Теміржолдағы темірдей тәртіп
Теміржолдағы темірдей тәртіп
280
оқылды

«Қазақстан темір жолы» ұлт­тық компаниясы жемқорлыққа қарсы күресті күшейтіп, темірдей тәр­тіпке көше бастады. Компа­ния­да сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзушілік деңгейін нөлдік шкалаға тұрақтандыру қолға алы­нды. Бұл туралы ұлттық компанияда өткен сыбайлас жем­­қорлыққа қарсы іс-қимыл ке­ңе­­сінде айтылды. Бейнекон­фе­ренция режимінде өткен бас­қо­суға Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы іс-қимыл агенттігінің бас­шы­лары мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының өңір­лердегі филиалдары мен ен­ші­лес кәсіпорындарының жетек­ші­лері қатысты.

Сыбайлас жемқорлық пен бизнесті адал жүргізбеу – кез келген компанияға қауіп төндіреді. Сондықтан да бүгінгі таңда ірі корпорациялар мен компа­ния­лар абырой-беделге нұқсан келтіретін жемқорлықпен күресті күшейтуге мүдделі. Бұл қатарда «Қазақ­стан темір жолы» ұлттық компаниясы да бар.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төра­ға­сының корпоративтік мәселелер және HR жөніндегі орынбасары Серік Әбденов компанияда жемқорлыққа қарсы күресу мақсатында жұмысшылар тәртібіне қатысты ережелер мен нормалар стандарттары, сондай-ақ 2019-2020 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойын­ша шаралар жоспары жасалып, бекітіл­генін жеткізді. Бұған қоса, 2018 жылдың желтоқсан айында «Қазақстан темір жолы» компаниясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арасында теміржол көлігіндегі жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім жасалған. Бүгіндері аталған келісім шеңберінде «Адал жол» жобалық кеңсесі жұмыс істеп тұр. Компания сонымен бірге саладағы тұрмыстық жемқорлықты жою шараларын да назардан тыс қалдырмай келеді.    

Компанияға қарасты ұжымдардың барлығында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңы мен Іскерлік әдеп кодексін оқу, зерделеу шараларын тұрақты жүргізу дәстүрі қалыптасты. Көлік саласында жемқор­лықпен күресуді жүзеге асыру үшін мемлекеттік және басқа да сала өкіл­де­рінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйым­дастырылып тұрады.

«Компания қызметінің барлық сала­сында ашықтық пен айқындық саясаты, кез келген құқық бұзушылыққа «нөлдік төзушілік» енгізіліп жатыр. Кез келген басшы өзіне сеніп тапсырылған бөлімшеде жемқорлыққа қарсы страте­гияның қамтамасыз етілуіне жеке басы­мен жауап береді. Компанияда жем­қор­лыққа қатысты оқиғалар мен деректерді ашық және кедергісіз хабарлау үшін кері байланыс арналары құрылған. Бұдан бөлек, Іскерлік әдеп кодексі талаптарының сақталуына мониторинг жүргізіледі. Компанияның құрылым­дық бөлімшелері мен филиалдарында бос жұмыс орындарына кадрларды кон­курстық негізде іріктеу тәртібінің ашықтығы қамтамасыз етіледі», – деді Серік Әбденов.

Оның айтуынша, компанияда жем­қорлыққа қарсы ең негізгі де маңыз­ды қажетті құжаттар қабылданды. Мәсе­лен, Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-шаралар саясаты,   ақпарат­тан­дыру саясаты, әдеп және тәртіп кодексін айтуға болады. Ақпан айынан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен, тиісті министр­лікпен теміржолдың тасымалдау сала­сындағы ішкі жемқорлық мәселелеріне арналған жол картасы бекітілді. Осы құжат аясында белсенді шаралар атқарылып жатыр.

Компания басқарма төрағасының орынбасары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының сатып алулары «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Бірыңғай электронды сатып алу­лар порталында жүзеге асырыла­ты­нын атап өтті. Оның пікірінше, бұл сатып алуларды ұйымдастыру, өткізу және келісімшарт жасау кезіндегі жем­қор­лық көріністерін туындататын жағ­дайлардың азаюына айтарлықтай ықпал етіп отыр.

