, жаңартылумен болды. Алғашқы кезде көңілдерінде үмітке қарағанда күдік басым болған диқандар бүгінде Жетісудың төл дақылдарының бірі – қант қызылшасына қайтадан ден қоя бастады.
Бұрындары өсірген тәтті түбірлерін Көксудағы кәсіпорынға тасымалдап, қосымша шығынға ұшырайтын Ақсу, Сарқан аудандарының қызылша мамандары қазір қиналмайды. Сонымен бірге олардың қатарына алакөлдіктер де қосылды. Осылайша, соңғы бірнеше жылда Алматы облысында бір кезде мүлде азайып кеткен техникалық дақыл жайқалатын алқаптар көлемі артты. Егер қарқын осы бетімен жалғаса берсе, онда енді бірер жылда бір кездері жоғалтқан белестерді қайта бағындырамыз.
Өткен аптаның жұмасынан бастап «Ақсу» қант зауыты жаңа маусымда өсірілген қант қызылшасының алғашқы өнімін қабылдауға кірісті. Бірінші күні Ақсу және Сарқан аудандарының кәсіпкерлері кәсіпорынның дайындау пунктіне 450 тоннадан астам тәтті түбір жеткізді. Жақын күндері Алакөл ауданының қызылша өсірушілері де өнім жөнелтеді.
Ақсу ауданының «Ақмол» сервистік-дайындау орталығы алғашқылардың бірі болып зауытқа қызылша әкелді. Сервистік-дайындау орталығы 2018 жылы құрылып, «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ арқылы қант қызылшасының элиталық тұқымдары мен ауыл шаруашылығы техникасын алды. Соның арқасында «Ақмол» СДО биыл қызылша алқабын 70 гектардан 110 гектарға жеткізіпті.
«Биыл өнім жоғары болады деп күтіп отырмыз. Әзірге қызылшаның орташа өнімділігі гектарына – 600 центнер. Бірінші күні біз кәсіпорынға 250 тонна тәтті түбір әкелдік. Жалпы, биыл 6 мың тоннадан астам өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз», – дейді «Ақмол» СДО директоры Берік Тынышбаев.
2017-2018 жылдары «Ақсу» қант зауыты 170,3 мың тонна қант қызылшасын қабылдап, 13 мың тонна қант шығарды. Биыл бәрі сәтті болса, 200 мың тонна қызылша қабылдап, 20 мың тонна құмшекер шығару жоспарланыпты. «АқсуҚант» ЖШС бас директоры Самат Нәдірбаевтың айтуынша, қант өндірісі қазан айында басталады.
«Жақында зауытты жаңғыртудың екінші кезеңін аяқтаймыз. Бұл өз кезегінде өндірісті 4 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Үшінші кезең аяқталғаннан кейін толық өндірістік қуаттылығына көшеміз. Ол кезде кәсіпорын тәулігіне 4,5 мың тонна өнім шығара алады», – дейді бас директор мырза.
Қазіргі уақытта зауытта 260 адам еңбек етеді, өндіріс толық басталғанда жұмысшылардың саны 550 адамға дейін артады.
«Ақсу» қант зауыты Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен 2017 жылы қайта жаңғыртылып, іске қосылған болатын. Кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жалпы құны 4,5 млрд теңге болатын 280 дана және 28 жабдық жиынтығы мен ауыл шаруашылығы техникасы лизингке алынған.
Сонымен бірге өңірде қант қызылшасын жаңғырту мен дамыту мақсатында қызылша бағыты бойынша 29 сервистік-дайындау орталығы құрылған. Олар ауыл шаруашылығы техникасымен, тұқыммен толық қамтамасыз етілген. Сервистік-дайындау орталықтарын құру нәтижесінде, қант қызылшасының жалпы аумағы биыл 14 мың гектарға жетті.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы