Шенеунік қысқарту: айналмалы есіктер «қарғысы»
Шенеунік қысқарту:  айналмалы есіктер «қарғысы»
178
оқылды
Иә, ондай уәде бар. Нақты мін­дет те қойылған. Биылғы 1 қыр­күйекте жарияланған Жолдауында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппарат және квазимемлекеттік сектор қызмет­кер­лерін қысқарту мерзімін же­дел­детуді тапсырды. Биыл олардың саны 10%, келесі жылы 15% азай­тылады. Осылайша, 2021 жылы шенділер санын 25 пайызға қысқарту мәселесі шешілуі тиіс. Бұрын бұл процесті тек 2024 жылы аяқтау көзделген. Бірақ мұнымен тоқтамауы мүмкін: Қ.Тоқаев осы науқан нәтижесінде және цифр­ландыру үдерісін ескере отырып, әрі қарай қысқарту туралы шешім қабылданатынын қосты.  

Қысқарту не үшін қажет?

Біріншіден, таң азаннан қас қарайғанша жұмысында тапжыл­май отыратын мемлекеттік қызмет­шілер жалақының аздығына ша­ғым­да­нады. «Еңбекақысы аз мем­лекеттік қызметшінің қоғам үшін пайдасынан зияны көп!», – деді Президент. Сондықтан қысқарту­дан үнемделген қаражат қалған қызмет­керлердің жалақысына жұмсалмақ. Психолог Гүлбану Үмбетжа­но­ваның байламынша, мемқыз­мет­ші­нің төмен айлығы оның жеке өміріне де нұқсан келтіреді, бақыт­сыз етеді. «Елімізде шенеуніктердің жала­қысы сонша көп емес екені белгілі. Ол үйіне келгенде жұбайы, бала­лары, ата-анасы, туыста­рының: «анау керек», «мынау жетпейді», «мы­наны сатып алғым келеді» се­кіл­ді қарша бораған тілектерінің ас­тында қалады. Әпере алмаса, басы қор болады, табысты шен­ділермен салыстырылып, кемсі­ті­леді. Әйел­дердің көбі ақша­ның аз­дығы, шетелдік саяхатқа шыға алмағаны, сән-салтанатқа батып, үлде мен бүлдеге оранбағаны үшін күйеуіне қысым көрсетеді. «Пайда таппасаң неменеге бастықсың!» деп ұялтады. Бұл қыспақтан арылу әрі отбасын сақтап қалу үшін ше­неунік тұйықтан шығар жол, «тұт­қиылдан» табар табыс іздейді. Сал­­­дарынан жұбайы мемқыз­мет­шіні коррупцияға итер­мелейді», – дейді отбасылық психо­логия жө­нін­дегі сарапшы Г.Үмбет­жанова. Ол МӘСҚ бұрынғы басшысы Айбатыр Жұмағұловты осының жарқын үлгісі ретінде атады: оның зайыбы Гүлбаршын әлеуметтік же­ліде пост жазып, 30 жылдық ме­рейтойына күйеуінің 12-ші авто­көлікті сыйға тартқанына мақ­тан­ды. Бұл қоғам тарапынан қатаң сынға ұшырап, ақыры Жұмағұлов шектен тыс салтанатқұмарлығы үшін жұмы­сынан қуылды. Осы орайда, пси­холог шенеуніктер емес, оның жұбай­лары үшін түр­меге экскурсия ұйымдас­тырылуы керек деп санай­ды. Олар дүние­қоңыздықтың ақыры неге соқты­ратынын ұғынар еді. Екіншіден, қаптаған шенеу­ніктер армиясы мен квазисектор персоналын ықшам, жинақы күйге келтіруді заманның өзі талап етіп отыр. Үлкен штат саны бар, ора­лымсыз «супергигант» министр­­ліктер мен ұлттық компаниялардың дәуірі өтіп бара жатыр. Жаңа құры­лымдар халықтың және эко­но­миканың нақты мәселелерін шешуге күш-жігер шоғырлан­дырғаны жөн. Мемлекет басшысы сан алуан көр­сеткіштер мен ұлы мақсат – инди­катордан тұратын алып мемле­кеттік бағдарламалар әзірлеуді тоқ­та­туды бұйырды. Қа­зақ­стан барша азаматқа түсі­нікті, қысқа әрі нұсқа ұлттық жоба фор­ма­тына көшеді. Үшіншіден, мемлекет жұрт­шы­лыққа жоғарыдан қабақ түйе қара­май, қоғамға сенім білдіруі керек. Яғни, Үкімет бәрін өзі жос­пар­лап, өзі шешіп, өзі бақылауын доғаруы, енді жеке сектор мен қо­ғам өкіл­дерін толыққанды серік­тес ретінде қабыл­дап, осы жұмыс­тың барлық кезеңі­не – жоспарлауға, орындауға және бағалауға тартуы керек. Бұл да Президенттің тапсырмасы. Тиі­сін­ше, көптеген құрылымға және он­дағы шенеуніктердің қызметіне деген қажеттілік болмайды. Төртіншіден, коронавирус інде­ті қолданыстағы мемлекеттік басқа­ру жүйесінің ескіргенін паш ет­ті. COVID-19 кеселінен қорғану үшін шенеуніктердің және квази­сектор қызметкерлерінің 80 пайы­з­ы «қа­шық­­­тан жұмыс істеуге» кө­ші­­рілді. Оның біразы ештеңе істе­мей, жала­қысын алып, үйінде отырды. Мем­қызметтің 80 пайыз­дайы халыққа электронды түрде көрсе­тілді, яғни негізгі күш ІТ ма­ман­дарына түсті. Бұл жайт мем­лекеттік аппаратты қысқартуға бо­латынын аңғартуда. Сол себепті Қазақстан мемқыз­мет жүйесін ретке келтіріп, қайта құруға кірісуде.  

