Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстаннан шыққан Василий Жиров (IBF тұжырымы), Марат Мәзімбаев (IBA тұжырымы), Бейбіт Шүменов (WBA тұжырымы), Жанат Жақиянов (WBA super, IBO тұжырымы), Геннадий Головкин (IBO, IBF тұжырымдары) түрлі тұжырымдар бойынша әлем чемпионы атағына қол жеткізгенін бокссүйер қауым жақсы біледі.
Бүгінде кәсіпқой бокс алаңында бағын сынап жүрген тарланбоздарымыздың басым бөлігі АҚШ, Канада, Англияда жаттығып жүр. Статистика бойынша, Қазақстаннан 194 спортшы кәсіби боксшы ретінде тіркелген екен. Бірақ отандық боксшылардың ысқырығы жер жарғанымен, әлем чемпионы болып жүрген – Геннадий Головкин ғана. Оның өзі 2-3 жылдықта спорттық карьерасын аяқтауы мүмкін. Сондықтан біздің боксшыларға да GGG секілді титулдық кездесу өткізетін уақыт келді. Өткен жылы орта салмақтағы әлемнің экс-чемпионы бокс жекпе-жектерінен трансляция тарататын DAZN стриминг сервисімен келісімшартқа қол қойған болатын. Жаңа келісімшарт бойынша Головкин жылына 2 жекпе-жек өткізеді. Сонымен қатар әр айқасы үшін GGG қомақты қаржы алады. Атап айтсақ, Геннадий Головкин DAZN платформасымен 6 жекпе-жек үшін 100 миллион долларға келісімшарт жасасса, мексикалық Сауль Альварес 11 шайқас үшін 365 миллион долларға келісімшартқа қол қойған. Ал кәсіпқой бокс әлеміндегі ең кассалық жекпе-жек Мейвезер-Пакьяо арасындағы жекпе-жек екенін айта кеткен жөн. Иә, мұндай қомақты сомаға кенелуді өзге кәсіпқой боксшылар да армандайтыны сөзсіз. Бұл – отандық боксшылар үшін үлкен мотивация.
Біз осы орайда, кәсіпқой бокста Головкиннің жеңісті жолын жалғауы мүмкін деген қазақстандық боксшының бірнеше ізбасарларына тоқталуды жөн көріп отырмыз. Әсіресе, Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов пен әуесқой бокстан әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлынан отандық спорт мамандары үлкен үміт күтеді. Даниярдың кәсіпқой боксқа ауысқанына 2 жылдан асты. Осы уақыт аралығында ол жалпы саны 9 кездесу өткізіп үлгерді. Жәнібек Әлімханұлы да кәсіпқой бокстағы 8 кездесудің 8-ін жеңіспен аяқтады. Бірақ әзірге қос спортшының да барлық кездесулері жай ғана рейтингтік жекпе-жек.
Ал бүгінге дейін 11 кездесу өткізіп үлгерген Садриддин Ахмедов екінші деңгейлі екі белбеу жеңіп алды. Батыр Жүкембаев та жеңіліссіз сериясын сәтті жалғастырып келеді. 27 жастағы қазақ боксшысы Канадаға емес, бүкіл әлемге кеңінен танылып келе жатқан Eye of the Tiger Manаgement промоутерлік компаниясымен келісімшарт жасасқанын да айта кетейік. Қазіргі кезде Абылайхан Құсайынов пен Нұрзат Сабыров та боксшымен бір промоутерлік компанияда жаттығып жүр. Ал әуесқой бокстан жастар арасында Азия чемпионы атанған Мейірім Нұрсұлтанов (10-0) пен 2014 жылы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері болған Мадияр Әшкеев (11-0) АҚШ-та дайындалуда. Аталған боксшылардың көпшілігі қазірдің өзінде 10-нан аса кездесу өткізіп үлгергенімен, чемпиондық атаққа таласуға асығар емес. Әзірге бұл боксшылар бір-екі белбеу үшін кездесу өткізіп, бар күшін рейтинг жақсарту мақсатында жұмсап жатыр десе де болады.
Біз атап өткен үздік боксшылардың бірі, бірінші орта салмақ бойынша WBC Youth әлем чемпионы белбеуінің иегері Садриддин Ахмедов газетімізге берген сұхбатында өзінің алдағы мақсат-жоспарымен бөлісті.
– Жеңіліссіз сериямды әрі қарай жалғастырғым келеді. Ал алдағы уақытта өтетін жекпе-жектерім туралы айтар болсам, шаршы алаңға қазан немесе қараша айында шығамын деп жоспарлап отырмын. Бірақ қарсыласым әлі белгісіз. Анықталған кезде сіздерге бірден айтамыз. Жалпы, басты мақсатым – спортта биік белесті бағындырып, Геннадий ағамыз сияқты шаршы алаңда жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, кәсіпқой бокстағы негізгі тұжырымдардың бірінде чемпион болу, – дейді боксшы.
Журналист, спорт сарапшысы Табиғат Абаилдаев та кәсіпқой бокста жүрген жойқын жұдырықты қазақстандық боксшылардың көп екенін айтады. Ол әңгіме барысында өзі сенім артатын, болашағынан үміт күтетін санаулы боксшылардың есімін атады.
Сонымен, кәсіпқой рингті паналаған қазақ бокшылары арасынан кімнен үміт күтеміз дегенде, бірінші ойға оралатын есім – Данияр Елеусінов. Әрине, мықты боксшыларымыз көп. Алайда боксшының кәсіби мансабында промоутердің атқарар рөлі зор. Олимпиада, әлем, Азия чемпионы ретінде әуесқой бокста аты қалған Даниярдың кәсіпқой бокста да жарқырайтын күні алыс емес. Неге дейсіз ғой? Бірінші фактор, Елеусіновтің техникалық шеберлігі зор. Өте мықты боксшы. Шабуылы мен қорғанысындағы балансы мықты. Екінші фактор, оның ісін белгілі промоутер Эдди Хирн жүргізеді. Эддидің кәсіпқой бокс әлемінде беделі өте-мөте зор. Даниярдың кәсіби мансабын дұрыс жолға қойып, жұлдызын жарқырата алады. Екінші кезекте өз басым Жәнібек Әлімханұлының болашағынан зор үміт күтемін. Қазақ жанкүйерлері үшін Геннадий Головкиннің салмағы атанған орта салмақта бақ сынап жүрген ол – Боб Арумның Top-Rank-мен келісімшартта. Дәл сол Арум әйгілі Василий Ломаченконы үшінші шайқасында әлем чемпионы етті. Он бірінші шайқасында үш салмақта әлем чемпионы етіп шығарды. Қысқасы, Арум – промоутерлердің королі. Талай чемпиондардың жарқырауына жол ашқан адам. Әрине, орта салмақта тағы бір мықтымыз Мейірім Нұрсұлтанов бар. Алайда оған қарағанда Жәнібек тезірек жұлдыз болатын секілді, – дейді Табиғат Абаилдаев.
Ал боксшы Жәнібек Әлімханұлының PR-менеджері Берік Сұлтан боксшының қарым-қабілеті жөнінде, шетелдегі командасы туралы да айтып берді.
– 2018 жылы әлемдік деңгейдегі үлкен промоутерлік компания Top-Rank-пен 5 жылдық келісімшартқа отырдық. Қазір сол промоутерлік компаниямен бірлесе жұмыс істеудеміз. Менеджеріміз – Эгис Климас, промоутеріміз – Боб Арум. Осы уақытқа дейін Жәнібек кәсіпқой бокста 8 жекпе-жек өткізді. Қазіргі кезде WBO Global және WBC Continental Americas чемпиондық белбеулерінің иегері. 8 жекпе-жекпен әлемнің үлкен рейтінгіне кіріп отыр. Атап айтқанда, WBO тұжырымы бойынша қазір әлем бойынша орта салмақта – 4-орында, WBC тұжырымы бойынша – 9-орында, IBF тұжырымы бойынша – 11-орында. Бұл негізі 8.0 рекордтық көрсеткіші бойынша өте үлкен жетістік саналады. Себебі TOP-15-ке боксшылар көбінесе 15, 20 жекпе-жекпен кіреді. Биыл, өкінішке қарай пандемияның кесірінен наурыз айындағы жекпе-жегіміз кейінге шегерілді. Енді алдағы қазан айында жекпе-жек өткізуіміз керек. Кездесудің уақыты, қарсылас әлі нақтыланған жоқ. Мүмкіндік болса биыл жылдың соңына дейін 2 жекпе-жек өткіземіз. Келесі жылы чемпиондық жекпе-жекке дайын болуымыз керек деп жоспарлап отырмыз. Бұл тек қана біздің жоспар емес. Менеджермен де ақылдастық. Келер жылы біздің чемпиондық жылымыз болады деген үміттеміз. Жалпы, біздің жаттығу лагеріміз Америкадағы Лос-Анджелес қаласында. Атақты бапкер Бадди Макгирттің қол астында екі мезгіл жаттығып жүрміз. Бадди да талай чемпиондарды дайындаған, өзі де кәсіпқой бокста чемпион болған танымал спортшы. Шетелдік басылымдар Жәнібектің командасына «жұлдызды команда» деген баға берді. Өйткені промоутер Боб Арум да, менеджер Эгис Климас пен жаттықтырушымыз Бадди да атақты, білікті мамандар. Осындай үздік командамен үлкен жетістіктерге жететінімізге сенеміз, – дейді Берік Сұлтан.
