Атыраудағы қылмыс: нәрестені өлтірген кім?
Атыраудағы қылмыс: нәрестені өлтірген кім?
Атырауда жаңа туған нәрес­тенің тоңазытқыш камерасында өлгені туралы оқиға елдің есіңде шығар. Осы оқиғаға байланысты  сотталушылар: перинаталды ор­талықтың бұрынғы бас дәрігері Қу­аныш Нысанбаев,  акушер-гинеколог Асқар Қайыржан, нео­натолог дәрігерлер Руслан Нұр­мұханбетов пен Дариға Жұ­ма­баева, акушер Жамила Құл­батыроваларға қатысты сот отыры­сы өтуде. Нысанбаев, Қайыржан және Құлбатырова Қылмыстық ко­дек­стің 99-бабы 2-тармағының 3, 5, 7, 10, 14-тармақшалары («Көрінеу кәмелетке толмаған адамды ал­дын ала сөз байласу арқылы ад­ам­дар тобының өлтіруі»), нео­­натологтар – Қылмыстық ко­декстің «Қылмыс туралы ха­барламау» айыбы та­ғылатын 434-бабы бойынша айып­­­талуда. Сәби өліміне қатысты сот отырысын әріптестеріміз  то­лық­­қанды бақылай  алмады.  Та­мыз айында ғана «Ақ Жайық» газетінің редакторы Айнұр Са­пар­ова табандылығымен  сот про­цесіне қатысуға мүмкіндік алған болатын. Дәлелді себептер бойынша кейінге шегерілген сот про­цесі 18 тамызда жалғасты. Аты­рау облысының Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл депар­тамен­тінің ерекше маңызды іс­­тер бойынша тергеушісі Мей­рам­бек Сипуллаевтан куәгер ре­тін­де жауап алынды. Ол 2019 жыл­дың 25 мамырында пер­и­наталды орталықта босану кезін­де қайтыс болған 25 жастағы Ақ­­жан Ережепованың өліміне қатысты «қажетті» қорытынды шы­ғарғаны үшін Сот-медицина сараптамасы институтының ди­рек­торына 300 мың теңге пара берді деген күдікпен Қ.Нысан­баевты бақылауға алған жедел-тергеу тобын басқарды. Бірақ Қ.Нысанбаевтың телефонын тыңдау кезінде тағы бір сұм­дық дерек анықталды. 29 қыр­күйекте босанған Нұржамал Тұ­рымбетованың  сәбиінде тір­шілік нышаны болмай, оны өлі туған деп рәсімдейді. Бірақ то­­ңазытқышқа апарған кезде сә­бидің аяғы қозғалады, сол кезде акушер-гинеколог бас дәрігер Қуаныш Нысанбаевқа қоңырау шалып, ал ол тоңазытқышта «қал­дырған жөн» деп жауап береді. Әрі қарай бұл іс бойынша сы­­байлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі мен По­лиция де­партаментінің қызмет­кер­лері­нен ведомствоаралық тергеу тобы құ­рылды. Сот отырысында айыпталу­шылардың адвокаттары М.Си­пул­лаев­қа сотқа дейінгі тер­геу объективті жүргізілмегенін және тергеу барысында заңбұзу­шы­лықтар болғанын айтты. М.Си­пуллаев мұнымен үзілді-кесілді келіспеді. Оның айтуынша, Қыл­мыстық-процессуалдық ко­дек­сінің барлық талаптары сақ­талған. Сотталушы Қ.