Сондықтан Білім және ғылым министрлігі бұған дейін шетелдік жоғары оқу орындарында өз бетінше оқыған отандық студенттерге білімін өз университеттерімізде жалғастыруына көмектесіпті. Олар құжаттарын рәсімдей алуы үшін ЖОО-лардың виртуалды қабылдау комиссиясы арқылы жеңілдетілген формат ұсынылды. «Шетелдік ЖОО-ның басым бөлігі оқу жылын қашықтан білім беру технологияларын пайдалана отырып бастады. Алайда бірқатар шетелдік ЖОО басқа мемлекеттердегі өз студенттерін қашықтан оқыту үшін ортақ платформа ұсына алмады. Тамыз айының басында БҒМ оқуын жалғастыру үшін өзіне байланысты емес себептер бойынша елден шыға алмаған студенттерге көмек көрсетуге кірісті», – деп хабарлады министрлік. Әзірге 2 мыңнан астам қазақстандық студент отандық ғылым ордаларына ауысуға ниет білдірген екен. Қалғаны шетелдік университеті онлайн оқуды жолға қояды деп үміт қылып, артын бағып отыр. Егер олар да Қазақстанның жергілікті ЖОО-ларын таңдауға шешім қабылдаса, өздерін қолдау мақсатында арнайы іске қосылған жедел желіге жүгіне алады. БҒМ олар үшін де құжаттарды қабылдау рәсімі жеңілдетілгенін еске салады.
Айхан ШӘРІП