Аталған орталық негізінен облыс кәсіпкерлеріне несие және қаржылық лизинг беру арқылы қаржыландыру жұмыстарын жүргізеді. Қаржы ұйымы жеңілдетілген несиені ауыл шаруашылығымен айналысатындарға береді. Жылдық сыйақы мөлшері 8 пайыз көлемінде. Өңірде осынау орталық арқылы шаруашылығын кеңейтіп, кәсібін дөңгелетіп отырғандар көп. Мәселен, өткен жылдың желтоқсан айының өзінде отбасылық алма бағын ұйымдастыру бағыты бойынша 7 инвестициялық жоба қаржыландырылған. Құны 2 млрд теңгелік жоба аясында қарқынды бауды салуға арналған жер учаскелерінің жалпы ауданы 117 гектар. Оның 100 гектары – бау, қалған жер инфрақұрылымға пайдаланылған. Оның ішіне периметр арасындағы жолдар, сүзгілеу стансасы, коммуналдық ғимарат, шағын су қоймасы мен жаңадан салынған құдық та кіреді. БАҚ өкілдерінен құралған жасақтың жолы жуырда 100 гектар аумақты алып жатқан осы бір алма бағына түсті. Қарқынды бау тәсілімен егілген алма бір жылда-ақ жеміс береді екен. Дегенмен оның өз деңгейінде жеміс беруі үшін 3 жылға дейінгі өнімін пайдаланбайды. Оған дейін шыққан түйнек қырқылып тасталады. Мамандар қарқынды бау арқылы таза өнім 3 жылдан соң жақсы шығатынын айтады. DALA-FRUIT.KZ ЖШС директоры Сапарбек Ержігітовтің айтуынша, сорғылау стансасы «Жол картасы–2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған. Стансадағы қондырғыларда азот, натрий кальций сияқты талтерекке қажетті толық азық бар. Мұнда су жүйесін Алматы және Жамбыл облыстарында тәжірибесін шыңдаған «Ирригатор Қазақстан» ЖШС орнатыпты. Су жүйесі толық автоматтандырылған, тек өзінің режиміне қойылса болғаны. «Біз тапсырыс берушіден тақыр жерді алып, бауды толық құрып беруге 18 айға келісімшартқа отырғанбыз. Жеткілікті техникамыз, жұмысшымыз бар. Енді бау толыққанды жұмысқа кіріскенде баудың одан ары жұмыстарына, баптап-күтіп ұстауына жергілікті тұрғындардан жұмысшылар қабылданады. Жалпы, 13 жылдан бері бау өсірумен айналысып келеміз. Алманың 16-17 түрін егіп көрдік. Олардың қайсысы біздің жерді жерсінеді, бейімделеді деп зерттедік. Италия, Голландияның да көшеттерін алдырып егіп көрдік», – дейді DALA-FRUIT.KZ компаниясының бау-бақшасын гүлдендіріп отырған маман. Бүгінгі таңда компанияда 100 гектар алма бауы болса, одан бөлек алманы сақтайтын қойма және алма шырынын дайындайтын қайта өңдеу цехы да белсенді жұмыс істеп тұр. Толыққанды жұмысы жанданып отырған компания енді тағы осынша гектарға алма егуді бастаған. Демек, кәсіптің бұл түрі табысты болғаны. «Қарқынды бау сонау Кеңес үкіметі кезінен болған. Дегенмен адамдар онша мән бермеген. Иә, ол кездері бар-жоғы 10-20 гектар ғана бау болған. Ал қазір мына жерді 20 гектардан есептегеннің өзінде 10 шаруашылықтың, яғни бұрынғы 10 совхоздың бау шаруашылығы бар деген сөз. Ауыл шаруашылығында жан-жақты тиімді және кірісі мол шаруашылық деген болады. Мәселен, бізде шаруалар көбіне шығын аз кетеді деп қауын-қарбызды таңдап жатады. Бірақ ол үлкен тәуекелді керек етеді. Себебі оған сұраныс әртүрлі. Көп болғанда сұраныс түседі, аз болғанда көтеріліп кетеді. Баға құбылып тұрады. Шаруалар сол жағын болжай алмай қалады. Сондықтан біз бағбандар бірлестігін