Алыптар дәуірі аяқталды

Жыл аяқталып қалғанына қара­мастан қандай министрлікте, не ұлттық компанияда қанша адам қысқартылатынына қатысты нақ­ты тізім жоқ екен. «Президент айт­қан қысқарту науқаны қашан баста­лады?» деген сауал мемқыз­метші­лерді де, қоғамды да қызық­тырып отыр. Ал жаңа министрлік, бюро және қос агенттіктің құрылуы ше­неу­нік­тер штатының өсуіне ықпал етпейтін көрінеді. Өйткені бұл меморгандар бұрыннан бар, тек мәртебесі өз­гереді, жаңа өкілет­тіктер мен функ­цияларға ие бола­ды. Мәселен, Төтенше жағдайлар министрлігімен – ІІМ, Ұлттық эконо­мика, Индустрия және инфра­құрылымдық даму министр­ліктері штат бөліседі. Стратегиялық жос­пар­лау және реформалар агент­тігі – Ұлттық экономика ми­нистр­лігінің штатынан өз еншісін алады. Айт­қандай, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі де еліміздің бас экономисі Руслан Дәленовтің ұжы­мын азайтады. Нәтижесінде, депу­тат­тар «суперги­гант-министр­лік» атаған, яғни мемле­кеттік мате­риал­дық резерв, статистика және халық санағы, табиғи моно­по­лияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау секілді сан алуан секторды қанатының астын­да біріктіріп келген Ұлттық экономика ми­нистр­лігі алыптығын жоғалтады, кішірейеді. Соның арқа­сында көп кеменің басын ұстап, әр істі бір шалмай, басты бағдары – экономика істеріне бар күшін жұ­мылдыруға мүмкіндік алады. Тағы бір «супергигант» – Ин­дустрия және инфра­құры­лымдық даму министрлігі де ТЖМ-ның құрылуына байланысты бір бөлігі­нен айырылады. Сарапшылар бо­ла­шақта бұл министрліктің өзі тараты­луы ықтимал деген болжам айтады. Мемлекеттік қызмет істері агент­­тігінің төрағасы Анар Жайыл­ғанова «Казправдаға» берген үлкен сұхба­тында да қысқартудың қашан бас­талатынын айтпайды. Тек оған алды­мен онсыз да бос тұрған орын­дар (вакансия) ілігетінін нақтылады. – Алдағы қысқартудың ауқымы салмақты. Алайда бұл «механи­калық процесс» емес, жан-жақты ойласты­рылған оптимизация бола­ды. Оның түпкі мақсаты – жинақы әрі тиімді мемлекеттік аппарат қалыптастыру. Бүгінде саяси және әкімшілік лауа­зымдар­дағысын қоса алғанда, елде 97 мыңдай мемқызметші бар. Бұл экономи­калық белсенді ха­лықтың 1,1%-і. Мемлекеттік қыз­меттегі тұ­рақты бос орындардың жалпы саны 8 мыңға жетеқабыл, яғни мемаппа­раттың жалпы саны­ның 8,5%-і. Оңтайландыру қол­даныс­тағы және ықтимал бос орын­дарды ішінара жою есебінен жүр­гізіледі. Бұған қоса, жыл сайын мыңдаған шенеу­нік зейнет­керлікке шығады. Сон­дай-ақ ша­мамен 6мыңы жеке секторға немесе басқа да ұйымдарға кетеді. Бұл ретте, біз «солардан босаған орындарға жаңа маман алу керек пе, әлде қыс­арта салған дұ­рыс па?» деп баға­м­даймыз, – деді Анар Жайыл­ғанова. Агенттік басшысы «мұның бар­лы­ғын жүзеге асыру үшін қолда­ныс­тағы мемқызмет туралы заңна­маға өзгерістер енгізілуі керек», – дейді. Демек, бұл істің жылдамдығы Пар­ламенттің жаңа заңды қанша­лықты тез қабылдауына да тәуелді болмақ.  