Сатып алулар қорытындысы бо­йын­­ша жасалатын келісімшарт­тар­дың барлығына тараптарға жемқорлықты жоюға міндеттейтін «Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» бөлімі енгізіледі. Адам факторын жою үшін жүк қозғалысына жаңа технологиялар енгізіліп отыр. Мәселен, «Келісімшарт және коммер­ция­лық жұмыс», «Энерго-диспетчерлік тарту» деп аталатын автоматтан­ды­рыл­ған басқару жүйелерінің тиімділігі дәлелденді. Тасымалдау құжаттарын қағазсыз рәсімдеу технологиясы да осы бағыттағы жұмыстың ашықтығын қам­та­масыз етіп, жемқорлықтың жо­лын ке­суге ықпал етті. Компанияның бар­лық бөлімшесінде қандай да бір жем­қор­лық дерегі анықталса, жедел хабар­лау үшін сенім телефондары туралы ақпарат орналастырылған. Мұның бар­лығы жеңастынан жалғасқан жем­қор­­­л­ық­тың жолын кесу үшін жасалып жатқан амалдар.

Кеңес барысында сөз алған Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Шабдар ескерту-алдын алу қызметі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басым бағыттарының бірі еке­нін тілге тиек етті. Ол Индустрия және инфрақұрылымдық даму министр­лігімен және «ҚТЖ» ұлттық компаниясымен бірлесіп теміржол тасымалындағы тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою бойынша «Жол картасы» әзірлегенін, бірлескен рейдтік іс-шаралар нәтижесінде әртүрлі бұзушылықтар анықталғанын, бірқатар қызметкерлердің жұмыстан шығарыл­ғанын көлденең тартты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алдын алу департа­мен­тінің директоры Анар Жарова мемле­кеттік органдармен, квазимемлекеттік сектор, бағынысты ұйымдар, аумақтық бөлімшелермен бетпе-бет отырып үн­қа­тысу құру – жемқорлық мәселесін тал­қылаудың тиімді құралы деп санай­ды.

«Біз теміржол саласындағы өзекті мәсе­лені талқыладық және оны шешу­дің бірлескен жолын қарастырдық. Ком­паниямен бұл бағыттағы ынтымақ­тас­тығымыз биыл ғана басталған жоқ. Біздің жемқорлықпен күресу үшін қабыл­даған бірлескен Жол картамыз­дың шеңберінде бүгінге дейін көп жұ­мыс­ атқарылды. Біздің ортақ мақса­ты­мыз – теміржол көлігі саласындағы жем­қорлық көріністерін толыққанды жою», – дейді ол.

Сөз басында айтқанымыздай, темір­жол саласында да жемқорлыққа қар­сы күрес мықтап қолға алынып отыр. Соның және бір мысалы, жыл басында іске қосылған Комплаенс-қызметі. Аталған қызметтің міндеті – реттеуші ережелер мен жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуын бақылау, баламалы процестерді құру есебінен жемқорлықты азайту. Бұл қызмет жемқорлыққа қарсы заңнамаларды, әдеп нормалары мен жауапкершілік тәртібінің сақталуын қамтамасыз етеді.

«Жемқорлықпен күрес тікелей жоғары басшылықтан басталуы керек және ол компания жұмысының негізгі ұстанымына айналуы маңызды. Келесі негізгі принцип – кез келген жемқор­лық­тың пайда болуына төзбеушілік қалыптасуы қажет. Сондықтан компа­ния нөлдік төзушілік аумағын орнатуға кірісті. Сондай-ақ бұлтартпас жазалау принципін басшылыққа алған ләзім. Жалпы, осы және өзге де іс-шаралар жемқорлықпен күрес туралы заңна­ма­ларда нақты жазылған. Жемқорлықтың қай түрі болмасын, компания беделіне нұқсан келтіреді. Ал абырой-бедел – компанияның ең негізгі активі. Сол себепті компания басшылығы тарапы­нан бірқатар маңызды шаралар қабыл­да­нып жатыр» дейді Комплаенс-қызме­тінің жетекшісі Ирина Капанова.

Оның пікірінше, теміржол көлі­гіндегі тұрмыстық жемқорлықты жою мен билет сатуды автоматтандырудың маңызы зор. Компания әлеуметтік бағыттағы қызметтерді де ұсынады және тұрақтылық орнағаның қалайды. «Компанияда кез келген жемқорлық оқиғасына «нөлдік төзушілік» деңгейі қабылданғандықтан, жемқорлыққа   қатысы бар адамдар басшылық қызмет­ке қабылданбайды. Бұл жөнінде кор­руп­цияға қарсы заңда анық жазылған және біз оны құптаймыз. Себебі біз қата­рымызда тәртіпті, адал және жауап­кер­шілігі жоғары адамдар еңбек еткенін қалаймыз» дейді   ол.

Компанияның Комплаенс-қызме­тіне референс үлгіге басымдық берілген. Референс үлгі, қарапайым түрде түсін­дір­сек, кез келген жұмыстың үздік үлгісі дегенді білдіреді. Яғни, компания жем­қор­лықпен күресті күшейтудің барын­ша озық үлгісін енгізуге кірісті деуге толық негіз бар.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