Қанат пен Жәнібектің рейтингі жоғарылады
Қанат пен Жәнібектің рейтингі жоғарылады
193
оқылды
Американың Boxingscene порталы жанкүйерлерді  Головкиннің бокстағы жасы келді деп мұңайтса, ал Қанат Ислам мен Жәнібек Әлімханұлы рейтингте алға жылжып, серпіліс жасады. Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) рейтингтің жаңартылған нұсқасын жариялады.  Рейтингте барлық салмақ дәрежесі қамтыл­ған. Орта салмақ дәрежесінде WBO International титулының иегері Қанат Ислам тізілімнің төртінші сатысына көтерілді. Бұрын ол бесінші орынды ием­денген. Бұл салмақта  Хайме Мунгия, британ боксшысы Лиам Уильямс пен ирландиялық Люк Килер үздік үштікке кірді. Қанат Исламның рейтингтегі тағдырына өткен жылы 26 қа­занда Уолтер Каутондоквуға қарсы өткізген жекпе-жегі әсер етіп отыр. Кездесу нәтижесі қазақ боксшысының пайдасына шешілген. Одан бөлек, рейтинг­тегі ауыс-түйістер де сеп болды. Ал орта салмақтағы Жәнібек Әлімханұлы WBC рейтингі бо­йынша үздік ондыққа енді. Бұған дейін ол аталған рейтингте 13-орында тұрған. «Қазақ бокс стилі» атымен танымал Жәнібек Әлімханұлы WBO түзілімінде Қанат Исламнан кейінгі 5-орынға жайғасты. Ол былтыр 9 қарашада өткен жекпе-жекте канадалық Альберта Онолуносені алтыншы раундта нокаутқа жіберді.  Кез­десу Калифорния штатының Фресно қаласында болды. Нәтижесінде, боксшы WBC Continental Americas және WBO Global титулын қорғап қалды.  width= Екінші орта салмақта нық қадам жасап жүрген қазақстандық кәсіпқой боксшы Айдос Ербо­сынұлы Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) рейтингінде 24-орынға көтерілді. Әзірге жеңіл­мей келе жатқан Айдос бұ­рын 35-орында тұрды. Ол соңғы кездесуінде венесуэлалық Омар Гарсияны техникалық нокаутпен жеңді. Жекпе-жек 2019 жылы 21 желтоқсанда Красноярск қаласында өтті. Сөйтіп, Айдос Ербосынұлы WBC Asia, WBA International және WBO Global нұсқасы бойынша титулдарын сақтап қалды.  Бұл боксшының WBA түзілімінде 2-орынға, WBO рейтингінде 7-орынға тұрақтауына мүмкіндік берді. Сондай-ақ бірінші орта салмақта Садриддин Ахметов 28-орыннан 27-ге, жартылай орта салмақтағы Данияр Елеусінов 70-орыннан 38-орынға көтерілді. Ал бірінші жартылай орта салмақтағы WBA Continental Americas чемпионы Батыр Жүкембаев 11-ден 12-орынға сырғыды. Жеңіл салмақтағы WBC International титулының иегері Виктор Коточигов бұрын 20-орында болса, жаңа түзілімде 13-орынға табан тіреді. Осылайша, қазақстандық боксшы WBC рейтингіндегі үздік 15 спортшының қатарына кірді. Екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBC Youth чемпионы Сұлтан Зәуірбек 36-орынға тұрақтады. Кез келген рейтинг күн сайын жаңарып, кездесу сайын қайта түзілетінін ескерсек, боксшының бұдан да жақсы нәтижеге же­ту­ге қауқары бар. Әрбіріне артыл­ған сенім оларға күш беріп, жігерін жаниды. Жанкүйер Әлімхан­ұлы­ның «қазақ бокс стилін» әлем­ге танытып, Қанат Ислам­ның Головкин салған жолды жал­ға­рына сенеді.   Айбике ЖАНАСЫЛ