Иә, ондай уәде бар. Нақты міндет те қойылған. Биылғы 1 қыркүйекте жарияланған Жолдауында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппарат және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту мерзімін жеделдетуді тапсырды. Биыл олардың саны 10%, келесі жылы 15% азайтылады. Осылайша, 2021 жылы шенділер санын 25 пайызға қысқарту мәселесі шешілуі тиіс. Бұрын бұл процесті тек 2024 жылы аяқтау көзделген. Бірақ мұнымен тоқтамауы мүмкін: Қ.Тоқаев осы науқан нәтижесінде және цифрландыру үдерісін ескере отырып, әрі қарай қысқарту туралы шешім қабылданатынын қосты.
Қысқарту не үшін қажет?
Біріншіден, таң азаннан қас қарайғанша жұмысында тапжылмай отыратын мемлекеттік қызметшілер жалақының аздығына шағымданады. «Еңбекақысы аз мемлекеттік қызметшінің қоғам үшін пайдасынан зияны көп!», – деді Президент. Сондықтан қысқартудан үнемделген қаражат қалған қызметкерлердің жалақысына жұмсалмақ. Психолог Гүлбану Үмбетжанованың байламынша, мемқызметшінің төмен айлығы оның жеке өміріне де нұқсан келтіреді, бақытсыз етеді. «Елімізде шенеуніктердің жалақысы сонша көп емес екені белгілі. Ол үйіне келгенде жұбайы, балалары, ата-анасы, туыстарының: «анау керек», «мынау жетпейді», «мынаны сатып алғым келеді» секілді қарша бораған тілектерінің астында қалады. Әпере алмаса, басы қор болады, табысты шенділермен салыстырылып, кемсітіледі. Әйелдердің көбі ақшаның аздығы, шетелдік саяхатқа шыға алмағаны, сән-салтанатқа батып, үлде мен бүлдеге оранбағаны үшін күйеуіне қысым көрсетеді. «Пайда таппасаң неменеге бастықсың!» деп ұялтады. Бұл қыспақтан арылу әрі отбасын сақтап қалу үшін шенеунік тұйықтан шығар жол, «тұтқиылдан» табар табыс іздейді. Салдарынан жұбайы мемқызметшіні коррупцияға итермелейді», – дейді отбасылық психология жөніндегі сарапшы Г.Үмбетжанова. Ол МӘСҚ бұрынғы басшысы Айбатыр Жұмағұловты осының жарқын үлгісі ретінде атады: оның зайыбы Гүлбаршын әлеуметтік желіде пост жазып, 30 жылдық мерейтойына күйеуінің 12-ші автокөлікті сыйға тартқанына мақтанды. Бұл қоғам тарапынан қатаң сынға ұшырап, ақыры Жұмағұлов шектен тыс салтанатқұмарлығы үшін жұмысынан қуылды. Осы орайда, психолог шенеуніктер емес, оның жұбайлары үшін түрмеге экскурсия ұйымдастырылуы керек деп санайды. Олар дүниеқоңыздықтың ақыры неге соқтыратынын ұғынар еді. Екіншіден, қаптаған шенеуніктер армиясы мен квазисектор персоналын ықшам, жинақы күйге келтіруді заманның өзі талап етіп отыр. Үлкен штат саны бар, оралымсыз «супергигант» министрліктер мен ұлттық компаниялардың дәуірі өтіп бара жатыр. Жаңа құрылымдар халықтың және экономиканың нақты мәселелерін шешуге күш-жігер шоғырландырғаны жөн. Мемлекет басшысы сан алуан көрсеткіштер мен ұлы мақсат – индикатордан тұратын алып мемлекеттік бағдарламалар әзірлеуді тоқтатуды бұйырды. Қазақстан барша азаматқа түсінікті, қысқа әрі нұсқа ұлттық жоба форматына көшеді. Үшіншіден, мемлекет жұртшылыққа жоғарыдан қабақ түйе қарамай, қоғамға сенім білдіруі керек. Яғни, Үкімет бәрін өзі жоспарлап, өзі шешіп, өзі бақылауын доғаруы, енді жеке сектор мен қоғам өкілдерін толыққанды серіктес ретінде қабылдап, осы жұмыстың барлық кезеңіне – жоспарлауға, орындауға және бағалауға тартуы керек. Бұл да Президенттің тапсырмасы. Тиісінше, көптеген құрылымға және ондағы шенеуніктердің қызметіне деген қажеттілік болмайды. Төртіншіден, коронавирус індеті қолданыстағы мемлекеттік басқару жүйесінің ескіргенін паш етті. COVID-19 кеселінен қорғану үшін шенеуніктердің және квазисектор қызметкерлерінің 80 пайызы «қашықтан жұмыс істеуге» көшірілді. Оның біразы ештеңе істемей, жалақысын алып, үйінде отырды. Мемқызметтің 80 пайыздайы халыққа электронды түрде көрсетілді, яғни негізгі күш ІТ мамандарына түсті. Бұл жайт мемлекеттік аппаратты қысқартуға болатынын аңғартуда. Сол себепті Қазақстан мемқызмет жүйесін ретке келтіріп, қайта құруға кірісуде.Алыптар дәуірі аяқталды
