Сот үкімімен 32 адам сотталды.
Мемлекетке ірі көлемде залал келтірген ұйымдасқан қылмыстық топ сотталды
1,723
оқылды

Мемлекетке 1,2 млрд теңге мөлшерінде залал келтірген арнайы ХҚКО-ларда ұйымдасқан қылмыстық топ сотталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Антикорға сілтеме жасап.

25 сәуірде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты заңнамада көзделген алымдар мен төлемдерді төлемей, шетелден әкелінген автокөліктерді тіркеу есебіне заңсыз қоюмен айналысатын арнайы ХҚКО мен полиция қызметкерлеріне және азаматтық тұлғаларға қатысты үкім жариялады.

Олар ұйымдасқан топ құрып, басшылық жасау, мемлекетке мүліктік залал келтіру, «Web-Модуль» ҚКО» және «ХҚКО ИАЖ» ақпараттық жүйелерінде көлік құралдары туралы мәліметтерді заңсыз енгізу және жою, мәмілелердің жазбаша нысандарын қолдан жасау бойынша айыпты деп танылды.

2022 жылдың қаңтарынан мамырына дейін қылмыстық топ шетелден әкелінген 462 автокөлікті заңсыз тіркеген. Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 1,2 млрд теңгені құрайды.

– Сот үкімімен 32 адам сотталды, оның ішінде қылмыстық топтың ұйымдастырушылары – Астана қаласының №2 Мамандандырылған ХҚКО басшысы Ш.Бөкебаев пен Астана қаласының Арнайы ХҚКО мамандары А.Там-Оглы мен Х.Там-Оглы 9 жыл бас бостандығынан айырылды, 5 топ қатысушысы 6 жыл бас бостандығынан айыру, ал жазаның әртүрлі мерзімдері бойынша 17 «көмекшіге» бас бостандығынан айыру және шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Сондай-ақ 7 қызметкер 2 жыл 6 айдан бастап бас бостандығын шектеуден 3 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Олар арнайы атақтарынан және мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан өмір бойы айырылды, – делінген хабарламада.

Сот процесі Астана қаласы Полиция департаментінің жеке құрамының, сондай-ақ Астана қаласы Арнайы ХҚКО қызметкерлерінің қатысуымен өтті.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сонымен қатар  тергеу барысында арнайы ХҚКО маманы көлік құралдары иелерінің қолтаңбаларын қолдан жасау фактілері автокөліктерді сатып алу-сату мәмілелерінің жазбаша нысандарында анықталды. ҚР ҚПК-нің 200-бабы тәртібінде енгізілген «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға ұсынымның нәтижесінде автомобильдерді тіркеу қағидаларына автокөлік иесінің ЭЦҚ кілтін міндетті түрде пайдалана отырып, мәмілелердің электронды  нысанынан жазбаша нысанды алып тастау туралы өзгерістер енгізілді.

Мұндай өзгеріс автокөліктерді сатып алу-сату шартын жасасу кезінде авто иелерінің қолдарын қолдан жасау бөлігінде жемқорлық тәуекелдерін болдырмайды.