Мақаланың әлқиссасын Дидар Смағұловтың мәлімдемесінен бастасақ. Ұлттық тестілеу орталығы директорын жазба жариялауға UStudy тарапынан «жасалған» ақпараттық шабуыл әсер еткен. Даудың басы «министрлік Дүниежүзілік банктен 8 миллиардтан астам несие алып, 35 тестілеу орталығын салады» деген ақпарат. Ескерер жайт, Білім және ғылым министрлігі осы тақырып төңірегінде ресми жауап берген жоқ. Әлеуметтік желідегі тікелей эфирге де жауапты орган атынан Дидар Смағұлов қатысып жүр.
ҰТО vs UStudy
Әлеуметтік желіде Ұлттық тестілеу орталығы директоры жазған жазбаға UStudy басшылығы жауап беріп үлгерді. Дидар Смағұлов 2019 жылдың қарашасында педагогтердің алғашқы ҰБТ-сын тапсыра алмай, тесттің 10 күнге кешіккенін жазған. Салдарынан 600 педагог UStudy-дің елордадағы және Көкшетау қаласындағы аймақтық орталығына келіп, жұмыс істемейтін бағдарламаны көрген. Ауылды жерден келген ұстаздар алыстан келгенде біршама уақыт компьютердің іске қосылуын күтіп отырған. Еліміздің әр өңірінде осыған ұқсас бірнеше жағдай тіркелген. Ал UStudy компаниясы бұл айыптаулардың негізсіз екенін алға тартады. Олардың айтуынша, мұндай ақаудың пайда болуына тікелей БҒМ кінәлі. Өйткені олар тестілеуді уақытымен әрі қатесіз өткізу үшін алдын ала бір ай бұрын мемлекеттік әріптес (БҒМ) жеке әріптеске (UStudy) тестілеу тапсырмалар базасын беруі шарт. Себебі тапсырмада кездесетін суреттер, формулалар, кестелердің дұрыс шығуы үшін мамандар тапсырмаларды жүйеге енгізіп үлгеруі керек. Ал аталған заттар алдын ала берілмесе, экранда тапсырма шықпай қалуы мүмкін. Осының бәрі мінсіз іске асуы үшін UStudy БҒМ-нан тестілеу базасын, республикалық апелляциялық комиссия мен пәндер тізімін беру туралы 12 хат жіберген екен. Алайда тест басталғанға дейін қарсы тараптан жауап келмеген. Нәтижесінде, жоғарыда жазылғандай, тест өткізу 10 күнге кешігіп, 600 педагог тест тапсыра алмаған. Қос тараптың әлеуметтік желідегі сұрақ-жауабы осындай форматта суреттеледі. Белгілісі, UStudy компаниясы мен министрлік 2019 жылы МЖӘ келісімшартын жасасқан. Шарт бойынша компания 3 тестілеуді тегін өткізуге құқылы. Олар: педагогтердің ұлттық біліктілік тесті (ҰБТ), орта және жоғары білім берудегі оқу жетістіктерін сырттай бағалау тестілеуі (ЖБ және ОБ ОЖСБ). Осыған қатысты Дидар Смағұловтың жазбасында UStudy-дің жоғары білім берудегі ОЖСБ тестін өткізе алмағанын көрсеткен. Кейіннен 60 мың студент емтиханды қағаз форматта тапсырған. Бұл сынға компания «Біздің желі 3 120 орынды қамтиды. Қарапайым арифметикаға салсақ, мемлекеттен бір тиын шығынсыз, 60 мың студенттң екі ағыммен 10 күн ішінде қабылдай аламыз» деп жауап берген. Оның алдында не үшін тестті өткізе алмағанын ашып айтпаған.Дүниежүзілік банктен несие алмаймыз
Басты факт ретінде көрсетілген министрліктің Дүниежүзілік банктен бөлінетін 8,074 млрд теңгеге 35 тестілеу орталығын жабдықтайтыны шындыққа жанаспайды. Бұған министрлік өкілі Дидар Смағұлов жауап берді. «Алыс ауылдарда тұратын балаларды тестілеуден өткізуді емес, жалпы балалардың цифрлық сауаттылығын көтеруді ойлағанымыз жөн. Осы мақсатта Олжас Хайроллаұлына сондай 35 ауылды елді мекеннің тізімін бергенмін. Дүниежүзілік банкпен компьютерлік жабдықтау туралы жоба болды. 35 цифрлы құзыретке ие орталықтардың ашылуы жоспарланғаны рас. Қаржысына келсек, бағасын 1,5 млрд теңгеден асатын сомаға белгілегенбіз. Бірақ компьютер сатып алуға бюджеттен ақша бөлінгендіктен, Дүниежүзілік банктен несие алмаймыз. Қашықтан оқыту біткен соң оқушылар таратып берген құрылғыларды қайтарады. Сонда осы база арқылы аудан мен ауылда орталық ашамыз. Осылайша, олардың цифрлық сауатын көтереміз. Бұл біліктілік тестін аталған орталықта өткіземіз деген сөз емес», – дейді Дидар Смағұлов.Біліктілік тестілеуі өтеді