құрдық. Бірлестікте бағбандар бас қосып, қаржыны тиімді жұмсау, беретін тыңайтқышты үнемдеу, техниканы дұрыстап пайдалану сынды сұрақтарды ортаға салып, 1 келі алманың шығынын есептеп, мұның кірісті жеміс екенін дәлелдедік. Бізде ірі сатып алушылар бар. Тауарымызды еліміздегі барлық супермаркет алады. Сонымен бірге Ресейге экспорттаймыз», – дейді Сапарбек Ержігітов. Бұл серіктестікте алманың 13 түрі бар. Негізінен, бау-бақшада 5 сұрыптағы Италия, Түркия мен Голландияның алмаларына сұраныс жоғары екен. 100 гектар алқаптың дені алма. Өнімді ұзақ уақыт сақтау үшін сыйымдылығы 15 мың тонналық қойма жұмыс істеп тұр. Жоғарыда атап өткендей, мұнда екі мұздатқыш камера, алдын ала салқындататын үш бөлме бар. Оған тағы да 5 үлкен камераны қосыңыз. Жалпы сыйымдылығы – 8 200 тонна. Биылғы алма теру науқаны басталып кеткен. «Бүгінгі таңда 310 тонна алманың «Гала», «Голден Делишес» түрінен жалпы 400 тоннадан астам өнім терілді. Ал қазір терімі басталған «Гренни Смит» қыркүйектің соңына дейін жиналады. Жалпы, бұл бау 2017 жылы құрылған. Өнімге сұраныс жоғары. Көшеттер шетелден әкелінгенімен, қажетті құрылғылар отандық өнім», – дейді бау өсірудің маманы. Енді биыл «Алмалы С» ЖШС-нің 100 гектар алқапты алып жатқан алма бауын өсіруге кіріскен. Серіктестік директорының айтуынша, елімізде болып жатқан карантин шектеулеріне байланысты сәуір айынан бері шетелдік мамандар келе алмай қалған. Дегенмен бар күшті жинап, еліміздегі бау шаруашылығының мамандарын тартыпты. Одан бөлек, бұл кәсіпке жергілікті тұрғындарды да баулып жатқанын айтады. Енді компанияның басшылығы сенімгерлік басқарудың арқасында колледждегі шәкірттерді осы салаға бейімдеуді қолға алып отыр. Биыл DALA-FRUIT.KZ ЖШС алма баудың әр гектарынан 10-15 тонна, жалпы 1 000 тоннадан жоғары өнім аламыз деп жоспарлап отыр. Негізінен, алма бау толық табысына төртінші жылы кіреді екен. Одан ары жылдан-жылға климатқа орай көбейе береді. «Жалпы, қарқынды бауда қатты өсіп кеткен бұтақты қырқып отырған жөн. Алма егуде арақашықтыққа емес, қыста және күзде қырқу жағына аса мән беру керек. Өнім беретін бұтақты қалдырып, қатты өсіп кетеді дегендерді қырқу қажет. Әрине, бұл жұмыстарға да білетін жақсы маман керек. Біз бұл жағынан Көмешбұлақ, Әйтеке би, Шұбар ауылынан келетін жергілікті тұрғындырды үйретіп жатырмыз. Rigon аймақтық инвестициялық орталығының өкілі Аманжол Шалбаев бақшаларда орталықтандырылған бақылауды енгізу мақсатында 7 линзинг алушы есебінен «Алмалы С» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылғанын айтып өтті. Жобалық қуаттылыққа шыққаннан кейін жылына 4 500 тонна жеміс беретінін айтады. Айта кетейік, отбасылық бақтарға жабдықтар мен негізгі құралдарды DALA-FRUIT.KZ ЖШС жеткізіп беруде. Ол өз кезегінде қарқынды бақтарды құру жұмыстарын жүргізеді. DALA-FRUIT.KZ ЖШС баулары тамшылатып суару жүйесімен, баудың үстін жабуға арналған тор, периметрлік қоршау жолдарымен жабдықталған. Серіктестік DALA компаниялар құрамына кіреді, ол – Қазақстанның оңтүстік аумағындағы ең ірі ұйымдардың бірі. Компаниялар тобы бірнеше бағытта жұмыс істейді.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы