Нұр-Сұлтандағы «Сапаржай-Астана» автовокзалының жұмысы тоқтап тұр. 80-ге жуық адам жұмыссыз қалған. Жұмысы жүрмей, нәпақасыз қалған жандардың үкіметке айтар арызы да жоқ емес.
Елордадағы «Сапаржай-Астана» автовокзалының жұмысы жүрмеуінің салдарынан қызметкерлері жұмыссыз отырғанына 6 айдан асыпты. Бірінің төлейтін несиесі бар, енді бірінің пәтерақысы бар. Көктемнен бері жалақы алмаған жандар жиылып, Үкіметтен автовокзалды іске қосуын сұрап отыр.
Автовокзалдың тасымалдау бөлімінің басшысы Әбдірахман Жұмашевтың айтуынша, елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты жұмыс наурыз айынан бастап тоқтап тұр.
– Біздің ұжымда 74 адам бар, қазір бәрі жұмыссыз отыр. Маусым айының басында жұмыс қайта жанданған еді. Алайда, екі жұмадан кейін қайта тоқтап қалды. Қызметкерлердің жұмыссыз отырғанына 6 айдан асты. Үкімет бөлген 42 500 теңге алғашқы айда төленгенімен, арты сұйылып жоқ болды. Қазір оны ешкім алып жатқан жоқ. Әр қызметкердің басында несиесі бар. Олар төлеуден босатылды дегенімен, банк оларды төлемнен босатпады. Бізде жұмыс жоқ, бұған біз не істейміз? – дейді Әбдірахман Жұмашев.
Вокзал жым-жырт, тірі жан жоқ
Жақында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов «Сапаржайға» келіп, санитарлық нормасын тексеріп кеткен екен. Шынымен, вокзалда санитарлы-эпидемиологиялық шараның бәрі сақталып отыр. Кіреберісте антисептик тұр. Күзетші де бетперде киіп, келушілердің қызуын өлшеп тұр. Арадағы қашықтықты да сақтаған. Алайда вокзал жым-жырт, тірі жан жоқ. Тек «Сапаржайдың» іске қосылуын сұрап тұрған қызметкерлер ғана бар.
©Айтжан Мұрзанов[/caption] Жұмыссыз қалған жанның бірі – Құралай Баймұратова. Осы жерде жұмыс істегеніне 15 жыл болыпты. «Мұндай жағдайдың болуы – бірінші рет. Не істерімізді білмей, абдырап қалдық. Қазір жұмыс та жоқ, табыс та жоқ. Қиналып қалдық. Тіпті, күнделікті азық-түлік алудың өзі ауыр тиіп отыр. Ағайын-туғанның арқасында күн көріп отырмыз. Бірақ бұлай қашанғы жалғасады? Қызметкердің көбі пәтер жалдап тұрады. Арасында көпбалалы аналар да бар. Бірі мүгедек баласын өсіріп отыр. Сондықтан қызметкерлер жиналып, вокзалдың жұмыс істеуін сұраймыз» дейді ол. Жұмыссыздықтың кесірінен 7-8 адам жұмыстан кетіпті. Онда да кеседегі шаруашылықпен айналысқандар басқа жұмыс тауып, ауысып кеткен. Сол жердегі диспетчердің айтуынша, жұмыс жабылғалы бүкіл ұжым жұмыссыз үйлерінде отыр. Осы күнге дейін ақырын күтіп, басшылықтың көмегіне жүгініп отырған екен. «Ұжымымыздың ауызбіршілігі жарасқан, тек жұмыстың жоғы бізді қажытты. Басшылық та шарасыз күйде отыр. Біз не істейміз? Шыдамның да шегі бар емес пе? Әр үйдің төлейтін несиесі, коммуналдық төлемі, ішіп-жемі, бала-шағаның киім-кешегі бар» деген ол үкімет тарапынан жақсылық күтуде.
– Өзім үйдің жалғыз асыраушысымын, жолдасым қайтыс болған. Үш балам студент. Кенже балам 11-сынып бітірді. Осы айдың зейнетақысын да алған жоқпын. Бірақ бұл жерде де бюрократиялық заңнамаларға тірелеміз. Балам енді ғана оқуға түсті. Оқиды деген анықтаманы бірден апарып бере алмадым. Ол анықтама бүгін келді. Оған ЦОН-ға апаруым керек. Бірақ оған алдымен брон алуым тиіс. Смартфон емес, қарапайым телефоннан қалай тіркелесің, онсыз ЦОН қабылдамайды. Мамыр айында сабақ онлайнға көшкенде ноутбук алуға мәжбүр болдым. Kaspi банк арқылы рәсімдедім. Бірақ Sulpak дүкені ноутбукті үйге жеткізіп бергені болмаса, оны қалай қосып, қалай қолдатынын көрсетпестен есіктен тастап кетті. Карантиннің қатаң кезі, ешқайда шыға алмадық. Ноутбукті қосудың өзі үлкен әурешілік әкелді. Қазір соның несиесін төлеп отырмыз. Тығырыққа тірелдік. Қасым-Жомар Тоқаевтан «Сапаржай» автовокзалының жұмысы жандануын өтінеміз» деді Гүлмира Елубаева.
