Атырауда жаңа туған нәрестенің тоңазытқыш камерасында өлгені туралы оқиға елдің есіңде шығар. Осы оқиғаға байланысты сотталушылар: перинаталды орталықтың бұрынғы бас дәрігері Қуаныш Нысанбаев, акушер-гинеколог Асқар Қайыржан, неонатолог дәрігерлер Руслан Нұрмұханбетов пен Дариға Жұмабаева, акушер Жамила Құлбатыроваларға қатысты сот отырысы өтуде. Нысанбаев, Қайыржан және Құлбатырова Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-тармағының 3, 5, 7, 10, 14-тармақшалары («Көрінеу кәмелетке толмаған адамды алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының өлтіруі»), неонатологтар – Қылмыстық кодекстің «Қылмыс туралы хабарламау» айыбы тағылатын 434-бабы бойынша айыпталуда. Сәби өліміне қатысты сот отырысын әріптестеріміз толыққанды бақылай алмады. Тамыз айында ғана «Ақ Жайық» газетінің редакторы Айнұр Сапарова табандылығымен сот процесіне қатысуға мүмкіндік алған болатын. Дәлелді себептер бойынша кейінге шегерілген сот процесі 18 тамызда жалғасты. Атырау облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің ерекше маңызды істер бойынша тергеушісі Мейрамбек Сипуллаевтан куәгер ретінде жауап алынды. Ол 2019 жылдың 25 мамырында перинаталды орталықта босану кезінде қайтыс болған 25 жастағы Ақжан Ережепованың өліміне қатысты «қажетті» қорытынды шығарғаны үшін Сот-медицина сараптамасы институтының директорына 300 мың теңге пара берді деген күдікпен Қ.Нысанбаевты бақылауға алған жедел-тергеу тобын басқарды. Бірақ Қ.Нысанбаевтың телефонын тыңдау кезінде тағы бір сұмдық дерек анықталды. 29 қыркүйекте босанған Нұржамал Тұрымбетованың сәбиінде тіршілік нышаны болмай, оны өлі туған деп рәсімдейді. Бірақ тоңазытқышқа апарған кезде сәбидің аяғы қозғалады, сол кезде акушер-гинеколог бас дәрігер Қуаныш Нысанбаевқа қоңырау шалып, ал ол тоңазытқышта «қалдырған жөн» деп жауап береді. Әрі қарай бұл іс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі мен Полиция департаментінің қызметкерлерінен ведомствоаралық тергеу тобы құрылды. Сот отырысында айыпталушылардың адвокаттары М.Сипуллаевқа сотқа дейінгі тергеу объективті жүргізілмегенін және тергеу барысында заңбұзушылықтар болғанын айтты. М.Сипуллаев мұнымен үзілді-кесілді келіспеді. Оның айтуынша, Қылмыстық-процессуалдық кодексінің барлық талаптары сақталған. Сотталушы Қ.Нысанбаевтың адвокаты Жамбыл Мұқашев Атырау облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің ерекше маңызды істер бойынша тергеушісі Мейрамбек Сипуллаевқа оқиғаға байланысты жауап алуды неге түнгі уақытқа жылжытқаны және Оралға сот-медициналық сараптамаға жіберілген Тұрымбетованың сәбиінің мәйіті туралы сұрақтарды қойды. Адвокат сұрақтарына жауап қанағаттанарлықтай болмады. Осы сот процесінде перзентханадағы бақылау камералары туралы сұрақ қойылды. Қылмыс 29 қыркүйекте жасалған. Сол күнгі бейнежазбалар толығымен алынып, іске тіркелген. Сот процесінің екінші күні сараптамаға қатысты көп сұрақ қойылған күн болды. Кезекті сот отырысында Атырау облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің аса маңызды істер бойынша тергеушісі Мейрамбек Сипуллаевтан жауап алу жалғасты. Одан басқа, куәгер ретінде Атырау ҚПБ тергеу бөлімі бастығының орынбасары Ә.Оразбаев пен 2019 жылдың 23 қазанында құрылған ведомствоаралық жедел-тергеу тобын басқарған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі А.Ермұқашев шақырылды. М.Сипуллаевтан жауап алуды негізгі сотталушы – облыстық перинаталды орталықтың бұрынғы бас дәрігері Қ.Нысанбаев жалғастырды. Ол өзінің іс-әрекеті неліктен Қылмыстық кодекстің 317-бабынан («Медицина жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы») неғұрлым «ауыр» 99-бапқа («Адам өлтіру») ауыстырылғанының себебін сұрады. М.Сипуллаев куәгерлердің жауаптарының негізінде ғана емес, сотқа дейінгі тергеу барысында алынған мәлімет пен заттай айғақтардың негізінде «Адам өлтіру» бабы бойынша айып тағылды деп жауап берді. Бұлардың бәрі қылмыстық іс материалдарына біріктірілгенін, олармен сотталушылар да, адвокаттар да танысқанын айтты. Бұл сот отырысында сотталушыға тағылған айыпты өзгерткен М.Сипуллаев екені мәлім болып, сотталушы Қ.Нысанбаев өз сауалдарына нақты жауап ала алмағанын айтып, өзіне қарсы жауап берген куәгерлердің аты-жөнін жариялауды сұрады. Алайда жауап беруші тараптан куәгерлердің барлық жауабы іске біріктірілгені айтылды. Сот отырысында сотталушы акушер-гинеколог Асқар Қайыржанның ісіне қатысты жағдайда 3 нәрестенің мәйіттерін молекулалық-генетикалық сараптау және эксгумациялау туралы сұрақ қойылды. Сәбилердің мәйіттері ауыстырылғаны туралы күмән тудырған деректер бар-мыс. Атырауда жалғасып жатқан «нәрестенің өліміне қатысты іс» бойынша сот процесінде Жемқорлыққа қарсы іс-әрекет департаментінің ведомствоаралық жедел-тергеу тобын басқарған аса маңызды істер жөніндегі тергеуші А.Ермұқашевтан куә ретінде жауап алынды. Адвокат Талғат Мұқатанов қорғауындағы акушер Құлбатыроваға қатысты айыптау қандай дәлелдерге негізделгенін сұрады. А.Ермұқашев айыптау жасырын тергеу амалдарының нәтижесі, куәлардың айғақтары және сот-медициналық сараптама қорытындысы негізінде болғанын айтты. Қорғаушы тарап жағдайды аяқасты болды, олар біреуді өлтіремін деп келіспегенін айтты. Қалай десек те, сотталушылар мен куәгерлер, жауапқа тартушы органдар тарапынан сұрақтар мен жауаптардың көп болуы сот процесінің әлі де жалғасы боларын айқындап отыр. Бір анығы, сот отырысы әлі жалғасады.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы