Ел Президентінің жастар кадр резервін қалыптастыру туралы бастамасы – елдің сындарлы дамуына оң үлес қосатын, заманауи, тың ой. Елдің болашағын қамтамасыз ету адам ресурсымен тығыз байланысты деп қарастырар болсақ, отанымызға қызмет етуді көздейтін жаңа, жас буын азаматтарды сұрыптап, оларды бағдарлы түрде дайындау, мемлекеттік қызметті жаңа биікке көтеретіні сөзсіз.
Ел болашағын қамтамасыз ететін негізгі ресурс – ұлтжанды, отансүйгіш, басқарушылардың жаңа буыны. Бұл ресурсты тәрбиелеу, өсіру, тиісті біліктілікпен қамтамасыз ету, тәжірибе жинауына ықпал ету – даналықтың белгісі. Мұндай бастамалардың аналогы сонау Шыңғыс хан империясынан бүгінгі күнге дейін елдердің тұрақты, ұзақмерзімді дамуының берік негізіне айналып отыр. Шыңғыс хан мемлекетті білікті шенеуніктермен қамтамасыз ету мақсатында, Қытай елінен ғалымдар алдырып, дарынды жастарды оқытып, тәжірибе жинатса, Осман императорлары мемлекеттік білім беру саласында басқару мектептерін ашқызғаны белгілі. Бұл мемлекет тұрақтылығы мен баяндылығын қамтамасыз етті.
Бүгінгі күні мемлекеттік қызмет алдында тұрған міндеттер де, мақсаттар да күрделенді. Мемлекеттік қызметтің негізгі қағидасы меритократия болса, кадрлық резерв осы қағиданы жүзеге асырудың негізгі тетіктерінің біріне айналмақ. Дарынды жастар арасынан өзінің мемлекетшіл түсінігі мен біліктілігін көрсете алатын жаңа толқынға мүмкіндік тудыру – баяндылық кепілі.
Ендігі мақсат – кадрлық резервті қалыптастырудағы айқындылық пен адалдық қағидаларын іс жүзінде жүзеге асыру. Сындарлы бастаманың жүзеге асырылуын қадағалау елге, ал бұл бастаманы қолдап, өз біліктілігін сынау жастарға сын болмақ. Ел Президентінің көтеріп отырған бастамасының табыстылығының негізгі көрінісі осы болмақ. Заманауи Қазақстанды әлем мойындаған қуатты да, айбынды елге айналдыру – осы резервтің алдында тұрған міндет. Бұл міндетті сүрінбей жүзеге асыру үшін кадрлық резервті қалыптастыруды қолдап қана қоймай, бұл идеяның оңтайлы, орнықты жүзеге асырылуы үшін белсене атсалысу – әрбір азаматтың парызы.
Шыңғыс ЕРГӨБЕК,
заң ғылымдарының кандидаты