Жұмыс та жоқ, табыс та жоқ
Бұл вокзалда республика бойынша ғана емес, халықаралық та рейстер бар. Халықаралық рейс тоғыз бағыт бойынша жүргізіледі. Олар: Моңғолия, Өзбекстан және Ресейдің 7 қаласына барады. Әзірге оның бәрі жабық. Әбдірахман Жұмашевтың мәлімдеуінше, келісімшартпен жұмыс істейтін 50 тасымалдаушы бар екен. Жүргізушілер де жұмысының тоқтап қалғанын айтып отыр. – Менің осы вокзалды жұмыс істеп жүргеніме 14 жыл болды. Қалааралық маршруттардың жүрмеуі 5 қаңтардан басталды. Ол кезде қыстың қақаған аязына қарайласақ, көктем шыға карантинге жабылдық. Содан бері жұмыссыз отырмыз. Салықты жарты жыл бұрын бәрін төлеп тастағанбыз, – деген Эльдар Ибрагимов заңсыз тасымалдаушылардың еркінсуіне жол беріп отырғаны қынжылады. Қазір қалааралық тасымалдың арасында «Яндекс» такси не болмаса Шанхай базарынан автобустар жүріп жатыр. Таксидің бағасы 10-15 мыңнан басталса, автобустың жол ақысы Шымкентке дейін 8 мың теңге. Кешкі 19.00-де жүретін автобустың базар жақта төрт-бесеуі тұр. «Менің де сол Шанхайдан жүруіме болар еді. Құжатым бәрі дұрыс, талапқа сай кеп тұр. Бірақ ондағылардың көбі адам өміріне жауапкершілік алмайды. Ұнамаса – жолаушыны жарты жолда тасып кете береді. Оларға бастысы – ақшасы төленсе болғаны. Өз басым ондай жерде істей алмаймын. Барлық сақтық шаралары сақталған, бәрі заңды жүргізілгені дұрыс. Бізді біреу сырқаттанса да, құжатпен тауып алады. Біз әрбір жолаушыға жауапкершілікпен қараймыз» дейді жүргізуші Э.Ибрагимов.
Олардың арасында зейнет жасына келіп қалғандар да бар. – Арасында бір-екі жұмадай жұмыс істедік. Сонда 5-6 адамнан ғана тасыдық. Шығын болса да біз жұмыс істедік. Әрине, күндігіне дизель отынына 12 мың кетеді. Кейде сол ақшаны да ақтай алмай қаламыз. Бірақ жұмысымыз болды. Менің кәсібім – осы. Істегеніме 15 жыл болды. Зейнетке шығуыма бір жыл қалды. Бұл жасымда қайда барамын, не істеймін енді? – деген Көпбол Ерсейіт несиесін төлей алмай отырғанын жеткізді.
Ол тендернге қатысу үшін автобусты несиеге алған екен. «Жылда талапқа сай көлік жаңартылып отыруы қажет. Соған сай автобусты несиеге алған едім. Төлеп құтыламын деп ойлағанмын. Бірақ, қайдан... бірнеше ай болды жұмыс тоқтап тұр. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты рұқсат етілмей тұрғанын түсінеміз. Бірақ біздің де тіршілік етуіміз керегін мемлекет түсінуі тиіс. Тым болмағанда қалааралық не болмаса жақын қашықтықтағы маршрутты қосса жақсы болар еді» дейді ол.
Бас ауырып, балтыры сыздаса, қайда барады?
– Біздің қызметкерлер ауруханаға барғанда «медициналық сақтандыру төлемегенсіңдер» деп қарамаған. Олар жұмыссыз отырса, қайдан төлейді? Қандай жағдай болмасын, ауруханалар оларды қарауы міндетті емес пе? Бұл адам құқығын таптағаны ғой. Үкімет тарапынан осы жағын реттеп, жеңілдік жасаса, – дейді Әбдірахман Жұмашев.
«Күзде коронавирустың толқыны болады деген алып-қашпа сөз бар. Ондай жағдай туындаса, не істейтінімізді де білмейміз. Жұмысшыларды ұстау тіпті қиындай түседі?» деген басшы қыркүйектің 11 күні, яғни бүгін жиналыс болатынын айтты.
«Сонда мәселеміз шешіліп қалар» деген үмітін үкілеп отыр. Алайда Үкімет басшысы Асқар Маминге, қала әкімі Алтай Көлгіновке хат жолдағандарына бір ай болыпты. Жауап әлі келмеген. Әлі де болса, «Сапаржай» басшылығы олардан жауап күтіп, үміттеніп отыр.
Осының анық-қанығын білу үшін әкімдікке хабарласып едік. Бұл мәселеге олардың қатысы жоғын айтып, басын алып қашты. «Біз қалаішілік автобустардың жүруіне рұқсат бердік. Ал қалааралыққа біз жауап бермейміз, ол мәселені Индустрия және инфрақұрылым дамыту министрлігі жауап береді» деген жауап алдық баспасөз хатшылығынан.
Индустрия және инфрақұрылым дамыту министрлігі «Бұл мәселенің тікелей бас санитар мен Ералы Тоғжановтың қарауында екенін» жеткізді. Алайда Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың көмекшісіне бірнеше рет хабарласып едік, жиналыстан босамады.
Ал Премьер-Министрдің баспасөз хатшысы «мұндай хаттың келмегенін, келсе де алдымен тіркеу нөмірімен тексеріп, анықтау керегін» айтады. Тіпті ол хат табылса да, оған Индустрия және инфрақұрылым даму министрлігі жауап беретінін жеткізді. Мұның жауабын енді кімнен аламыз? 80-ге жуық қызметкердің тағдыры не болмақ? Олардың үкілеген үмітін әкімдік те, министрлік те елемегенін қалай түсіндіреміз?