Иә, биыл мұғалім атануға бел байлағандар көп. Себебі алдағы уақытта педагогқа жасалатын жағдай мен стипендияның көбейетіні туралы хабар жас түлекке ұнаған-ды. Президент мамандықтың беделін арттыру үшін болашақ педагогтарға стипендияны 26 мың мен 46 мың теңге аралығында өсіру қажетін айтты. Нәтижесінде, 2020 жылдың қыркүйегінен бастап олардың стипендиясы 42 мың теңгеге дейін өсті. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында Білім министріне педагог мамандарды даярлауға көңіл бөлу керегін тапсырған еді.
Мемлекет басшысы айтты, Аймағамбетов іске кірісті
Алдымен министр орта білімнің сапалы болуының негізгі құрамдас бөлігін айқындап алды. Біріншіден, мамандыққа тапсырушылар арасындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыруды көздеді. Нәтижесінде, педагогика мамандығына түсу үшін шекті балды 70-ке көтерді. Екіншіден, мұғалімдік қызмет талапкерді тартуы керек. Яғни, оның айлық табысы, қоғамдағы рөлі көпке ұнауы тиіс. Осы мақсатта министрді біршама жұмыс күтіп тұрғаны белгілі. Бір ғана «Педагог мәртебесі» заңымен ұстаздың беделі көтерілмейтіні анық. Ал жалақыға келсек, 2021 жылдан бастап мұғалімдердің табысы артатын болды. Сондай-ақ жыл сайын 25%-ке көбейеді. Оған түрлі педагогикалық «бонусты» қосыңыз. Жас маманға, магистратура мен докторантура бітірген мұғалімге, біліктілікті арттыру курсына қатысқанға белгілі бір пайыз бойынша үстемеақы қосылады. Биылға дейін педагогика мамандығы бойынша грантқа түскендердің орташа балы – 60-65. Өйткені ол тұста шекті балл 50 болған-ды. Талап күшейген соң мамандықтың беделі көтерілері сөзсіз. Сәйкесінше, бедел көтерілген жерде бәсеке пайда болады. Мәселен, осыған дейін педагогика мамандарын дайындайтын 86 ЖОО болса, қазір министрлік оқу орны санын қысқартып жатыр. Студенттерге сапалы білім бермейтін бірқатар университет лицензиясынан айырылуы мүмкін.Мұғалім болам мен ертең
Статистикалық мәліметке сүйенсек, 80 мыңнан астам талапкер білім грантын иеленуге ниет білдірген. Соның ішінде 53 мың жас мемлекет есебінен тегін оқу мүмкіндігіне ие болды. 2020-2021 оқу жылында педагогика мамандығы бойынша конкурс нәтижесінде 8 506 түлекке білім гранты тағайындалды. Бәсеке қалыпқа келген соң талапкерлер арасында «Алтын белгі» иегерлерінің де қатары көбейген. Мектепті алтынмен бітірген 1 565 түлек педагог болуды қалаған. Ал өткен жылмен салыстырғанда болашақ мұғалімдердің арасында «Алтын белгі» иегерлері 1,7 есеге көбейген. Жоғарыда шекті балдың 70-ке жеткенін жаздық. Тиісінше, бұл педагогика мамандығы бойынша орташа балдың да көтерілгенін көрсетеді. Министр ұсынған мәліметке сүйенсек, «Шетел тілі мұғалімдерін даярлау» бойынша шекті балл – 104. «Математика мұғалімдерін даярлаудың» шекті балы 111 болса, «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау» бойынша шекті балл 107-ні нұсқады. «Педагогика мен психология» – 97 балл, «Арнайы педагогика бойынша мамандарды даярлау» бойынша шекті балл – 89. Биыл грантқа түскен талапкерлердің тізіміне үңілсеңіз, педагогика бойынша расымен ұпай санының жоғарылағанын байқайсыз. Өйткені «Математика мұғалімдерін даярлау» мамандығына грантқа түскендердің тізімі 116 балдан басталады. Ал «Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімін даярлау» мамандығына ҰБТ-дан 100 балдан артық жинаған түлектер де грантқа түсе алмаған. Мәселен, Алтынай Жұмансынқызы бала кезден қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі атанғысы келген. Өйткені көркем әдебиетке құмар ару болашақта шәкірттерін кітап оқуға баулитынын жеткізді. Ал ата-анасы оған заман талабына сай шет тілін таңдауды талап еткен. Алайда Алтынай ҰБТ-да бейінді пән ретінде қазақ тілі мен әдебиетін белгілеген.«ҰБТ-дан 95 балл жинадым. Сараптауларым бойынша, әлемдегі төтенше жағдайды ескере келе, грант игері атануға мүмкіндігім бар деп ойладым. Нәтиже жария болғанда мемлекеттік грантты ұта алмағанымды көрдім. Содан Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ақылы бөліміне оқуға тапсырдым. Кейін оқу орнындағы қатарластарыммен сөйлескен соң 120 балдан жоғары ұпай жиған түлектердің ғана грантқа түскенін көрдім», – дейді Алтынай Жұмансынқызы.