Нысанбаевтың адвокаты Жамбыл Мұқашев Атырау облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл де­­­партаментінің ерекше маңызды іс­тер бойынша тергеушісі Мей­рамбек Сипуллаевқа оқиғаға бай­­­ланысты жауап алуды неге түн­­гі уақытқа жылжытқаны және  Ор­алға сот-медициналық сарапта­маға жіберілген Тұрымбетованың сәбиінің мәйіті туралы сұрақтарды қойды. Адвокат сұрақтарына жа­уап қанағаттанарлықтай бол­мады. Осы сот процесінде перзент­ханадағы бақылау камералары ту­ралы сұрақ қойылды. Қылмыс 29 қыркүйекте жасалған. Сол күн­гі бейнежазбалар толығымен алынып, іске тіркелген. Сот процесінің екінші күні сараптамаға қатысты көп сұрақ қойылған күн болды. Кезекті сот отырысында Атырау облыстық Сыбайлас жем­қорлық­қа қарсы күрес депар­та­ментінің аса маңызды істер бо­йынша тергеушісі Мейрамбек Сипуллаевтан жауап алу жалғасты. Одан басқа, куәгер ретінде Атырау ҚПБ тергеу бөлімі бастығының орынбасары Ә.Оразбаев пен 2019 жылдың 23 қазанында құрылған ведомствоаралық жедел-тергеу тобын басқарған Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл депар­таментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі А.Ермұқашев шақырылды. М.Сипуллаевтан жауап алуды негізгі сотталушы – облыстық пе­ринаталды орталықтың бұрын­ғы бас дәрігері Қ.Нысанбаев  жал­ғастырды. Ол өзінің іс-әрекеті не­ліктен Қылмыстық кодекстің 317-бабынан («Медицина жұмыс­керiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы») неғұр­лым «ауыр» 99-бапқа («Адам өл­тіру») ауыстырылғанының се­бебін сұрады. М.Сипуллаев куә­гер­лердің жауаптарының негізінде ғана емес, сотқа дейінгі тергеу барысында алынған мәлімет пен заттай айғақтардың негізінде «Адам өлтіру» бабы бойынша айып тағылды деп жауап берді. Бұ­лардың бәрі қылмыстық іс ма­териалдарына біріктірілгенін, олармен сотталушылар да, адво­кат­тар да танысқанын айтты. Бұл сот отырысында сот­талу­шыға тағылған айыпты өзгерт­кен М.Сипуллаев екені мәлім болып, сотталушы Қ.Нысанбаев өз сауалдарына нақты жауап ала алмағанын айтып, өзіне қарсы жауап берген куәгерлердің аты-жөнін жариялауды сұрады. Ал­айда жауап беруші тараптан куә­герлердің барлық жауабы іске біріктірілгені айтылды. Сот отырысында сотталушы аку­шер-гинеколог Асқар Қа­йыр­жанның ісіне қатысты жағ­дай­да 3 нәрестенің  мәйіттерін молекулалық-генетикалық са­раптау және эксгумациялау туралы сұрақ қойылды. Сәбилердің мә­йіттері ауыстырылғаны туралы кү­мән тудырған деректер бар-мыс. Атырауда жалғасып жатқан «нә­рестенің өліміне қатысты іс» бойынша сот процесінде Жем­қорлыққа қарсы іс-әрекет де­партаментінің ведомствоаралық жедел-тергеу тобын басқарған аса маңызды істер жөніндегі тергеуші А.Ермұқашевтан куә ретінде жа­уап алынды. Адвокат Талғат Мұқатанов қорғауындағы акушер Құлба­тыроваға қатысты айыптау қандай дәлелдерге негізделгенін сұрады. А.Ермұқашев айыптау жа­сырын тергеу амалдарының нәти­жесі, куәлардың айғақтары және сот-медициналық сараптама қорытындысы негізінде болғанын айтты. Қорғаушы тарап  жағдайды аяқасты болды, олар  біреуді өл­тіремін деп келіспегенін айтты. Қалай десек те, сотталушылар мен куәгерлер, жауапқа тартушы органдар тарапынан сұрақтар мен жауаптардың көп болуы сот процесінің әлі де жалғасы бо­ларын айқындап отыр. Бір анығы, сот отырысы әлі жал­ғасады.  

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы