«ҚазМұнайГаз»: экологиялық жауапкершілік басты назарда
«ҚазМұнайГаз»: экологиялық жауапкершілік басты назарда
646
оқылды
2019 жылдың Тұрақты даму туралы есебі экономикалық, эко­логиялық және әлеуметтік нәтиже­лердің көрсеткіштерін ашып көр­сетеді. ҚМГ-ның мәліметіне сүйенсек, компания былтыр 23 618 мың тонна мұнай және кон­денсант өндірді. 2018 жылы бұл көрсеткіш 23 606 мың тоннаны құраған-ды. Сол жылы 8 137 млн текше метр та­биғи және ілеспе газ өндірген компания былтыр ол көрсеткішті 85 44 млн текше метрге жеткізді. Мұнай-газ өндіру көлемінің өс­уі қоршаған ортаны қорғау мәсе­ле­сіне назар аударуды талап ете­рі заңды.  Бұл орайда, ҚМГ Компанияның даму стратегиясын басшылыққа алады. Мысалы, «ҚМГ – 2028 стратегиясында» экологиялық жауапкершілікті арттыру жөніндегі стратегиялық бастамалар бар. Компанияның қоршаған ортаны қорғау сала­сындағы басым бағытына парник газдар шығарындыларын басқару және газды жағуды азайту, су ресурстарын басқару, өндірістік қалдықтарды басқару, топырақ құ­нарлығын қалпына келтіру және энер­гия тиімділігін арттыру кіреді. Атап өтер жайт, Стратегияға сәйкес былтыр  Компанияда Экологиялық саясат бекітілді. Соған сәйкес, енді ҚМГ мен оның еншілес және тәуелді ұйымдарының бас­шы­лығы қоршаған ортаның лас­та­нуына байланысты шығындар мен залалдарға қатысты «нөлдік төзімділік» қағидатын ұстанады. Мысалы, Экологиялық саясатта алғаш рет климат, биоәртүрлілік, экологиялық құнды аудандарда қатерлерді қосымша бағалау, лас­танған жерлерді қалпына кел­тіру, құбырлардың тұтастығын қамтамасыз ету сияқты экология­лық аспектілерге назар аударылып отыр. ҚМГ 2015 жылы Дүниежүзілік банктің ілеспе мұнай газын тұ­рақ­­ты жағуды 2030 жылға дей­ін толығымен тоқтату туралы бас­та­масын қолдағаны белгілі. Соның бір дәлелі, ҚМГ компаниялар то­бында қоршаған ортаны қорғау және орнықты даму саласындағы негізгі стратегиялық бастамаларды қамтитын KMG – 2020 жол картасы іске асырылады. ҚМГ-да Еңбекті қорғау, өнер­кәсіп қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғауды басқарудың үш деңгейлі жүйесі бар: Бірінші жүйе – ҚМГ Директорлар кеңе­сі деңгейінде. Екіншісі ҚМГ Басқармасы деңгейінде болса, үшінші –  еншілес және тәуелді ұйым­дардағы комитеттер дең­гей­ін­­де бас­қарылады. Былтыр «Са­мұрық-Қазына» АҚ деңгейінде еңбек қорғау, өндірістік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау комитеті қызметін бастады. ҚМГ өзі қатысатын аймақ­тағы табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және қолайлы экология­лық жағдайды сақтау үшін қоғам алдындағы жауапкершілігін сезі­не­ді. Мұның бір дәлелі, ҚМГ Ре­­сейдің Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) және CREON тобы БҰҰ Қоршаған ортаны қор­ғау бағдарламасымен (ЮНЕП), CREON Capital және Ұлттық рейтинг агенттігімен (NRA) се­рік­тестікте ұйымдастырған 2019 жыл­ға арналған рейтингте  бі­рін­ші орынға ие болды. Осы­лайша, ҚМГ Қазақстандағы ең эко­логиялық жағынан ашық және жа­уапты компания атағын үшінші жыл қатарынан жеңіп алып, рей­тингте көш бастады. Бұл рей­тингтің мақсаты – қоршаған ор­таға ауыртпалықты азайтуға және көмірсутегі ресурстарын пайда­ланудың тиімділігін арт­тыруға көмектесу, сондай-ақ әлеу­меттік жауапкершілікті биз­нес жүргізу. 2019 жылдан бастап рейтингтің аясы кеңейді, яғни  Ресей, Қазақстан мен Әзер­байжанның мұнай-газ ком­панияларын қамтыған рей­тинг  «еуразиялық» мәртебе алды. Ке­лесі кезеңде рейтингке Өз­бек­стан мен Түркіменстанды қосу жос­парланған. Рейтинг  тау-кен өндіру активтерін ғана емес, мұнай өңдеу және тасымалдау бизнесіндегі компанияларды да қамтыды. Онда жетекші орындарды «Интергаз Ор­талық Азия» АҚ, «Ем­бімұнайгаз» АҚ иеленді. ҚМГ Еңбекті және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі басқарушы директор Қайрат Сақтағановтың айтуынша, компания қоршаған ор­таны қорғау саласындағы көрсет­кіштерді жақсартуға тырысады.