Жыл аяқталып қалғанына қарамастан қандай министрлікте, не ұлттық компанияда қанша адам қысқартылатынына қатысты нақты тізім жоқ екен. «Президент айтқан қысқарту науқаны қашан басталады?» деген сауал мемқызметшілерді де, қоғамды да қызықтырып отыр. Ал жаңа министрлік, бюро және қос агенттіктің құрылуы шенеуніктер штатының өсуіне ықпал етпейтін көрінеді. Өйткені бұл меморгандар бұрыннан бар, тек мәртебесі өзгереді, жаңа өкілеттіктер мен функцияларға ие болады. Мәселен, Төтенше жағдайлар министрлігімен – ІІМ, Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері штат бөліседі. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі – Ұлттық экономика министрлігінің штатынан өз еншісін алады. Айтқандай, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі де еліміздің бас экономисі Руслан Дәленовтің ұжымын азайтады. Нәтижесінде, депутаттар «супергигант-министрлік» атаған, яғни мемлекеттік материалдық резерв, статистика және халық санағы, табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау секілді сан алуан секторды қанатының астында біріктіріп келген Ұлттық экономика министрлігі алыптығын жоғалтады, кішірейеді. Соның арқасында көп кеменің басын ұстап, әр істі бір шалмай, басты бағдары – экономика істеріне бар күшін жұмылдыруға мүмкіндік алады. Тағы бір «супергигант» – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі де ТЖМ-ның құрылуына байланысты бір бөлігінен айырылады. Сарапшылар болашақта бұл министрліктің өзі таратылуы ықтимал деген болжам айтады. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова «Казправдаға» берген үлкен сұхбатында да қысқартудың қашан басталатынын айтпайды. Тек оған алдымен онсыз да бос тұрған орындар (вакансия) ілігетінін нақтылады. – Алдағы қысқартудың ауқымы салмақты. Алайда бұл «механикалық процесс» емес, жан-жақты ойластырылған оптимизация болады. Оның түпкі мақсаты – жинақы әрі тиімді мемлекеттік аппарат қалыптастыру. Бүгінде саяси және әкімшілік лауазымдардағысын қоса алғанда, елде 97 мыңдай мемқызметші бар. Бұл экономикалық белсенді халықтың 1,1%-і. Мемлекеттік қызметтегі тұрақты бос орындардың жалпы саны 8 мыңға жетеқабыл, яғни мемаппараттың жалпы санының 8,5%-і. Оңтайландыру қолданыстағы және ықтимал бос орындарды ішінара жою есебінен жүргізіледі. Бұған қоса, жыл сайын мыңдаған шенеунік зейнеткерлікке шығады. Сондай-ақ шамамен 6мыңы жеке секторға немесе басқа да ұйымдарға кетеді. Бұл ретте, біз «солардан босаған орындарға жаңа маман алу керек пе, әлде қысарта салған дұрыс па?» деп бағамдаймыз, – деді Анар Жайылғанова. Агенттік басшысы «мұның барлығын жүзеге асыру үшін қолданыстағы мемқызмет туралы заңнамаға өзгерістер енгізілуі керек», – дейді. Демек, бұл істің жылдамдығы Парламенттің жаңа заңды қаншалықты тез қабылдауына да тәуелді болмақ.Шенеуніктер армиясы: санақ
Қазақстанда қазіргі кезде мемлекеттік қызметшілердің жалпы штат саны 97 403 бірлікті құрайды. Соның ішінде саяси мемлекеттік қызметшілердің, яғни биік лауазымды тұлғалардың штат саны – 715, әкімшілік қызметшілер штаты – 96 688 («А» корпусы – 84, «Б» корпусы – 96 604). Әлгінде бұл орындардың біразы бос тұрғаны айтылды. Сонда мемқызметте нақты қанша шенеунік жұмыс істеп жүр? Жалпы, республикада мемқызметшілердің нақты саны 89 мың 5 адамды ғана құрайды. Бұл жалпы штат санының 91,4%-і. Оның ішінде саяси қызметшілер, ірі бастықтар – 699 (штат санының 97,8%, тиісінше, 2,2 проценті бос), «А» корпусының әкімшілік қызметшілері – 80 адам (95,2%), «Б» корпусының әкімшілік қызметшілері – 88 226 адам (91,3%). Шендінің барлығы бірдей астанада отырған жоқ. Орталық меморгандарда 46 464 адам қызмет атқаруда: саяси – 381, «А» корпусы – 63, «Б» корпусы – 9 406, аумақтық бөлімшелерде «Б» корпусы – 36 614 адам. Жергілікті меморгандар мен әкімдіктерде 42 541 адам жұмыс істейді: саяси – 318, «А» корпусы – 17, «Б» корпусы – 42 206. Мұның 1 мың 64-і мәслихат аппараттарында еңбек етуде. Сол себепті шенеуніктерді қысқарту науқанына ауыл-аймақтағы тұрғындар да ілігіп кетеді. Әйтпесе, ауылда мемлекет ең ірі жұмыс беруші екені мәлім. Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов бір мәселеге тоқталды. «Қазақстанның «Мемлекеттік қызмет туралы» заңының 4-бабына сәйкес мемлекеттік қызмет тең мәнді жұмысты орындағаны үшін тең еңбекақы төлеу қағидатына негізделуі тиіс. Мұғалім, дәрігер секілді әлеуметтік сала жұмыскерлерінің жалақысын ұлғайту мәселесі жыл сайын қаралады. Ал мемқызметшілердің жалақысы 2016 жылдан бері көтерілген жоқ. Рас, Үкіметтің №939 қаулысына сәйкес 2018 жылдан бері факторлы-балды шкала негізінде еңбекақы төлеуді енгізген пилот-жоба қолға алынды. Әйткенмен, оған көптеген облыс кірмеді», – дейді ол. Пилоттық жобадан тыс қалған облыстардағы шенеуніктер соған кірген өңірлердегі әріптестерінің әлдеқайда көп жалақы алатынына қызыға, қызғана қарап, жоғарыға шағымданумен келді. Президент тапсырмасымен енді еңбекақыны факторлы-балды шкаламен төлеу барлық өңірде енгізілмек. Жалақыдағы дискриминация кейбір өңірдегі шенеуніктер қатарының одан әрі селдіреуіне түрткі болды. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органдарында 2020 жылдың бірінші жартысында штат саны 50-ге – 2 907-ден 2 857-ге кеміпті. Петропавлдан – 9, аудандардан 41 шенді кетіп қалған. Бүгінде орталық меморгандардың аумақтық бөлімшелерін қоса алғанда, СҚО-дағы барлық шендінің жалпы штат саны 4 798 бірлікті құрайды, алайда нақты саны 4 268 ғана. 530 лауазым бос тұр. Бұл – 11%-і!Шығыны – елдікі, табысы – өзінікі
Егер ірі қалаларда, әсіресе мегаполистерде қысқарып қалған шенеуніктер бизнеске, үкіметтік емес ұйымдарға, жеке секторға кетсе, ал өңірлерде, шекаралас облыстарда мемлекеттік қызметшілер мен мамандар, негізінен шетелге, іргедегі Ресейге кетіп жатыр. HR-саласының маманы Ренат Каримов ұлттық компания мен холдингтерде босатылып жатқан маманның көбі жеке сектордан еркін жұмыс тауып алатынына назар аудартады. – «Айналмалы есіктер проблемасы» (проблема вращающихся дверей) деген құбылыс бар. Қарапайым сөзбен түсіндірсек, ірі компания не инвестор мемлекеттің арзан заемын алуды, мемлекеттің субсидиясына, жеңілдіктері мен преференцияларына, ұлттық компаниялар көрсететін өзге қызметтерге қол жеткізуді қалайды делік. Ол тиісті мемкәсіпорынға не ұлттық компанияға жүгінеді. Сонда істейтін бір лауазымды қызметкер немесе маман оған қамқорлық көрсетеді, елпілдей жүгіріп жүріп барлық құжаттар пакетін жинап береді. Сөйтіп, көзге түседі, «визитка» алмасады. Кейін ол қызметінен кеткенде алғыс ретінде сол компаниядан орын табады. Тіпті, осы арқылы болашақтағы жаңа жұмыс орнын алдын ала сайлап қоятындары да жетерлік, – дейді сарапшы. Кейбір ұлттық компания мен холдинг штатын қағаз жүзінде қысқартқанымен, іс жүзінде оны аутстаффингке шығаруда. Мәселен, «ҚазАгро» холдингі мың шақты қызметкерін қысқартқанын және бұдан 3,2 миллиард теңге үнемделетінін мәлімдеген. Шынында, бұл қызмет аутсорсинг пен аутстаффингке берілген екен: осы құралды пайдаланған ол сырттан маман тартуға шығындалуда. Ашық дереккөздерде жарияланған ақпаратқа сәйкес, «ҚазАгро» биыл 18,8 миллион теңгеге «холдинг үшін персонал қызметтерін ұсыну» лоты бойынша тендер өткізген. Оның алдында ұқсас жолмен тағы 85 миллион теңгеге персонал қызметі сатып алынған. Кем дегенде 15 қызметкердің қызметі холдингке осынша ақшаға түспек. Бұл тәсілге өзге де ұлттық компаниялар мен холдингтер жүгініп жатқаны жасырын емес. Бұлай бара берсе, шенеуніктерді қысқарту бюджетке көп үнем әкелмес, керісінше, меморгандармен және ұлттық компаниялармен ымыралас аутстаффинг және аутсорсинг компанияларының қожайындарын байытатын тетікке айналып кетуі ғажап емес.Елдос СЕНБАЙ