Толғанай Мұратбекқызы да қазақ тілі мен әдебиеті бойынша грантқа түсетініне сенімді болған. Өйткені былтыр грантқа түскен талапкерлерден ұпай саны жоғары. Ол ҰБТ-дан 89 балл жинаған. Грантқа түспеген соң Қыздар педагогикалық университетінің ақылы бөліміне құжаттарын тапсырған. Қызығы, Толғанай оқитын топта грантқа түскен түлек жоқ. «Бір емес, 2 рет мүмкіндікті сынап көрдім. Алдымен жалпы конкурсқа қатыстым. Осы жылы құжатты онлайн тапсырғандықтан, біршама қиындық тудырды. Құжаттар дұрыс болмағасын бірнеше қайтара тапсырдым. Грантқа ие болмағанымды көріп, мойығам жоқ. Әкімдік грантта бағымды сынауға бел байладым. Құжат тапсыру үшін Талдықорғанға бардым. Шыны керек, 100 балдан асырып жинағандар да грантқа іліне алмаған. Оның себебін сапасыз мұғалімдердің саны артқанымен байланыстырады. Бірақ шекті балдан асып тұрып, грантқа түсе алмау еңсеңді түсіреді екен», – дейді Толғанай Мұратбекқызы. Иә, Толғанай Мұратбекқызы айтқан сөздің жаны бар. Өйткені түлектер құжаттарын онлайн тапсыра алмай, карантин уақытында ЖОО есігін күзеткенін көз көрді. Бірі онлайн тапсыру механизміне сенбей университетке келіп тапсырса, екіншісі интернет мәселесімен алыс ауылдан қалаға келді. Жоғарыда министрдің үш орта білім сапасын көтерудің үш компонентіне сүйенгенін жаздық. Соның үшіншісі оқуға қабылдау барысында мұқият іріктеу мен білім беру бағдарламасының сапасына назар салу болатын. Осы тұста кейіпкеріміз Мөлдір Жомартқызы айтқан мәселеге таңырқап қалдық. «Шет тілі мұғалімін даярлау бойынша» Абылайхан атындағы Халықаралық қатынастар университетіне грантқа түстім. ҰБТ-дан 98 балл жинадым. Биыл педагогикалық мамандықтарға грантқа түсу қиынға айналды. Оқуға түскен университетімде мемлекеттің грантқа ие болғандардың дені тестілеуден 93 балдан жоғары жинаған. Бірақ ақылы бөлімге тапсырғандар 50 балдан жоғары жинаса жеткілікті», – дейді Мөлдір Жомартқызы. Сонда оқуға қабылдау барысында сүзгіден өткізу «технологиясы» қайда қалды? 50 балл жинаған түлек ертең мұғалім болса, орта білім сапасын көтеру жоспары орындалатынына кім жауап береді? Жалпы, білім беру бағдарламасын жаңартып, педагогикалық практиканы ұйымдастыру мен дуалды оқыту жүйесін енгізу үшін студент бәсекеге қабілетті болуы тиіс емес пе? Сол үшін педагогика мамандығының мерейін үстем ету жолында тек шекті балды көтерумен шектелмей, ақылы бөлімге де назар салған жөн-ау...