«Бағдарламалардың тұрақ­ты және жоспарланған іс-шара­ларының арқасында жер бетіндегі табиғи көздерден су тұтыну шы­ғы­ны азаяды және ағынды су­лар­дың сапалық құрамы жақсара­ды. Маң­ғыстау облысында тұз­сыз­дандыру зауыты салынуда. Жаңа­өзен қаласы әкімдігімен Кендірлі демалыс аймағында тұзсыздандыру қондырғысын салу туралы өзара түсіністік пен ынтымақтастық тура­лы меморандумға қол қойылды. Ағын­ды суларды ультра сүзгілеу және кері осмос қондырғыларында терең тазарту зауыттарда жылына 1,5 млн м3 дейін қалалық сумен жаб­дықтау жүйелерінен алынған тұщы суды үнемдеуге мүмкіндік бе­реді. Осылайша, ҚМГ өзі қа­тысатын аймақтардағы қолайлы эко­логиялық жағдайды сақтауға ықпал етеді», – дейді Қайрат Тау­бай­ұлы.
ҚМГ-ның қалдықтарды қайта өңдеуге салған инвестициясы 2015 жыл­дан бері үш есе өсті, бұл қор­шаған ортаны қорғауға арналған барлық шығынның үштен бірінен астамын құрайды. Компанияның энергия үнем­деу және энергия тиімділігі саласын­дағы қызметі осы қызметтегі жүй­елік менеджменттің ең жақсы және жалпыға танылған ISO 50001 «Энер­гия менеджмент жүйелері» халықаралық стандартына  негіз­делген. 2017 жылдан бастап ҚМГ-да ен­ші­лес және тәуелді ком­пан­ия­лардың 2017-2020 жылдарға арнал­ған энергия үнемдеу және энергия тиімділігі бойынша Жол картасы жұ­мыс істейді. Биологиялық әртүрлілік эко­логия­лық әл-ауқатымыздың ке­пілі екені белгілі.  БҰҰ Да­му бағдарламасының 7 және 8 қағи­даларына сәйкес «Кәсіпорындар экологиялық мәселелерге сақтық­пен қарауды қолдауы керек және қоршаған ортаға жауапкершілікті арттыру бойынша бастамалар кө­теруі керек». Ал 14 және 15 қа­ғи­дасы «теңіз экожүйелерін және құр­лықтағы экожүйелерді сақтауды» көздейді. ҚМГ бұл бағытта БҰҰ-ның Жаһандық келісіміне және SDG-ге адалдығын көрсете отырып, Компания активтері орналасқан аймақтарда биологиялық әртүр­лілікті (биоәртүрлілікті) сақтау және қызметтің флора мен фаунаға әсерін азайту үшін жұмыс істейді. Мысалы, ҚМГ-нің құрлықта жұ­мыс істейтін «Өндіру» іскерлік ай­мағындағы еншілес және тәуел­ді серіктестіктері өсімдіктер мен жануарлар дүниесін тұрақты бақы­лауға алған. Қазақстанның Қызыл кітабына және Халықаралық та­би­ғатты қорғау одағына (IUCN) ен­ген флора мен фаунаның сирек кез­десетін және жойылып кету қаупі бар өкілдерінің түрі мен са­нын анықтауға ерекше назар ау­дарылады. 2018 жылғы 12 тамызда Ақтау­дағы Бесінші Каспий саммитінде Әзербайжан,    Иран,  Қазақстан, Ресей және Түркіменстанның қаты­суымен Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылғаны есімізде. Бұл құ­жатта   Каспий маңы елдері Каспий теңізінде  экологиялық тепе-теңдік пен Каспий теңізінің ерекше экожүйесін сақтауы керектігіне айрықша мән берілген. ҚМГ бұл бағытта өз міндетін орындап келеді. Соның бір  мысалы, 2019 жылдың 29 шілдесінде ҚМГ алғаш рет өзінің барлық активтері, оның ішінде Румыния мен Грузиядағы еншілес компанияларындағы парник газдардың тікелей және жанама шығарындыларының кө­лемі туралы мәліметтерді қа­мтитын CDP (көміртекті ашу жо­басы) климаттық бағдарламасы шеңберінде 2018 жылға арналған парник газдар шығарындылары туралы расталған есепті жариялады. Бұл ҚМГ ұстанатын экологиялық жауапкершіліктің бір бөлігі ғана...  

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