Өз кезегінде спорт сарапшысы Әкежан Мақсат Eye of the Tiger Managament секілді атағы алысқа кетпеген промоутерлік ұйыммен келісімшарт жасасқан Садриддин Ахмедовтің болашағына зор үмітпен қарайтынын айтады.
– Садриддин жас боксшы. 5 жыл бойы рейтингін жақсартса да көп нәрсе жоғалтпайды. Есесіне, тәжірибесі толыса түседі. Менің ойымша, мексикалық Сауль Альваресті жеңуге қабілетті екі боксшы бар. Бірі – Жәнібек Әлімханұлы, екіншісі – Садриддин Ахмедов. Әрине, Садриддин әзірге бірінші орта салмақта жүр. Алайда уақыт өте келе мексикалықпен қолғап түйістіретін мүмкіндік туындай қалса, ол салмақ көтеруден қашпайды. Кәсіпқой бокс әлемінде жүрген мықтыларымыз баршылық. Батыр Жүкембаевтан да үміт күтуге болатын секілді. Ал басқа боксшыларымыздың нәтижесіне көңіліміз толғанымен, әзірге олардың толық әлеуеті бізге беймәлім. Ал әлеуеттерін көрсеткілері келсе, Жәнібек, Данияр секілді мықты промоутерлік ұйымдарға барғаны дұрыс. Сонда өз жолдарын табуы ықтимал. «Балуан Шолаққа» немесе «Алматы Аренаға» елді жинап, ортаңқол бокс кештерін өткізетін промоутерлік ұйымдармен алысқа шаппайды. Әрине, біз отандық ұйымдарды кінәлай алмаймыз. Олар толысу үстінде. Бәрі уақытпен келеді. Бірақ талантты боксшылар өз уақыттарын аяуы керек. Спортта уақыт тым аз, – дейді ол.
Осы орайда, кәсіпқой бокста атой салып жүрген Батыр Жүкембаевпен де байланысқа шығып, боксшының өзінен бір-екі ауыз пікір алдық. Күрзі жұдырық иесі таяуда жанкүйерлерін жақсы жаңалығымен қуантатынын жеткізді.
– Менің мақсатым – өз салмақ дәрежемдегі барлық чемпиондық белбеулерді еншілеген чемпионға айналу. Кәсіпқой боксшы ретінде тарихта атымды қалдырып, қазақтың көк Туын көкте желбіреткім келеді. Қазіргі таңда бірінші жартылай орта салмақ бойынша әлемдегі беделді бокс тұжырымдарының барлығының рейтингінде үздік 15 боксшының қатарына кіремін. Осы күнге дейін екінші санаттағы төрт бірдей чемпиондық WBA Continental, IBF Inter-Continental, IBO International, WBC Continental Americas белбеулерін жеңіп алдым. Осы жетістіктерім менің үздік боксшыларды жекпе-жекке шақырып, олармен жұдырықтасуыма жақсы жол ашып тұр. Қазіргі таңда британдық Джош Тейлор мен америкалық боксшы Хосе Рамиреске бірінші жартылай орта салмақтағы чемпиондық белбеулер тиесілі. Сонымен қатар менің салмағымда Реджис Прогрейс, Иван Баранчик, Виктор Постол секілді мықты боксшылар бар. Рейтингте үздік 30 боксшының ешқайсысын осал дей алмас едім. Алдағы уақытта мен тек үздіктермен ғана жұдырықтасқым келеді, – деп жауап берді Батыр Жүкембаев.
P.S.
Иә, расымен кәсіпқой бокста жүрген отандық былғары қолғап шеберлеріне үздіктермен айқасатын уақыт таяды. Бір-екі жылдықта боксшыларымыз титулдық жекпе-жектерге шығып, тұғырдың ең биік сатысынан көрініп, дүбірі күллі әлемді дүрілдеткен оғыландарымыздың әлемдік аренада жасындай жарқылдайтын сәті тусын дейміз.
Абылайхан ЖҰМАШ