Осыдан төрт жыл бұрын өткен сайлауға 6 бірдей партия қатысқан еді. Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізіммен өткен сайлау нәтижесін іле-шала жариялады. Оның нәтижесінде Парламентке 3 партия кірген еді. Атап айтсақ, «Nur Otan» партиясына 6 млн астам адам, яғни 82,2 процент дауыс берілсе, «Ақ жол» демократиялық партиясына – 540 мыңнан астам адам, яғни 7,18 процент дауыс, Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясына – 537 мыңнан астам адам, яғни 7,14 процент дауыс берілген еді. Ал «Ауыл» партиясы – 2,01, «Бірлік» партиясы – 0,29 процент, ЖСДП 1,18 процент дауыс жинаған. «Сайлау туралы» заңға сәйкес, Парламент Мәжілісінде «Nur Otan» партиясына – 84, «Ақ жол» мен Коммунистік партияның әрқайсысына 7 депутаттық мандаттан берілген еді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әр Жолдауында елімізде көппартиялы жүйе қалыптастыру қажетін айтады. Сарапшылардың пайымынша, елімізде қызмет ететін көптеген партия тек сайлау кезінде белсенділік танытып, сайлау науқанынан кейін қоғам назарынан тасада қалатынын сын тезіне алады. Расында да, неге көптеген партия тек президенттік және парламенттік сайлаулар кезінде белсенді? Неге қоғамдық мәселелер ұдайы көтеріліп, халықпен тұрақты кері байланыс орнатылмаған? Неге партиялық бағдарламалар жүйелі жұмыс істемейді? Біз алдағы сайлауға партиялардың дайындығы мен белсенділік деңгейін білу үшін басшыларға хабарласқан едік. «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев партияның дайындығы туралы сұрағымызға «Дайындалып жатырмыз. Оны кезінде айтамыз» деп қысқа қайырды. Ал Мәжіліс пен мәслихаттан орын алуға үмітті «Ауыл» ХДП мен Қазақстан коммунистік халықтық партиясы басшылары толыққанды жауап берді.
Партиямыздың танымалдылығы артып жатыр
– Біз үлкен праймериз өткізуді жоспарлап отырған жоқпыз. Болашақта өтетін Парламент пен жергілікті мәслихаттар сайлауына қатысамыз деген жоспарымыз бар, әрине. Партиямыздың өз мүмкіндік-потенциалы мен халық арасында танымалдылығы жоғары. «Ауыл» партиясының құрамында заң шығарушы органда жұмыс істей алады дейтіндей кандидаттарымыз да бар. Біз партияішілік таңдауларымызды жүргізіп жатырмыз. Оны саяси кеңестермен қатар, сол саяси кеңестердің президиумдары, бастауыш партия ұйымдары өздері жүргізеді. Қазірдің өзінде 600-ден астам кандидатымыз бар. Болашақта партияға кіретін кандидаттар тізімі жасақталып отыр. Біздің облыстық, өңірлік филиалдарымыз әлі де таңдау жасап жатыр. Сөйтіп, нақты партиялық тізімді біз сайлау басталған кезде шығарамыз деп отырмыз. Әлі сайлауға дейін біраз уақыт бар. Соның алдында біз сайлауалды бағдарламамызға қатысты мәселелермен қатар, болашақта партиялық тізімге қатысты бастамаларды ішкі тәртіппен өткізіп келеміз. «Ауыл» партиясының құрамында 298 мыңдай мүше бар. Мысалы, біздің партиямыздың елдің алдындағы танымалдылығының артқанының бірден-бір көрсеткіші – соңғы 4 жылдың көлемінде 47 мыңнан астам адам біздің партиямыздың мүшелігіне өтті. Яғни, бұл біздің партиямызға деген қызығушылық бар, қоғамдық жұмысқа араласамыз деген азаматтардың саны көбейіп жатыр деген сөз. Таяуда «Сайлау туралы» заңға квота бөлу мәселесі енді. Қай партия болса да, бұл талаптарды орындауы керек. Сондықтан біз де заң шеңберінде жұмыс істейміз. Алдағы сайлауалды бағдарламасында да, сайлаудан кейін де негізінен жастарға үміт артатынымыз анық. Оның ішінде әйелдер де біздің қатарымызда болады деп жоспарлап отырмыз.Жастарға басымдық беріледі
– Біздің партия Мәжіліс пен мәслихат сайлауына толық дайын деп айта аламыз. Қазір оның жүзеге асырылуына байланысты кейбір мәселелер пысықталып жатыр. Біздің партия құрылған 2004 жылдан бастап бірде-бір парламенттік немесе президенттік сайлауды бос жіберген жоқпыз. Партия мүшелерінің 32 проценті – кілең жастар. Соның ішінде облыстық, аудандық партия комитеттеріне соңғы жылдары жаңа мамандар келіп қосылды. Жастардың ішінде белсенді қыз-жігіттер көп, өз жұмысына құлшына кірісіп кетті. Орталық комитетте жасы 40-тан асқан қызметкер жоқ, көбі 30-35 жас аралығында. Қазір біз де өз қаражатымызды алдағы сайлауға жиыстырып, қанша жұмсайтынымызды айқындап жатырмыз. Қазақстанда Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихатқа депутат сайлау партиялық тізім бойынша өтетін болғандықтан, кейбір қиындықтар туындады. Бірақ біз оларды еңсердік дей аламын. Партия мүшелеріне келсек, 105 мыңға тарта мүшеміз бар. 177 аудандық партия комитеті, 2 900-дей алғашқы партия ұйымдары бар. Бүкіл 14 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қалада партия ұйымы белсенді жұмыс істеп жатыр. Біз үшін қиын жағы – мәслихаттарға белсенділерді таңдау. Мен Орталық комитеттің хатшысы ретінде алдағы сайлау науқанына толық дайынбыз деп сеніммен айта аламын.Кәмшат ТАСБОЛАТ