Елімізде тері өндірісінің тынысы ашылмай тұр. Теріні илеп, қайта өңдеп, дайын өнім шығару ісіне қарағанда, шикі күйінде сыртқа сату саудасы жылдам жүруде. Ал отандық кәсіпорындар тарапынан «шикізаттан қағылып отырмыз» деген шағым жиі естіледі. Жеңіл өнеркәсіп саласындағы осындай мәселелерді ескере келе, еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (ИИДМ) наурыз айында ірі қара малдың терісін экспортқа шығаруға шектеу қойды.
Министрлік тарапынан жарты жылға қойылған (2019 жылдың 10 наурызынан 10 қыркүйекке дейін) тыйым мерзімі ары қарай жалғаса ма, әзірге белгісіз. Белгілісі – бұл шектеу мал шаруашылығы иелеріне айтарлықтай шығын әкелген.
Айта кету керек, ИИДМ-ның тері саудасын шектеуі тек өзіміздің өндірушілерді қорғау мақсатынан туып отырған жоқ. Кеденнен кедергісіз өтіп жатқан шикізат саудасында шикілік бар. Бұл туралы 2018 жылы Мәжіліс депутаты Владислав Косарев сол кездегі бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың атына жолдаған сауалында мәселе көтерген. Депутат жыл сайын өңделмеген терінің сыртқа кетіп жатқанынан аса пайда жоғын, оның үстіне, шикізат көбіне кеденнен баж салығын төлемей заңсыз өтіп кететінін айтқан. В.Косаревтың есебінше, сыртқа кеткен теріні өзіміз өңдеп, дайын өнім түрлерін (етік, белдік, сөмке, т.б) шығаратын болсақ, 1 млрд 800 млн евро қазынаға құйылар еді. Яғни, алып сатарлардың Қытай мен Түркияға шикі күйінде өткізіп жіберуінен республикамыз екі миллиард евроға жуық қаржыдан қағылып отыр. Мәжілісмен келтірген дерек бойынша, шетелде қазақстандық теріге сұраныс жоғары. Сондықтан шикі тері көп мөлшерде контрабандалық жолмен жөнелтіледі. Киіннен ол тері Түркия мен Қытайдан дайын өнім болып өзімізге қайта келеді. Бірақ бірнеше есе қымбат бағаға сатып аламыз...
ҚҰЛДЫРАҒАН БАҒА
Отандық кәсіпорындар үкіметтен экспортқа шектеу қоюды сұрап алғанымен, ішкі нарықтағы теріні сатып алуға инфрақұрылымы дайын емесі көрініп қалды. Нәтижесінде, ауылдарда күресінге лақтырылған терінің көлемі артып, қаудырлаған кепкен теріден қора салуға болатындай жағдайға жетті. Күресіндегі көп теріден қауіпті ауру тарамасына кім кепіл? Экспортқа салынған тыйым бірден терінің құнын түсірді. Мәселен, еліміздегі ірі кәсіпорынның бірі «Ақтөбе ет кластері» компаниясы былтыр 140 тонна өңделмеген теріні көрші Ресей нарығына шығарып, тауар айналымынан 38 млн теңге түсіріпті. Мекеме басшыларының айтуынша, ол кезде терінің бір келісінің орташа құны 272 теңге ( ҚҚС есептемегенде) болған. Алайда биылғы шектеуден кейін баға 10 есеге құлдыраған. Яғни, былтыр Ресей нарығына шыққан бір сиырдың терісі 5 000 теңге деп бағаланса, биыл ары кетсе 500 теңге ғана. Шаруашылық иелері терінің 500 теңгеге түскені өзін-өзі ақтамайды дейді. Себебі, сойылған малдың терісіне тұз себу, сату үшін орталыққа жеткізу – қосымша шығын. Бұл – бүгінгі ірі шаруашылықтарға тән проблема. Ал мал ұстайтын кішігірім қожалықтар, ауылдағы әр отбасының мәселесі қалай шешіліп жатыр? Хабарласып білгеніміздей, ауылда бір сиырдың терісі келісі былтыр 50 теңгеден деп бағаланса, биыл бір келі – 10 теңге. «Қойдың терісін келісін бір теңге деп бағалап отыр. Адамның күлкісін келтіретін баға. Тұздың бір қорабы – 50 теңге. Үлкен өгіздің талыстай терісіне бір қорап себу керек. Одан кейін ол теріні сату үшін аудан орталығына жеткізуің керек. Тасымал құны бар. Ақтамайтын болған соң лақтырамыз. Жалғыз біз емес, барлық ауылда жағдай осы, малдың терісін ит сүйреп, далада жатыр», – дейді біз тілдескен Аягөз ауданындағы «Дәулет» шаруа қожалығының иесі Ербол Сәкенұлы.