Шенеуніктер армиясы: санақ

Қазақстанда қазіргі кезде мем­ле­кеттік қызметшілердің жал­пы штат саны 97 403 бірлікті құрайды. Соның ішінде саяси мемлекеттік қызмет­шілердің, яғни биік лауа­зымды тұл­ғалардың штат саны – 715, әкім­шілік қызметшілер шта­ты – 96 688 («А» корпусы – 84, «Б» кор­пусы – 96 604). Әлгінде бұл орындардың біразы бос тұрғаны айтылды. Сонда мем­қыз­метте нақты қанша шенеунік жұ­мыс істеп жүр? Жалпы, республикада мемқыз­метшілердің нақты саны 89 мың 5 адамды ғана құрайды. Бұл жалпы штат санының 91,4%-і. Оның ішін­де саяси қызметшілер, ірі бас­тық­тар – 699 (штат санының 97,8%, тиісінше, 2,2 проценті бос), «А» корпусының әкімшілік қызмет­шілері – 80 адам (95,2%), «Б» корпусының әкімшілік қызметші­лері – 88 226 адам (91,3%). Шендінің барлығы бірдей ас­танада отырған жоқ. Орталық мем­ор­гандарда 46 464 адам қызмет атқа­руда: саяси – 381, «А» корпу­сы – 63, «Б» корпусы – 9 406, ау­мақ­тық бөлімшелерде «Б» корпу­сы – 36 614 адам. Жергілікті меморгандар мен әкімдіктерде 42 541 адам жұмыс істейді: саяси – 318, «А» корпусы – 17, «Б» корпусы – 42 206. Мұның 1 мың 64-і мәслихат аппараттарында еңбек етуде. Сол себепті шенеуніктерді қыс­қарту науқанына ауыл-аймақ­тағы тұрғындар да ілігіп кетеді. Әйтпесе, ауылда мемлекет ең ірі жұмыс беру­ші екені мәлім. Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов бір мәселеге тоқталды. «Қазақстанның «Мемлекеттік қызмет туралы» заңының 4-бабына сәйкес мемлекеттік қызмет тең мән­ді жұмысты орындағаны үшін тең еңбекақы төлеу қағидатына негіз­делуі тиіс. Мұғалім, дәрігер секілді әлеуметтік сала жұмыс­­­­кер­лерінің жалақысын ұлғайту мәселесі жыл сайын қаралады. Ал мемқызмет­шілердің жалақысы 2016 жылдан бері көтерілген жоқ. Рас, Үкіметтің №939 қаулысына сәйкес 2018 жыл­дан бері факторлы-балды шкала негізінде еңбекақы төлеуді енгізген пилот-жоба қолға алынды. Әйткен­мен, оған көптеген облыс кірмеді», – дейді ол. Пилоттық жобадан тыс қалған облыстардағы шенеуніктер соған кірген өңірлердегі әріптестерінің әлдеқайда көп жалақы алатынына қызыға, қызғана қарап, жоғарыға шағымданумен келді. Президент тапсырмасымен енді еңбекақыны факторлы-балды шкаламен төлеу барлық өңірде енгізілмек. Жалақыдағы дискриминация кейбір өңірдегі шенеуніктер қа­тары­ның одан әрі селдіреуіне түрт­кі бол­ды. Мысалы, Солтүстік Қа­зақ­стан облысының жергілікті ат­қарушы органдарында 2020 жыл­дың бірінші жартысында штат са­ны 50-ге – 2 907-ден 2 857-ге кеміпті. Петро­павлдан – 9, аудан­дардан 41 шенді кетіп қалған. Бүгінде орталық мемор­гандардың аумақ­тық бөлімше­лерін қоса алған­да, СҚО-дағы барлық шенді­нің жалпы штат саны 4 798 бірлікті құрайды, алайда нақты саны 4 268 ғана. 530 лауазым бос тұр. Бұл – 11%-і!  