Жалпы, қос тарап орта білім комитетімен онлайн кездесу өткізген. Нәтижесінде, UStudy біліктілік тестін қайта өткізуге рұқсат алған. Компания басшылығы министрлікке теріс қабақ танытқанымен, рұқсат алғандарына қуанышты. «Біз Президенттен, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан және тағы басқа орындардан көмек сұрадық. Жағдайға бейжай қарамаған әрқайсысына алғыс айтамын. Орта білім комитеті, Шолпан Каринова, Дидар Смағұловпен бірге Zoom-да жиналыс өткіздік. Бәрінен бұрын бұл жағдай мұғалімдерге соққы болды. Педагогтер арасындағы біліктілік тестін жақында өткізетін болдық. Шағымымызға байланысты Орта білім комитетінен хат келді. Ресми хат алғандықтан жағдай түзелді деуге келеді. Хат мазмұнында ешқандай орталық салуға конкурс жүрмегені жазылған. Ескерер жайт, сұраныс жібергенімізге 14-15 күн дегенде жауабын алдық», – дейді UStudy компаниясының директоры Олжас Хайроллаұлы. Ал Ұлттық тестілеу орталығы директоры UStudy компаниясы министрлікке немесе тестілеу орталығына мәселенің анық-қанығын білу үшін сұраныс жіберсе, жауап беретінін алға тартқан еді. Бірақ компания басшылығы тікелей эфир барысында министрлікке бірнеше рет сұраныс жібергенін атап өтті. Оған қоса, кәсіпкерлер палатасы да «министрлік сұранысымызға әлі жауап берген жоқ» деп кесіп айтты. Естеріңізде болса, министрліктің баспасөз қызметі біздің де сұрағымызды жауапсыз қалдырған-ды.2 500 теңгенің жыры
Жалпы, жобаның негізін салушы Жанат Рахмани UStudy-ді жетілдіру үшін кешенді жоспар құрған. Атап айтқанда, жоба бүгінгі дәрежеге жетуіне 4,5 млрд салым көмектескен. Оған жаңа технологияларға негізделген Ноу-хауды қосыңыз. UPARTNER компаниясының бас директорының сөзінше, мұндай орталықтар күллі Еуразияда жоқ. «Өзім біраз шетелді араладым. Сонда орталықтарды әдейі аралайтынмын. Өйткені тест орталығын шетелдік тәжірибеге сай етіп жасағым келді. Біртұтас, бірдей орталық болсын деп барымызды салдық. Салымшыларға алғыс айтамын. HP компаниясынан барлық техниканы сатып алдық. Халыққа ұсындық. Жалпы, 4,5 млрд теңге қаражат құйдық. Тест жүйесінде жаңа технология енгізгіміз келді», – дейді Жанат Рахмани. Компанияның бас директорының бұлай мәлімдеме жасауына Смағұловтың жазбасы әсер етті. Өйткені ол «компания мемлекеттің үнемдеген қаражатын мұғалімдердің иығына арта салды. Ұлттық тестілеу орталығы өткізіп жүргендей байқау сынағы құнын 260 теңгеден 2 500 теңгеге көтерді» деп жазған. Бұған UStudy компаниясының директоры Олжас Хайроллаұлы 2 500 теңгеге сынама тест тапсыру кей ұстаздың қалтасына салмақ екенін түсінетінін жеткізді. Тест тапсыратын педагогтің 80%-ының жалақысы төмен екенін атап өтті. Осыған сай өзіндік ұсынысы мен Смағұловқа жауабын берді. «Мұғалімдердің облыс орталығына келіп, тест тапсыруы 10 мың теңге мен 30 мың теңгенің аралығында екенін білеміз. Оған қоса жататын орны бар. Сонымен салыстырғанда 2 500 теңге қымбат емес. Осындай жайттарды ескере келе, аудан орталықтары мен моноқалаларда 33 орталық салуды көздеп отырмыз. Сонда мұғалім жол шығынын үнемдейді. Сәйкесінше, біз ұсынған баға ұстаз қалтасына салмақ салмайды. Аталған орталықтарды 2021 жылы салуды бастаймыз. Алдағы уақытта Еуропамен келісімшарт жасаймыз. МЖӘ келісімшартында көрсетілгендей, 10 жыл ішінде желіні 153-ке дейін көбейтеміз. Бәрі рет-ретімен орындалып жатыр», – дейді Олжас Хайроллаұлы. Жанат Рахмани болса, сынама тест бағасының ішкі шығындар мен техникалық жабдықтарға байланысты белгіленгенін атап өтті. Оның айтуынша, бизнесте қанша салым салсаң, соған байланысты шығынның орнын толтыруды ойлау керек. Оған қоса орталықтағы жаңа технологияға негізделген құрал-жабдықтарды министрлік өкілдерінің өзі бас бармақпен бағалаған.Құзыретті орган жауап берсін
Тікелей эфир барысында Дидар Смағұлов мәселені дөңгелек үстел басында-ақ шешуге болатынын бірнеше рет қайталаған-ды. UPARTNER компаниясының бас директоры Жанат Рахмани мұның ашық түрде талқылауға түсетін жайт екенін кесіп айтты. Компания МЖӘ келісімшартының толық орындалғанын қалайды. UStudy ҰТО қойған бірқатар талапты келісімшарт бойынша мемлекеттік әріптес БҒМ-мен талқылаймыз деп отыр. БҒМ мен UStudy арасындағы дау қалай аяқталатыны белгісіз. Бірақ орталық біліктілік тестін 14 қыркүйектен бастаймыз деп жоспарлап жатыр. Өз кезегінде министрлік те компанияға тест өткізуге келісім берген. Ал «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы қос тарап арасында ашық алаң өткізуге дайын. Демек, оқиғаның жалғасы бар деген сөз. Тек БҒМ әдеттегідей үнсіздік режимінде қалып кетпесе болғаны.