КЕРІ КЕТКЕН САЛА
Сонымен тері өндірісінде қайта өңдеу ісінің жағдайының жақсаруын күту қаншалықты сенімді. «Атамекен» ҰКП келтірген дерек бойынша, еліміздегі терімен айналысатын 13 кәсіпорынның сегізі көп мөлшерде қаржы (5 млн-нан 12 млн долларға дейін) құюды қажет етеді. Отандық өнеркәсіптің көбіне тән проблема оларда да бар. Жабдықтары ескі, кейбірінің несиесін қайта қаржыландыру қажет. Оның үстіне, жоғарыдағы 13 кәсіпорынның алтауы ғана теріні өңдеп, илеп, дайын өнімге айналдырады. Өзгесі жартылай фабрикатқа негізделген, жүктемесі төмен (5% және 20% қуатта) шағын мекемелер. «Атамекен» ҰКП талдауына сәйкес, өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесінің төмен болуының негізгі себебі шикізатты сатып алу жүйесі жоқ.
Негізі отандық былғары өңдеу кәсіпорындарына теріні ірі мал шаруашылығы компанияларынан сатып алған тиімді. Ауылдардан, кішігірім фермерлерден жинап әкетуі – шығын. Сол себепті ұсақ шаруа қожалықтары мен жеке отбасында сойылған малдың терісі қаншасы күресінге тасталды, оны есептеу мүмкін емес.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мал шаруашылығы саласындағы бұл проблемаларды «ҚазАгро» АҚ бағдарламалары арқылы көмек көрсетуге болатынын мәлімдеген. Бірақ холдингтің өзінің қаржылық жағдайы аса мәз емес, ұлттық компания өзі дефолттан шығуы қажет. Шілде айында Президент Қ.Тоқаев «ҚазАгро» АҚ жобаларының көп бөлігі жұмыс істемейтінін сынап, холдингтің 2018 жылғы жалпы жинақталып қалған шығындары 120 млрд теңгеге жеткені мәлім болған. Одан бөлек, биылғы егіс науқанында астық сатып алу үшін «ҚазАгро» холдингіне Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 8,3 миллиард теңге бөлінгені хабарланған. Ол туралы 3 қыркүйекте үкіметтегі баспасөз жиынында холдинг құрамына кіретін «Азық-түлік келісімшарт корпарациясы» ҰК төрағасы Ринат Ақбердин мәлімдеген.
Мал шаруашылығында қайта өңдеу саласын әбден жолға қойып алған мемлекеттер бар. Мәселен, Қытайда бір бас малдың өнімінен 15 мың доллар түседі, оның 2 мың доллары ғана етінің құны болса, қалғаны – терісі, сүйегі, мүйізі, ішек-қарын, қан-жыны қысқасы түгел ақша. Бір сөзбен айтқанда, қытайдың ет комбинатында сиырдың «бауыздағанда шығарған соңғы демі» ғана қалады, өзгесі түгел іске жаратылып, пайдаға асады. Біз сондай терең өңдеуге, қалдықсыз өндіріске қашан жетер екенбіз дейсің іштей. Әлде мемлекетіміздің маңдайына тек шикізат сату жазылған ба?!
Сөз соңында айтарымыз, мал баққан жұртты қиын жағдайдан шығарудың бір жолы тері бағасына белгілі бір сомманы белгілеу қажет. Айталық, 1 келісі – 235 теңге. Сонда үлкен малдың терісі орта есеппен 15 келі тартады деп алсақ, құны – 3 525 теңге. Он келі тері – 2 350 теңге. Сондай-ақ экспортқа тыйым салудың да аса қажеті шамалы. Неге десеңіз, біздегі кәсіпорындардың қазіргі жағдайында 600 мың бас малдың терісі жеткілікті. Ал Қазақстанда ішкі-сыртқы нарыққа саудаланғаны бар, соғымға сойып жегені бар жылына кем дегенде екі милионның үстінде мал сойылады екен. Демек, экспортқа шектеуді алмасақ, елдегі тері бағасын ішкі нарық мүмкіндігімен көтереміз дегеніміз бос сөз болмақ.