Шығыны – елдікі, табысы – өзінікі

Егер ірі қалаларда, әсіресе ме­га­полистерде қысқарып қалған шенеу­ніктер бизнеске, үкіметтік емес ұйымдарға, жеке секторға кетсе, ал өңірлерде, шекаралас об­лыс­тарда мемлекеттік қызмет­шілер мен ма­ман­дар, негізінен шетелге, іргедегі Ресейге кетіп жатыр. HR-саласының маманы Ренат Каримов ұлттық компания мен холдингтерде босатылып жатқан маманның көбі жеке сектордан еркін жұмыс тауып алатынына на­зар ау­дартады. – «Айналмалы есіктер пробле­­масы» (проблема вращающихся дверей) деген құбылыс бар. Қара­пайым сөзбен түсіндірсек, ірі ком­пания не инвестор мемлекеттің ар­зан заемын алуды, мемлекеттің суб­сидиясына, жеңілдіктері мен префе­ренцияларына, ұлттық ком­паниялар көрсететін өзге қызмет­терге қол жеткізуді қалайды делік. Ол тиісті мемкәсіпорынға не ұлт­тық компа­нияға жүгінеді. Сонда істейтін бір лауазымды қызметкер немесе маман оған қамқорлық көрсетеді, елпілдей жүгіріп жүріп барлық құ­жаттар пакетін жинап бере­ді. Сөйтіп, көзге түседі, «ви­зитка» алма­сады. Кейін ол қыз­метінен кеткенде алғыс ретінде сол ком­паниядан орын таба­ды. Тіпті, осы арқылы болашақ­тағы жаңа жұмыс орнын алдын ала сайлап қоятындары да жетерлік, – дейді сарапшы. Кейбір ұлттық компания мен холдинг штатын қағаз жүзінде қыс­қартқанымен, іс жүзінде оны аутстаффингке шығаруда. Мәсе­лен, «ҚазАгро» холдингі мың шақ­ты қызметкерін қысқартқанын және бұдан 3,2 миллиард теңге үнемде­летінін мәлімдеген. Шы­нын­да, бұл қызмет аутсорсинг пен аутстаф­фингке берілген екен: осы құралды пайдаланған ол сырттан маман тартуға шығындалуда. Ашық дерек­көздерде жарияланған ақ­парат­қа сәйкес, «ҚазАгро» биыл 18,8 мил­лион теңгеге «холдинг үшін персонал қызметтерін ұсыну» лоты бойынша тендер өткізген. Оның алдында ұқсас жолмен тағы 85 миллион теңгеге персонал қыз­меті сатып алынған. Кем де­генде 15 қызметкердің қыз­меті хол­дингке осынша ақшаға түс­пек. Бұл тәсілге өзге де ұлттық ком­па­­ниялар мен холдингтер жүгі­ніп жатқаны жасырын емес. Бұлай бара берсе, шенеуніктерді қысқарту бюджетке көп үнем әкел­мес, керісінше, мемор­гандармен және ұлттық компания­лармен ымы­­­­­­­ра­лас аутстаффинг және аутсорсинг компанияла­рының қо­жайындарын байытатын тетікке айналып кетуі ғажап емес.  

Елдос СЕНБАЙ